Қытай қазіргі кезеңде бірқатар тарихи күрделі мәселелерге тап келіп отыр. Оңтүстік Қытай теңізі қайшылығынан тартып, Оңтүстік Тынық мұхит аралды елдері үшін АҚШ және Аустралия (Австралия) елдерімен болған бәсеке, Азиядағы Қытай-Үндістан бәсекелестігі, Үнді-Тынық мұхиттағы лидерлікке талас, сондай-ақ, «Бір белдеу, бір жол» аясында Орталық Азия, Орта-Таяу Шығыс елдерімен қалыптасқан жаңа қатынас қатарлы. Ең маңыздысы қазір АҚШ-Қытай арасында сауда соғысы басталды. Қытайдың ішінде әлеуметтік толқулардың алғашқы бейнелері көріне бастады. Осыларға байланысты Қытай билігінің қолдануы мүмкін шаралары туралы Елдес Орданың бірқатар соны пікірлерін ұсынып отырмыз.
Әлемдік алпауытты елдер Қытайға шындап ықпал жасай бастаса Қытай бір емес бірқанша реакция көрсетуі мүмкін:
Бірінші, "бөрі арығын білдірмес" дегенді саяси тәсілге айналдырып қанша іштен шірісе де жүнін қампитып көрсетіп тұрып алуы мүмкін. Бұл Қытайды мемлекет пен компартияның соғысына әкеп тірейді... Онда елдегі либералды демократтарға жақсы орай болады. Десе де, партияға жақтасса Мемлекетке қауіп төнетін, Мемлекетке жақтасса партияға қауіп төнетін жағдай бұған дейін де көп мәрте болған. Бірақ та Қытайдың коммунисттік саяси институты Мемлекет пен партияны тең сақтап қалудың күресін жасап келеді. Алда да сол үшін күрес жүреді, сол себепті тосыннан жасалатын саяси, әлеуметтік һам экономикалық реформалар жүз беруі мүмкін.
Екіншісі, қытай "намысшыл" халық, қытай саясаткерлері тіптен "намысшыл". Олар "халықаралық ұйым, халықаралық құқық қытайдың тізесін бүктірді" дегізбес үшін яғни бұл мәселені халықаралық ұйым мен алпауытты елдер араласуымен зорлықты болғызды дегізбес үшін "стиль дұрыстау", "партия ішіндегі солшыл қателікті сын тезіне алу", "қателіктің орнын толықтау" дейтін т.б. мемлекеттік маңызды құжат қабылдап (доктрина) мәселені сипай қамшылап, біз ешқашан халықаралық ұйымдардың қысымымен санасқан жоқпыз немесе "халықаралық құқық пен норманы бұзған жоқпыз" деп кемшілікті мемлекет пен партияға кезетпей бірер тұлғаға арта салуы мүмкін және артық кеткен саяси салқынды біртіндеп бәсеңдетуі мүмкін. Бұндай іс бұған дейін де қайталанған, меніңше алда да қайталайды. Өйткені, бұндай саясатпен ұзақ шыдап тұра алмайтынын, ұзаққа бармайтынын ең әуелі қытайдың өзі жақсы біледі.
Жалпы қытай коммунистерінің саяси тарихы дәл осылай құқықтық нормаларды бұзумен, аттап өтумен немесе жалтарумен әйгілі. Бұған таңғалудың еш қажеті жоқ және компартияға деген шексіз махаббат пен сенімді азайту керек (қытайдағы қандастар үшін). Әр кім өз құдайына, өз потенциалына сенуі керек. Өйткені "алпыс жыл компартияға сеніп, қырық жыл адал еңбек етсе де" бүкіл еңбекті бір-ақ күнде жоққа шығара салды.
Үшіншісі, Қытайдың бұл саясаты қытайдағы олигархтар арасындағы күресті одан ары шиеленістіреді. Бұның соңы партия ішіндегі бақталастарға да жетеді. Олар жаңа саяси реформаға "жүкті" болады. Оның "толғағы" алда жаңа саяси боздақтарды дүниеге әкеледі. Әрине, төңкеріс қан төгіссіз де болмайды, қантөгіс де болады...