Әлемнің талас-тартыс ошақтарында бір уақытта болып жатқан күрделі өзгерістер, қазіргі халықаралық жағдайды тым күрделі әрі дүбірлі күйге салды. Орта Шығыс, Еуропаның шығысындағы шиеленістермен қатар Азияның шығысындағы жағдайлар да өз өзектілігін сақтап тұр. Корей түбігі мәселесінде көптен бері үнсіздік (анығында бейтарап сыңай) танытқан Қытай, күтпеген жерден негізгі ойыншылардың бірі ретінде сахнаға шықты. Бұл сырт елдердің назарын аударуда. Бұл Шығыс Азия мәселесіне, АҚШ-Солтүстік Корея-Қытай қатынасына бір ауық назар аударуымызға түрткі болды.
АҚШ-тағы аса ықпалды «Washington Post» газеті кеше басылымның Бейжіңдегі редакциясының бұрынғы редакторы Жон Понфреттің сараптамасын жария етті. Мақалада айтылуынша, Трамптың Солтүстік Кореяға қаратқан стратегиясы, сауда мәселесі бойынша Бейжіңмен болған кірбеңдігі, АҚШ-Тайуан (Тайвань) қатынасындағы ашықтық және осыған ұқсас күтпеген шешімдері Азияда көп жылдан бері кездеспеген сирек жағдайларды жарыққа шығарғаны айтылады.
Қалай дегенменде, Трамп үкіметінің Солтүстік Кореяға қаратқан саясаты Ким Жоң Унды (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) «апанынан шығуға» мәжбүрледі. Тіпті, томаға-тұйық режим өзге елдермен бірнеше рет келіссөз кездесулерін өткізіп тастады. Тек, Трамп үкіметі ғана емес, былтыр тамыз айында Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейтуге БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де үлкен рөл атқарды.
«Уашингтон пост» жариялаған мақалада, Солтүстік Кореяның ең негізгі сауда серігі Қытай санкцияларды жеңілдетуге көмектесуге дайын. Бұл әрине Трамп пен Ши Жинпиңнің Құрама Штаттағы келіссөзінің ықпалында емес, қайта Трамп үкіметінің санкциясына ондаған жылдар бойы Солтүстік Кореяға көмектесіп келген Қытай компанияларының ілінуінде.
Аталмыш мақаласында Жон Понфрет: «Құрама Штат ежелден Қытайға белгілі дәрежеде күш қолданып келеді. Қазір Трамп үкіметі болса, бұл тактиканы барынша қолданып көруге тырысатынын анық аңғартты», – деген пікірін айтады.
Көзқарақты жұртқа белгілі, АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы келіссөз мүмкіндіктері ашылып, қарым-қатынастың жақсы жағынан дамуы Қытайды пассивті күйде қалдырып қойды. Нәтижесінде Қытай басшысы Ши Жинпиң Ким Жоң Унмен 6 апта ішін екі рет кездесу өткізіп, «Біз әлі осындамыз» дегенді аңғартты.
Бұл жағдайлар Ким Жоң Унның экономикалық дамуға шындап назар аударғанын, Оңтүстік Кореямен ынтымақтасуға, тіпті Батыс елдері және Жапониямен де қатынасты жақсартуға ден қойғанын аңғартады. Ал, Кимнің бұл қадамдары Бейжіңді ондаған жылдар бойы Солтүстік Кореяға жасаған ықпалынан ажыратып тастау қорқынышын тудырды.
Қазір Трамп үкіметінің Қытайға бағытталған өзгеше сауда саясатын жүргізіп отыр. «The New York Times» басылымының хабарына қарағанда, АҚШ Сауда департаменті қытайлық ZTE Corporation технологиялық компаниясына қарсы санкцияларды шығарған еді, өткен аптада аталған компания қалыпты жұмысын тоқтатқанын мәлімдеген. Өткен жексенбіде, Трамп Қытай басшысына ZTE Corporation мәселесі бойынша жеңілдік жасайтынын білдірді. Осы аптада Қытайдың премьер-министрінің орынбасары АҚШ-қа сапарлай барып, осы мәселелерді кеңеспек.
Бір анығы Қытайдың АҚШ ықпалынан үрейленуі, Бейжің билігінің өзге аймақтардағы саясатын өзгерістерге ұшыратты. Айталық, Қытай Үндістанмен болған арадағы қайшылықты шешуге ұмтылыстар жасай бастады. Сәуірдің соңында Қытай басшысы еліне келген Үндістан премьері Нарендра Модимен кездесті. Қытайлық ресми ақпараттық агенттіктерінің мәлімдеуінше, бұл кездесуден кейін «Қытай-Үндістан қатынасының жаңа дәуірі» басталған.
Бұған қарап, АҚШ-тың Солтүстік Кореямен болған қарым-қатынасының жылдам артуы, Қытайдың көрші елдермен болған байланысын жақсартуына септігін тигізді деуге толық негіз бар. Тіпті, Қытай қазір ел ішінде «ата жау» ретінде нәсихаттайтын Жапониямен де байланысын жақсарта түсуге тырысып отыр. Берер апта бұрын Қытай премьер-министрі Ли Кычяң Жапонияға сапарлай барды. Қытай жоғары лауазымдысының жапонияға сапарлай баруы 2009 жылдан бері болмаған еді.
Дегенмен, сарапшылардың пікіріне құлақ түрсек, Трамптың қатаң сыртқы саясаты аймақтың қауіпсіздігіне тың қатер төндіруі бек мүмкін. Америкадағы Брукингс институтының сыртқы саясат бойынша аға ғылыми қызметкері Тед Пиккон (Ted Piccone) дүйсенбі күні өткен АҚШ-тың халықаралық мәртебесі туралы пікірталас жиынында: «Трамптың сыртқы саясаты «тым тосын», шетелдер үшін күтпеген саясат, сондай-ақ бұл әдейі жасалып отыр. Оның ойы болса – біз таңқалдырамыз және жеңеміз. Ол тағы күн сайын құбылып тұрады, мүлде болжаусыз саясат», – деп бағалаған. Бұл туралы VOA News агенттігінің ресми сайтында хабарланған.
Пикконның ойынша, Трамптың бұл саясаты АҚШ қарсыластарын ортақ мүддеге ұмтылуға шабыттандырады. «Бұндай жағдай тіпті қару-жарақ жарысын бастап жіберуі мүмкін. Себебі олар (Американың қарсыластары) АҚШ-қа сенім арту мүмкін емес деп есептейтін болады. Демек, бұл өнімді әдіс емес», – деді.
Дегенмен, Қытайдың тосын белсенділігі, АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы жақындасу процесіне кері әсерін тигізгелі тұр. Бүгіндер Трамп пен Ким арасындағы келіссөз күшінен қалуы мүмкін деген де ақпараттар жетуде. Қалыптасқан көріністер халықаралық жағдайдың бір ғана өңірде емес, тұтас әлемде қайшылыққа бет ала түскенін аңғартса керек.