1 ақпаннан тартып, кез-келген ресейлік азаматқа Ресейдің Қиыр Шығысынан 1 гектар жер тегін алу құқығы берілді. Ресей президенті Владимир Путин, өткен жылы 2 мамырда «Қиыр Шығыстан бір гектар жер» заңына қол қойған болатын. Бұл заң Қиыр Шығысты дамыту үшін, ресейліктерді сол өңірге қоныстандыру мақсатында жасалған. Қол қойылған құжат 2016 жылдың 1 маусымынан бастап ресми күшіне енген. Бұл туралы World.Xinhua хабарлайды.
Заңды үш кезеңге бөліп жүзеге асыру жоспарланған болатын: Алғашқы кезеңінде 2016 жылдың 1 маусымынан бастап, Қиыр Шығыс федералдық округінің әрбір аудан, ауыл тұрғындарына аталған округтен 1 гектарға дейін тегін жер берілді. Екінші кезеңінде, 2016 жылдың 1 қазанынан бастап, округтегі кез-келген азаматқа бір гектар жерден тегін игіліктену құқығы берілген. Ал, үшінші кезең, 2017 жылдың 1 ақпанынан тартып, барлық ресейліктердің Қиыр Шығыстан бір гектар жер алу құқығы болады. Яғни, күні кешеден тартып әрбір ресейліктің Қиыр Шығыстан жерге иелік ету құқы бар.
Күшіне енген заң бойынша, бір гектарға дейінгі жерді 5 жылға салықсыз тегін пайдалануына ерікті. Иелік еткен жерін тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, туризм немесе басқа да мақсаттарға пайдалануына болады. Егер, белгіленген мерзім ішінде жерді пайдаланып, кәдеге жарата алса, жер пайдалану құқығы жалғасты күшіне ие болмақ. Заң бойынша бұл игілік тек Ресей Федерациясының азаматтарына ғана қолжетімді.
Ресейдің Қиыр Шығысының жалпы аумағы 6,17 млн шаршы километр болып, тұтас Ресей территориясының 36 пайызын иелейді. Онда қоныстанған 6 млн шамасындағы халық саны, Ресей халық санының 5 пайзын ғана ұстайды.
Жоғарыда айтқанымыздай аталмыш заң Қиыр Шығысты дамыту үшін жасалып отыр. Оған қоса, қытайлықтардың кәсіпорындар арқылы Қиыр Шығысты иемденуінен сақтану үшін де керек болған болуы мүмкін. Алайда осы елде соңғы жылдардағы экономикалық дағдарыстардан жұмыссыздар саны артып, жұмыс іздеп қалаға қоныс аударған халық саны көбейген. Сол үшін де ресейліктердің бір гектарға дейінгі тегін жер үшін Қиыр Шығысқа қоныс аудара қоюы неғайбыл. АҚШ пен Еуропаның Ресейге деген қабағы жазылып, санкциялар алынып тасталса, экономикасы олар ойлғандай жанданып жатса ғана, туризм мен ауылшаруашылығы үшін Қиыр Шығысқа қоныс аударуға ынталы ресейліктер көбейер. Демографиялық тұрақтылық үшін ауылды жерлерді жұмыспен қамту шаралары – қазір, ресейлік үкіметті әбігерге салған мәселенің бірі.
«The Qazaq Times»