Ресейдің жаңа премьер-министрі Михаил Мишустин 31 қаңтарда өтетін «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» халықаралық форумына келмек.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыда өтетін форумға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Әзербайжан, Өзбекстан, Молдованың үкімет басшылары келеді. Басты тақырып – big data және жасанды интеллект негізінде өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Ресми хабарламада: «Форум аясында Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей премьерлерінің қатысуымен ауқымды пленарлық отырыс өтеді. Сарапшылар жасанды интеллект, тиісті инфрақұрылым жасау, технологияларды дамыту мәселесін талқылайды», – делінген.
Осы аптада Путиннің шешімімен Ресей үкіметі отставкаға кетті. 15 қаңтарда оставкаға кеткен премьер Дмитрий Медведев Путиннің жарлығымен Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Ал 16 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен Михаил Мишустин прьемер-министрі болып тағайындалды.
Батыс сарапшыларының пікірінше, Конституцияға өзгерістер енгізіп, үкіметті отставкаға кетіру арқылы Путин «қазақстандық сценарийді» таңдаған. Франциялық Le Monde басылымы: «Басты дүние – 67 жаста болса да билікті басқарып отырған Путиннің саяси жүйесі. Мемлекеттік Кеңес, басқа да органдардың күшеюі әлі күнге дейін күмәнді. Бұл жайт 2019 жылы президент қызметінен кеткен, бірақ Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы ретінде саяси сахнада басты рөлін сақтап келе жатқан Қазақстанның бұрынғы басшысы Н.Назарбаевтың жоспарын еске салады», – деп жазған.