Аңдату:Осы апта Мьянмадағы әскери төңкеріспен басталды. Елдегі әскерилер президент Аун Сан Су Чи мен қоса билік партиясының жетекшілерін қамауға алып, елде бір жылға дейін әскери жағдай орнататынын мәлімдеді.
Ширату:
Кездейсоқтық па, әлде қайнауына жеткен елдегі саяси жағдай ма?! Қалай болған күнде де, бір жағында Қытай, енді бір жағында АҚШ пен оның Үнді-Тынық мұхитындағы одақтастары Шығыс Оңтүстік Азиядағы үстемдікке таласып жатқан кезде Мьянмада әскери төңкеріс болды. Әлем аренасында бұл аймақтың гео-стратегиялық маңызы күн санап күшейіп, ай санап артып келе жатқанын бұған дейін де көптеген сараптамаларымызда көрсеткен едік. Осындай кезде Мьянмадағы әскери төңкеріс сарапшылардың назарын өзіне аударуы заңды. Кемінде бұл төңкерістің артында өңірге ықпалын жүргізгісі келетін қос тараптың бірі тұрған жоқ па деген сауалдың туатыны анық.
Қаузау:
Әуелі, осы сараптамада қаузамақ болған сұрақтарды оқырман назарына тарталық, содан кейін сұрақтарды бір-бірлеп таратып көрелік: Мьянмадағы жағдай қалай дамып бүгінгідей күйге жетті? Әскери төңкеріске халықаралық қауымдастық және өзге елдері қандай ұстанымда болды? Қытайдың көзқарасы нені білдіреді? Мьянмадағы төңкеріс АҚШ пен Қытайдың ұлттық мүддесіне қандай әсер етпек? Төңкерістің артында Қытай немесе АҚШ тұруы мүмкін бе?
Тарату:
Мьянмадағы жағдай қалай дамып бүгінгідей күйге жетті? Егер бұл төңкерістің себебін арыдан қозғасақ ұзақ әрі таусылмас тақырыпқа жол ашамыз. Сондықтан Мьянмадағы жағдайдың қалай дамып бүгінгідей күйге келгеніне қысқаша ғана тоқталайық. Елде 2010 жылға дейін бүгінгідей әскери биліктің тұрғаны белгілі. Бұдан он жыл бұрын елдегі саяси өзгерістерден кейін Мьянма өзін демократия жолына түскен мемлекет ретінде әйгілеуге тырысты. Әскери билікті демократиялық жүйеге ауыстырудағы еңбегі үшін Аун Сан Су Чи ханым «Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын» алғанын да жұрт біледі. Ал, бүгінгі жағдайға келер болсақ, мәселе елді демократияландыруға негіздеген 2008 жылғы ел Конституциясына барып тіреледі. Бүгінгі билікті басып алған әскерилердің «Конституцияны қорғау үшін» деп қораздануы да содан. Елдік талпыныстан ба, әлде сыртқы ықпалдан ба соңғы он жылда Бирма демократияға қарай ұмтылғанымен оның нәтижесі тым көрнекі бола қоймады. Елде демократиялық өзгерістер тым аз және елдің қай бағытқа қарай жүріп бара жатқаны да анық емес бұлдыр саяси күй ақыры әскерилердің билікті төңкеріспен басып алуына ұрындырды.
Әскери төңкеріске халықаралық қауымдастық және өзге елдері қандай ұстанымда болды? Мьянмада әскерилер билікті басып ала салысымен, Жапония бастап, АҚШ, Аустралия, Канада және өзге де көптеген елдер төңкерісті айыптап шықты. Байден үкіметі Мьянма қарулы күштерін өз әрекеттерінен бас тартып, елді бейбіт жағдайға қайтаруға шақырды. БҰҰ тарабынан да қатаң болмаса да әскерилердің әрекетін терістеген мәлімдеме жасалды. БҰҰ өкілінің BBC-ге берген жауабында Бирма әскерилерінің әрекеті «елдегі демократиялық процесті түбегейлі үзіп, елдің талпынысынан болған болмашы нәтижені де жоққа шығарып, мемлекетті кері кетіру» деп бағалады және халықаралық қауымдастық тарабынан қатаң шара көрілуі керек деген пікірін білдірді.
Байқағанымыздай, Бирма қарулы күштерінің әрекеті көптеген елдер тарабынан айыпталды. Бірақ, Қытай ғана әскери төңкерісті айыптаған жоқ. Анығын айтсақ, Аун Сан Су Чидың «Демократия үшін Ұлттық лига» партиясын да, әскерилерді де жақтамады, айыптамады. Қытай СІМ өкілі ресми мәлімдемесінде: «Барлық мүдделі тараптар әлеуметтік бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, өз келіспеушіліктерін Конституция мен заң шеңберінде дұрыс шеше алады деп үміттенеміз», – деді. Ресми Бейжіңнің Мьянма жағдайына қаратқан пікірі осындай-ақ болды.
Қытайдың көзқарасы нені білдіреді?
Бейжіңнің Мьянмадағы мәселеге мұндай көзқарас танытуы, былайша айтқанда таңқаларлық іс емес. Әдетте Қытай үкіметі бір елдегі дүрбелеңді оқиғаларда өзін бейтарап көрсетеді. Азаматтық соғыс сипатты, билікті басып алу немесе партиялар арасындағы қайшылықтарда Бейжің өзін бір тарапты ұстаудан барынша сақтанады. Өзге елдердегі ішкі толқуларда Бейжіңнің бір тарапты айыптауын немесе жақтауын тым сирек көреміз. Қытайдың осындай дипломатиялық дәстүрінен алып айтқанда, Мьянмадағы әскерилердің билікті басып алуы сол елдің ішкі ісі.
Көбінше бейтараптылық таныту Қытай билігінің дипломатиялық дәстүрі екені белгілі. Бұл ең әуелі Қытайдың өзіне керек принцип. Қытай билігінің шешуге тиісті, шеше алмай келе жатқан ғасырлық ішкі проблемалары да айтақалсын көп. Оның бәрінде Бейжің сыртқы елдердің араласуын болдырмауға күш салады. Сондықтан сыртқы елдердің мәселесіне де Қытай бейтарап ұстанымда болады.
Әрине, Қытай өзінің осындай дипломатиялық дәстүріне және Мьянмаға қаратқан ежелгі тату әрі жақын көрші ұстанымы бойынша жаңа орнаған әскери билікті де айыптамайды. Мьянмадағы әскери төңкеріс қазірше аймаққа ауқымды әсер етті деуге болмас. Бірақ, оның өңірдің бейбітшілігі мен тұрақтылығына біртіндеп әсерін жеткізуі де мүмкін. Солай болса да Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Мьянма мәселесін талқылаудың қажеті жоқ деп тапты және Қауіпсіздік кеңесте талқылауға Қытай өз тарабынан вето қойды. Бейжің көзқарасы бойынша Қауіпсіздік кеңестің кезектен тыс Мьянма мәселесін талқылауға құқықтық негізі жоқ болып шықты.
Мьянмадағы төңкеріс АҚШ пен Қытайдың ұлттық мүддесіне қандай әсер етпек?
Бізден алыс жатқан Мьянмада АҚШ пен Қытайдың қандай экономикалық, саяси және осының бәрін қамтыған ұлттық мүдделері жатқанын анық айта алмаймыз. Сондықтан, бұл арада шетелдік сарапшылардың пікіріне сүйене отырып сараптап көрелік. Уашингтондағы Хадсон институтының аға ғылыми қызметкері, Саяси және әскери талдау орталығының директоры, доктор Ричард Уайтс Мьянмадағы жағдай бойынша АҚШ пен Қытай үшін маңыздылығын түсіндіріп VOA агенттігіне пікірімен бөліскен екен. Оның айтуынша Мьянмадағы жағдайдың АҚШ үшін кері әсері болмаса, оң әсері жоқ.
«АҚШ Мьянмада демократиялық үдерісті ілгерілету және этникалық қақтығыстарды жеңілдету үшін көп әрекет жасады. Әскери төңкеріс екі мақсатқа да кедергі болып табылады», – деген Ричард Уайтс. Сондықтан болар, Байден әкімшілігінің төңкеріске қатысты мәлімдемесі қатқыл болды. Ал АҚШ-тың өзге одақтастары оған үн қосты. Алда АҚШ әскери билікке қарсы санкциялар мен өзге де шараларды ойластыруы мүмкін деп күтілуде.
«Бірақ менің түсінуімше, АҚШ үкіметі жағдайды дұрыс жолға қоюдың басқа жолдарын, әсіресе көпжақты саясатты іздеуді қалайды», – деген доктор Уайтс. Оның пайымдауынша басқа елдерге қарағанда Қытай Мьянмада төңкеріс жасаған әскери билікке "ренжімейді". Себебі, соңғы жылдары Бейжің Бирманың әскери күштерімен де диалогта болып келген. Оның үстіне Қытай Мьянманы өңірдегі кейбір маңызды экономикалық жобаларға, халықаралық сауда алаңдарына тартқан.
Сарапшының пікірінше, Бейжің аса қатты алаңдамағанымен Мьянмадағы жағдайдың Қытайға тиімсіз жағы да бар. Айталық, Мьянмадағы әскери биліктің әрекетіне қарсы батыстық демократиялық елдердің араласуы жиілейді. Ол өз кезегінде Қытайдың кейбір жоспарларына кедергі келтіреді. Ұзақ болашақтан алып қарағанда, егер әскери билік ұзаққа жалғасса (қазіргі жағдайдан қарағанда әскерилер біршама ұзақ уақытқа билікте қалатын түрі бар) Мьянмадағы жағдай тұрақты бола қоймайды. Бұл Мьянманы Меконг аймағына, Үнді мұхитына шығатын дәліз еткісі келіп отырған Қытайдың ұлттық мүдделеріне үлкен кедергілер жасауы да мүмкін.
АҚШ не істеуі мүмкін?
Қытайға қарағанда АҚШ-тың қазіргі Мьянмамен мәмілесі нәзік күйде тұрғаны байқалады. Себебі, АҚШ мүдделі болған демократиялық үрдіс төңкерістің нәтижесінде тоқтап қалды. Оған қоса елде белгілі деңгейде тұрақсыздық пен күңгірт саяси жағдай қалыптасқан. Ал, өңірдегі барлық елдер үшін ең үлкен сауда серігі және экономикалық басты ықпал етуші Қытай екені әуелден түсінікті. Осындай жағдайда тым қатаң позиция Мьянманың әскери билігін Қытайға қарай итеруі мүмкін. Ал, Құрама Штаттар үшін қандай қадам тиімді деген сұраққа сарапшы Уайтс былай депті: «Байден әкімшілігі батыстық демократиялық одақтастарымен дәйекті стратегия құруы керек, бұл арқылы Мьянманы Қытай ықпалына жіберіп алудың алдын алуы тиіс. Бұл арада Байден билігі Мьянма мен деомкратиялық Батыс елдері арасында үйлестіруші болады деп үміттенемін».
Қытай не істеуі мүмкін?
Анығында, Қытай үкіметі де өзіне көршілес елдерде тұрақсыздық орнағанын қаламайды, инвестицияларын қорғағысы келеді. Бейжіңнің Мьянмадағы демократиялық үкіметіпен және әскерилер арасындағы қарым-қатынас түсініксіз күйде. Қытай тарабы оқиғадан кейін ғана салыстырмалы түрде түсініксіз мәлімдеме жасады. Қытайдың әскери төңкерісті айыптамағынына қарап, Мьянмадағы әскери биліктің біршама ұзақ жалғасатынын болжап отыр деуге болады. Демек, Қытай әскери билікпен мәмілеге келуге тырысады. Бирмалық әскери билікпен мәмілеге келуге Қытайдың бұған дейін де мол тәжірибесі бар. Сарапшылардың болжауынша Қытай тарабы қазіргі әскери билікпен бұрынғыдай терең байланыс орнатпауы мүмкін. Себебі, әскери билікпен мәмілеге келу Қытай үшін қысқа уақыттық тиімділік береді. Әскери күштердің билігі ұзарған сайын бирма халқы мен Қытайға оның ауыртпалығы арта түседі. Былайша айтқанда, бұл Бирманың әскери күштеріне бәс тіккенмен бірдей, ал әскери биліктің болашғы бұлыңғыр.
Төңкерістің артында Қытай немесе АҚШ тұруы мүмкін бе?
АҚШ өзінің одақтастарымен бірге геосаяси маңызы жоғары бола түскен аймақта Қытайдың ықпалына қарсы күресіп жатқанын «Шығыс Азия үшін күрес» атты сараптамамызда айтқан едік. Осы қатарда Мьянмадағы төңкерістің артында өңірде өз ықпалын жүргізгісі келген мүдделі топтардың тұруы мүмкін бе деген заңды сауал туады. Дегенмен, біз жоғарыда Мьянмадағы демократиялық үдерісті тоқтатып, елдің демократиялық дамуын кері бастырған әскери төңкерістің Құрама Штаттардың мүддесіне сай келмейтінін айтып өттік. Оның үстіне төңкерісті Байден үкіметі ауыр сынға алды және оған қарсы шаралар қолдануы да мүмкін. Бірақ, Мьянманың билігін кім қолына ұстаса да елдің дамуы үшін Қытай ең басты сыртқы күш екенін мойындайды. Сондықтан да, АҚШ-қа Мьянмадағы Қытайдың экономикалық белсенділігіне тосқауыл қою үшін санкциялардың рөлі жоғары. Осы санкциялар үшін де елдегі тұрақсыздық және ел билігін басып алған әскерилердің әрекеті таптырмайтын себеп. Бұл тұрғыдан алғанда жоғарыдағы күдіктің негізі бардай.
Ал, Мьянмадағы бұндай жағдай Бейжіңді алаңдатпайды, керісінше Халықаралық қауымдастыққа қысым түсіреді. Бірақ, Мьянмада бұрынғы әскери үкімет қалпына келсе, онда Қытай үшін инвестиция салуға деген тәуекелдің құны өсе түседі. Жаңа жағдай Қытай мүддесіне қалай әсер ететіні жоғарыда айтылды. Бұл тұрыдан қарағанда төңкеріс артында Қытай тұруы мүмкін еместей. Алайда, бұдан бір ай бұрын Қытай СІМ жетекшісі Уаң И мен Мьянманың билігін қолына ұстаған генерал Мин Аунгтың кездескені назар аудартпай қоймайды.
Бұл кездесуде Уаң И мен Мин Аунг әскери төңкеріс туралы сөз етуі мүмкін бе? Бұл сұраққа АҚШ-тағы «Стимсон» орталығы Қытай жөніндегі бағдарламасының жетекшісі Сун Юн былай депті: «Олар мұны талқыламайды. Себебі Қытай дипломатиясы тұрғысынан басқа елдің әскери жетекшісімен әскери төңкеріс жасау мүмкіндігін талқылауға ешқандай себеп те, ұстаным да жоқ. Егер бұл оқиға кең етек жайса, Қытай өз жауапкершілігінен қашып құтыла алмайды». Дегенмен, сарапшы Сун Юн осы арада Мьянма генералының Уаң Иге былтырғы сайлау қорытындысы туралы айтқанын, сондай-ақ, оған қатысты наразылықтармен бөліскеніне және оған Қытай сыртқы істер министрінің берген жауабына назар аударады.
«Біз Ван Идың ресми жауабын көрдік, оның жауабы терең болды, – дейді сарапшы сөзінде, – Ол сөзінде «Бирма армиясы елдің саяси өмірінде тиісті рөл атқарып, оң үлес қосуы керек» деді. Оның бұл сөзі жіті сараптауға тұрарлық. Бұның қытайлық түсіндірмесі болуы мүмкін, айталық «тиісті рөл» дегені ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты сақтау; «оң үлес қосу» дегенін елдің бейбітшілігіне, дамуына оң үлес қосу деп айтуға болады. Алайда оны Бирма армисы қалай түсінуі мүмкін. Мьянма армиясы: «Менің тиісті рөлім - 2008 жылғы Конституцияны қорғау, және қазір 2008 жылғы Конституцияға қауіп төніп тұр, ал менің тиісті рөлім - әскери төңкеріс арқылы рөл ойнау» деп түсінбек. Мұндай кездесуде екі тарап түсіндіріп ештеңе айтпайды. Қытайдың дипломатиялық дәстүрі мен тәжірибесі тұрғысынан ол өзін басқа елдердегі әскери төңкерістерді қолдаушы етіп көрсетпейді, Менің ойымша, бұны елестету қиын», – деген Сун.
Бірақ, бұл арада назарды тек Қытайға ғанааударып, АҚШ тарабынан келетін мүмкіндікті ескермей қоюға болмайды. Тәуелсіз сарапшылар, АҚШ-тың да Бирманың әскерилерімен астыртын байданысын жоққа шығармайды. Оның үстіне елді демократияластыруға уәде алған және халықаралық қауымдастық алдында бейбіт сүйгіш Аун Сан Су Чи өзінің Батыс алдындағы қыруар уәдесін ұмытып, Бейжіңге жақындай түсті. Бұл өңірдегі өзінің құнжылығын орнатуға тырысқа Уашингтонға мүлде ұнмайды. Тіпті, сатқындық қатарында бағаланады. Егер таразының осы басы басым түссе, Мьянсадағы төңкерістің артында АҚШ тұр деуге негіз бар.
P.S. Қалай болған күнде де Мьянмадағы әскери төңкеріс көп елдің наразыр аударды. Күн сайын артып келе жатқан маңызына қоса өңірде Тайуан бұғазы қайшылығы, Тайуан қауіпсіздігі мәселесі, Оңтүстік Қытай теңізі дауына енді міне Мьянма мәселесі деген жаңа проблема қосылды. Осымен-ақ, Меконгты қамтыған тұтас Шығыс Оңтүстік Азия державалар арасындағы ойынның ресми алаңына айналды деуге болады. Соған сай, бұл алыс демей, жақын демей өз болашағын арыдан ойлайтын елдердің үнемі назарда ұстайтын тақырыбы болды.