Қытай Коммунистік партиясы сыртқы қысымдар күшейген тұста ішкі қарсылықты тежеп, билікті партия жетекшісіне ұйыстыру үшін, сондай-ақ, экономикалық даму қарқыны әлсіреген кезде қаржы алыптарын бақылауды арттырып, экономиканы саясиландыра түсті. Коммунистік билік соның нәтижесінде мемлекет қазынасын толтырудың жаңа жолдарын таба алды, алайда бұл ұзақ мерзімдік ұлттық мүддеге кері әсерін қазірдің өзінде көрсете бастады. Айталық, шетелдік ірі өндіріс алыптарының Қытайдан шығып кетуі былай тұрсын, Қытайдың отандық технология алыптары да ҚКП тегеурінінен құтылу үшін шетел аса бастады. Айталық, ішкі-сыртқы қысымдардан Қытайдың интернет-алыптары Сингапурдағы бизнесін кеңейтуде.
Қытайдағы интернет-коммуникация және ойын бағдарламалар алыбы Tencent Сингапурда Азиялық штаб-пәтерін ашпақ. TikTok-тің бас компаниясы ByteDance да аймақтық штабын Сингапурда құрғаннан кейін жедел кадр жинауға кірісті. Міне осы секілді барған сайын табысы артып келе жатқан компаниялар бизнес-платформаларын қытайлық реттеуші органдар шектеген кезде, олар бизнесті кеңейтудің бағытын өзгертті. Оның өзінде де олар өз бағытын қарқынды дамып келе жатқан Оңтүстік-Шығыс Азияға қарай бұрды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, технология және интернет сауда алыптарының Қытайдан сыртқа шығуына ішкі және сыртқы факторлар әсер етті. Сырты факторлар ретінде Батыс елдері мен Қытай арасындағы сауда қақтығыстарынан келіп шыққан шектеулер, шетелдік санкциялардан болды. Саяси теке-тірестер экономикалық шектеулерге алып келіп, бұл Қытайдың технология алыптарының шетелдегі нарығын қысқартты. Тіпті Қытайдың бірнеше технология компаниясы банкрот болды. «Хуавей» сынды Қытайдың ең ірі технология компаниясы Батыс елдеріндегі қарқынды өсіп келе жатқан базарын жоғалтты.
Бұған қоса Қытай компанияларына ішкі қысымдар да күшейген. Айталық, Қытай коммунистік билігі бірнеше ірі компанияларға көлемді айыппұл салатынын мәлімдеген. Сондай-ақ, танымал миллиардерлерді де саяси сұрақтарға тартып, оның артындағы ірілі-ұсақты қалталыларды қорқытты. Мене осындай факторлар Қытайдағы интернет және технология алыптарын ел ішінде де еркін кеңейе алмайтын, Батыс нарығына да шыға алмайтын күйге түсірді. Бұл ретте Батыспен де, Шығыспен де бейтарап қарым-қатынастағы Сингапур сынды халықаралық қаржы орталығы Қытайдан ығысқан компаниялардың аялдамасына айналды.
Қытай капиталдарының көптеп келуі Сингапур үшін мейлінше қуанарлық жағдай. Синапур бұл орайда өзінің коронавирус пандемиясынан жабырқаған экономикасының орынын толтырып, енді бір жағынан өзін технология орталығы ретінде көрсете алады. Ең қызығы, Оңтүстік Шығыс Азияға Қытайдың ғана емес америкалық Facebook, Google және Twitter секілді технология алпауттары да жиналуда. Бұл өңірдің болашақтағы экономикалық даму көрсеткішінде көшбасшы аймаққа айналуы мүмкін екендігін де растай түседі.