Флорида штатының Палм-Бич атты шағын қалашығында орналасқан әйгілі «Мар-а-Лаго» элиталық саяжайда АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) тұңғыш рет жүздесті. Екі ел арасындағы тарихи сипат алатын бұл кездесуді екі елдегі танымал басылымдар биылғы жылдың ең елеулі оқиғасы деп бағалап отыр.
Бұл реткі Қытай басшысының Трамппен болған кездесуі бұрынғы президент Обамамен кездесудей жайдары жүздесу болмады деуге келеді. Қос тараптың ұйымдастырушы қызметкерлері кездесу күн тәртібіндегі барлық барысты мүлтіксіз өткізуге тырысты. Алайда, Ақ үй шенділерінің жеке пікірінде, Трамп кездесу барысында Қытай басшысына белгілі дәрежеде қысым түсіруге мейілінше ниетті болып шықты. Бұл туралы “The New York Times” басылымында жазылған еді. Себебі, кезекті келіссөздің салмағы ауыр. Трамптың бар мақсаты АҚШ-Қытай сауда қатынасында және Солтүстік Кореяның ядролық қаруды дамытуын тежеу ісінде Қытайды өз дегеніне көндіру болатын.
Трамп таққа отырғаннан бері Қытайға қаратқан позициясына өзінің аталмыш «Америка бірінші» саясаты толықтай ықпал етіп келді. Бұл жолы да Трамптың Ши Жинпиңге деген салқын райы соның тағы бір сипаты. Трамптың таққа отыруынан бұрын Қытайға қарата айтқан әр түрлі пікірлері және Тайуан (Тайвань) басшысымен телефонда тілдесу, Қытай мен АҚШ дипломатиясындағы маңызды түйін – «Үлкен Қытай» саясатына қайшы келген еді. Алайда, ақпан айында Трамп пен Ши Жинпиң телефонда сөйлескен кезде Трампта осыдан бұрынғы қиқарлықтың біреуі де сезілмеген. Сөйлесуден кейін АҚШ Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынаста тек Бейжіңді негіз ететін болып келіскен.
Бұл реткі жүздесудегі салқынқанды болуының тағы бір себебі, Трамптың дипломатиялық кездесулердегі тәжірибесіздігі деуге болады. Айталық, Солтүстік Корея мәселесіне келгенде Трамп Қытай жағын ашық сынға алған. Кездесуден бұрын да Трамп өзінің Twitter парақшасына «Солтүстік Корея көп жылдардан бері АҚШ-пен «ойнағысы» келіп жүр. Ал, Қытай болса дерліктей астыртын қолдаушы» деп жазған болатын. Бұл дипломатиялық қатынаста тісқақты саясаткердің сөзі деуге келмейді. Ақ үй шенеуніктерін алаңдататын жайт та осы. Тәжірибелі саясаткерлер Трамптың қызуқандылықпен барлық маңызды түйіндерді бірдей ортаға салуын құптамай отыр. Қытай басшысы болса, Трамптың дипломатиялық қарым-қатынаста тең әріптес болуын үміт етеді.
Бір сөзбен айтқанда, Қытай төрағасы өзі қонақ болып отырған елден бұрынғы президент Обамадан көрген қонақжайлылықты көрген жоқ. Өңірлік және әлемдік қайшылықтардың шиеленісті тұсындағы бұл кездесуде Қытай Трамптың дегеніне көне ме? Екі ел арасындағы арбасудың соңы неге апарып соғары – кездесу қортындысынан белгілі болғалы тұр.
“The Qazaq Times”