Ресейдің негізгі қаржы индекстері құлдырады, – деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
Мәскеу биржасының мәліметтеріне сәйкес, Ресейде ірі мұнай-газ компанияларының бағалы қағаздары 12-15%-ға («Роснефть», «Лукойл», «Сургутнефтегаз», «Газпром»), тұтыну секторы 28%-ға («М. Видео», «Магнит», X5 Retail Group) төмендеді. Ресей қаржы секторының бағалары да құлдырады. Технологиялық компаниялардың акциялары биржалық индекстерден кейін минусқа кетті: «Яндекс» 7%, «Ростелеком» 9%.
Мосбиржа индексі 10,4%- ға, 2436 пунктке дейін, РТС индексі 16% -ға, 1056 пунктке дейін (2019 жылдың қысынан бері ең азы) төмендеді,
9 наурызда ресейлік компаниялардың бағалы қағаздары Лондон және Нью-Йорк қор биржаларында құлады.
Мұнай бағасының рекордтық құлдырауы Венада өткен ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіруді қысқарту туралы сәтсіз келіссөздерінен кейін басталып, нарықтағы жағдай күрт төмендеді. Құрамында Ресей мен Қазақстан да бар ОПЕК+ тобы әлемде коронавирустың тарауына байланысты сұраныс кеміген шақта мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайту туралы келіссөз жүргізген. Бірақ Кремль өндірісті ОПЕК ұсынған көлемде азайтуға келіспеді. Осыдан соң Сауд Арабиясы Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді.
Қазақстан ұлттық банкі сейсенбі күні базалық ставканы 9,25%-дан 12%-ға дейін көтергенін хабарлады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) таңертеңгі сауда қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 393, 5 теңге болып белгіленді. Бұл 6 наурыздағы күндізгі сауда сессиясының нәтижесінен кейінгі бағамнан 11 теңгеге көп (мерекеге байланысты демалыс болып жарияланған дүйсенбіде қор жұмыс істеген жоқ). Алматының ақша айырбастау орындарында 10 наурызда АҚШ доллары күндіз шамамен 397-398 теңгеден сатылды.