Шанхай Ынтымақтастық Ұйымның (ары қарай ШЫҰ) Чиңдау (Циндао/Qingdao) саммиті жексенбі күні түстен кейін аяқталды. Бұл рет Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ кеңесіне толық мүше ретінде қатысты. Кезекті саммиттің ерекшелігі, әлемдегі бірқатар маңызды саммиттермен тұспа тұс келді. Айталық Канадада өтіп жатқан G7 саммитымен қатар өтті және Трамп-Ким кездесуінен бірер күн бұрын болды.

Сонымен бірге ұйымға мүше елдердің лидерлері Қытайға сапарлай барып, жекелеген кездесулерді де өткізді.  ҚХР төрағасы Ши Жинпиң кеңесте сөйлеген сөзінде, Үндістан мен Пәкістанның ұйымға толық мүше болғаннан кейін ірі жетістіктерге жеткенін атап өтті. Ал Қытайдың ресми БАҚ-тары «Барлық әлем түбекке жиналды» деген көзқарасты үгіттеуге тырысты.

Чиңдау саммитіне Қытай басшысы Ши Жинпиң төрағалық етті. Әрі, қатысушы елдерге «Чиңдау декларациясы» және «Саудаға жәрдемдесу бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі» жасалды. Ал, Қытай басшысы оған қарсы екенін білдіріп, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы баса айтты. Айталық, «Үш қауіпке» соққы беру, сондай-ақ, «Бір белдеу, бір жол» құрылысын ілгерілетуді ортаға салып, ол үшін Қытай 30 миллиард юань көлемінде баламалы арнайы несие беретінін де атап өтті.

Осы тұста Жапонияның «The Japan Times» басылымы Ұлыбритания парламентінің жоғарғы палатасының Халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Лорд Дэвид Хоуэллдің мақаласын жариялады. Онда Батыстағы либералистік күштер Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын теріске шығаратынын, әрі алаңдаушылық білдіріп келгені айтылады. Мақалада ШЫҰ-ны әлсіз ұйым деп бағалап, Еуропалық Одақ немесе НАТО секілді орталықтандырылған жүйе мен үйлестіру құрылымы жоқ екенін алға тартқан. Сонымен бірге, аталмыш ұйымның жалпы мақсаттары туралы сөз еткенде, ШЫҰ Еуропа мен Америкаға қарсы бірлік ретінде құрылғанын, сондықтанда ұйым үлкен қайшылықтарға жол ашуы мүмкін деген көзқарасты айтады.

Дегенмен, аталған мақалада, шиеленісті жағдайда келе жатқан Үндістан мен Пәкістанның ұйымға ресми мүше болуы және әлем халық санының жартысына жуығын иеленіп отырғанын, бір алып жүйеге айналып келе жатқанын да баса айтып өткен.

Шын мәнісінде Үндістан мен Пәкістан арасындағы ұзақ уақыттық қайшылықтарға, Қытай-Үндістан арасындағы шекаралық дау мен бір-бірін стратегиялық қауіпті ел деп санайтынына қарамастан, өткен жылы Исламабад пен Жаңа-Дели ШЫҰ-ға мүше болуға шешім қабылдады. Сондықтанда ШЫҰ-ның кезекті саммиті жалпы жағынан тұрақты және прогрессивті деп санайтын көзқарас та әлем ақпарат кеңістігінде көптеп айтылуда. Себебі, ШЫҰ-ның басты міндеті ретінде терроризмге қарсы күрес басты орынға қойылған. Ал, дәл осы мәселе бойынша ұйымға мүше мемлекеттер арасында пікір қайшылығы, айырмашылықтар өте аз. Сондықтан да, аталмыш ұйым оңай ұйысып, дамуы да ғажап емес. Тіпті, Үндістан мен Пәкістан арасындағы қайшылықтарды, Қытай-Үндістан шекаралық қақтығыстары мен дауды шешуде де ұйым өз ықпалын көрсетуі мүмкін.

Бұл ойды тарата айтар болсақ, Үндістан мен Пәкістан арасында осы кездесуден кейін ортақ бағыттар пайда болмақ. Айталық, ұйымның терроризмге қарсы күресі, аталған екі елге ортақ бағыт болып қалмақ. Бұдан барып ШЫҰ-ның бірлескен ынтымақтастық шеңберінде Үндістан-Пәкістан ынтымақтастығы қалыптасуы мүмкін. Бұның сыртында терроризмге қарсы күрес негізінде Шығыс Азия елдері, Қытай, Ресей Үндістан және Пәкістан елдері одақтасқан. Мұндай көпжақты ынтымақтастық, кейбір екіжақты қайшылықтарды – Үндістан-Қытай, Үндістан-Пәкістан қайшылығын түбегейлі шешпесе де, жеңілдете түседі.

Қытайдың Жаңа дәуір халықаралық қатынастар институтының Қауіпсіздік және қауіпсіздікті бақылау орталығының директоры Ли Вей VOA NEWS-ке берген сұхбатында: «Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға толық  мүше болды, демек мүше ел ретінде ұйымның конвенциясына сәйкес қадамдар жасайды. Ұйымның негізгі бағыты мен мақсаттарына қарай отырып, олар екіжақты шиеленісті және өңірлік қақтығыстарды жеңілдетуге жәрдемдесетін болады», – деген ойын айтқан.

Кезекті саммитке байланысты тағы бір көңіл аударатын жағдай – бұл рет Чиңдау саммитін Қытай тарабы бұған дейінгі саммиттерден жоғары деңгейде дабыралы өткізді. Қатысушы елдерге қонақжайлық көрсетіп, отшашу, театрландырылған қойылымдар секілді мазмұндарын кеңейтті. Саммиттің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін билік органдары ерекше қауіпсіздік шараларын қабылдады. Қытайдың саммит өткізу кезіндегі бұндай әрекеттері әрекеттері G7 саммитіне көрсеткен қыры деуге болады. Салыстыра қарағанда, Канаданың Квебек қаласында өткен G7 саммитінде бірқатар келеңсіз жайттар орын алды. Айталық, саммит алдында Квебекте наразылық шаралары болып жатты. Сондай-ақ, сауда-саттық және тарифтер сияқты мәселелер бойынша АҚШ президенті келісімге қол қоюдан бас тартты. Бұл екеуін салыстырған былайғы жұрт, Чиңдау саммитіне қарағанда G7 саммиті «Салқын», «Жүгенсіз» өтті деп қарайтындай. Бұған Қытай ресми ақпарат құралдарының ақпараттық соққыларын қосыңыз. Сол арқылы Қытай билігі әлем назарын осы ұйымға аудартуға тырысты.

Екі саммитті салыстыра қараған халықаралық сарапшылардың пікірлерін шолып шыққаннан кейін мынадай қорытындыға келуге болады: G7 болса саяси, экономикалық және мәдени салаларды қамтитын, күн тәртіптегі мәселелері тым үлкен, бір-екі отырыс арқылы шешім табуы қиын мәселелер. Сондықтан Канадада өткен саммиттің шашыраңқы, "салқын" өтетіні табиғи.  Ал, Чиңдау саммиті терроризмге қарсы мәселелерге ғана шоғырланғандықтан,  прогреске жету оңай. Бұған Қытай үкіметінің дабыралы күн тәртіптері, кезекті жиналысты дабыралы деңгейге көтерген.

Чиңдау саммитінде Үндістан, Пәкістан сынды жаңа мүшелерінен тыс, Иран, Монғолия, Ауғанстан және Белоруссия сияқты елдерге бақылаушы мәртебесін берген. Сондай-ақ Түркия, Непал, Камбоджа, Әзірбайжан, Армения және Шри-Ланкада диалогтық серіктестері де бар.  Бұдан ШЫҰ-ның болашақта осы аталған елдерге қарай кеңеюі мүмкін екені де болжай айтылып жатыр. Әрі, терроризмге қарсы күрес мақсатында бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу ұйымның әскери ықпалын да арттыра түсетіні анық.

ШЫҰ  Қытай үшін тиімді екені айтпаса да түсінікті. Мамыр айында, Трамп АҚШ-тың Тынық мұхит қолбасшылық штабына бірқатар өзгерістер жасады. Бұны сырт көз сыншылар, Қытайдың Тынық мұхиттағы ықпал орынын иемденуге тырысу деп бағалады. Осыдан кейін Қытай мен АҚШ арасында Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі аз болмаған қайшылықтарға ұласты. Бұл тұрғыда Қытай тарабы ШЫҰ-ны АҚШ-тың Тынық мұхиттағы ықпалына қарсы пайдалануы мүмкін деген көзқарастарда бар. Алайда, Қытайлық саясаттанушылар бұны терістеп әлек. Олар бұл жайында ШЫҰ Қысқа уақытта Тынық мұхит өңірінде АҚШ-қа қарсы күш болып біріге алмайды деген уәжін айтады.

Шынына келсек, аталған ұйымдағы мүше елдердің «ойы онға, санасы санға бөлінген». Тіпті басым көп елдің Тынық мұхит өңірімен мүдделік алақасы жоқ. «Шанхай бестігі» 2001 жылы «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы» болып құрылғаннан бері, халықаралық қауымдастық пен институттардың ұйымның мәртебесі мен қуатына деген пікірлері әртүрлі болып келді. Кейбір пікірлерде, ШЫҰ-ны негізінен Қытай, Ресей және бұрынғы Кеңес құрамында болған Орта Азия елдері жағынан құрды. Оны «Қырғиқабақ соғысы» кезіндегі «Варшава келісімі» немесе «Қырғиқабақ соғысынан» кейін де өз ықпалын сақтап қалған НАТО ұйымымен салыстыруға болмайды деп қарайды. Тіпті оның пайда болуы қандай да бір салмақты иеленбейді деп қарады. Бірақ, қазіргі Батыс елдерінің және өзге елдердегі БАҚ ШЫҰ-ның болашақ даму потенциалын, АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхит стратегиясына төндіретін қаупін жоққа шығармайды.

Қалай болған күнде де,  Қазақстан Азиядағы ең алып елдермен қатар осы көшке көлігін қосты. Ұйым ішіндегі беделі жағынан қазір Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші ел болып саналады. Қазақ қоғамында қазіргі қазақ-қытай қатынасына байланысты ШЫҰ ұйымына да түрлі көзқарастар айтылады. Бұндай көзқарастарға төрелік айтуға құқығымыз жүрмегенімен, әлем ақпарат кеңістігіндегі осы айтылымдарды назарына, ой сарабына ұсыну – парызымыз.

Ұйымның жалпы бағытынан алып қарағанда, таяу жылдарда Қытай мүддесі үшін түбегейлі қызмет істеп кетпейтіні анық. Ресей, Үндістан секілді Қытайдың өңірдегі басты әріптестері де мүше болған ұйым бір Бейжіңнің дегенімен кетуі неғайбыл. Қазіргі жағдайда аталған ұйымның терроризмге қарсы күресті басты орынға қоюы, Орта Азияда маңызды күн тәртіпте тұрған қауіпті жағдайлар тұсында Қазақстан үшін тиімді жағы да бар. Олай дейтініміз, Қытайдағы қандастардың мәселесінің бір ұшы да қазіргі Орталық Азия мен Батыс Қытайға төніп тұрған терроризм қаупінде жатыр. Ал ШЫҰ арқылы Қытаймен терроризмге қарсы күрестегі одақтас болып отырған Қазақстанға, ондағы қандастардың қиыншылығын жеңілдетуге орай тумақ. Терроризмге қарсы күресте екі елдің сенімділігін, татулығын, азаматтардың қарым-қатынасын жақсарту секілді түрлі жолдар ондағы қазақ мәселесін қазақ мүддесі тұрғысынан шешуге мүмкіндік береді.

“The Qazaq Times”