Арменияның ішкі мәселелерінен туындаған жаппай наразылық шараларының салдарынан Серж Саргсян ақыры отставкаға кетті. Осы саяси өзгеріске баға берген әлемдік сарапшылар, Саргсян елдегі көтерілістік қозғалысты жасырып-жабуға тырысып, билікті қолдан шығармау үшін барын салды деген пікірде. Біз де осы тектес түрлі пікірлерді сараптап көргенімізде, Саргсянға Ресейдің де аз ықпал етпегенін байқай аламыз. Ендеше, басты саяси фигура ауысқанмен, елдегі ахуал өзгере ме, әлде бұрынғы күйінде қала ма, деген сұрақ туындайды. 

Иә, Арменияны 10 жыл бойы басқарған Серж Саргсян ақыры 23 сәуір күні қызметінен ресми түрде  кетті. Негізінде, ол өзінің отставкаға кететінін бірнеше күн бұрын ғана мәлімдеген еді. Алайда, ол осы уәдесінен тайқып, қызметінен кетуден айнып қалған болатын. Соған қарамастан, ол  орнын  оппозицияның күшімен  босатуға мәжбүр болды. Негізінде, Саргсян билік басына келгенде де қан төгілген екен: 2008 жылдың 1 наурызында Саргсянның билікке келуіне қарсы ұйымдастырылған көтерілісте 10 адам қаза тапқан. Адам шығынымен аяқталған сол көтерілістен бері Арменияда "қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған", яғни ешқандай төтенше наразылық шаралары орын алмаған. Тек, осыдан екі жыл бұрын электр энергия тарифтерінің арттырылуына байланысты армян халқы тағы да бас көтерген екен. Ресей билігі бұл оқиғаны «Батыс сценарийі» деп бағалады. Алайда, бұл — экономикалық жағдайға алаңдаған халықтың наразылығы еді. Билік энергия секторындағы сол өзгерістің халықтың тұрмыс-тіршілігіне ешқандай әсер етпейтініне уәде бергеннен кейін ғана наразы топтар тыншыған. Алайда, осы мүмкіндікті пайдаланған оппозиция, армян халқын бүгінгі көтерілістерге дайындап келген. Мәселен, Таулы Қарабах соғысы мен қарулы қақтығыстардың арнайы Саргсянға қарсы ұйымдастырылғаны туралы көп айтылып, жазылды.

Негізінде, әлемдік саясаткерлердің пікірінше, Арменияның экономикасын айтпағанның өзінде, қорғаныс саласында да, сыртқы саясатта да Ресейге тәуелді. Ол Ресеймен жолы екіге айырылғанда немесе Ресейге қандай да бір қарсылық көрсеткенінде ғана Батысқа арқа сүйейді. Сондай кезекті қарсылық кезінде Ресей мен Саргсянның арасына сызат түсті. Арменияның ішкі мәселелерінен туындаған жаппай наразылық шараларын жасырып-жабуға тырысқан Саргсян, билікті қолдан шығармау үшін барын салғанмен, өзі Ресей мен армян халқының арасында қалды. Саргсян ішкі мәселелердің негізгі себебі жемқорлық, жұмыссыздық және экономикалық мәселелер екенін білсе де, оларға нақты шешім шығарып үлерместен ақыры биліктен айырылды. Алайда, «Саргсян билік басынан кетсе де,  Ресей Арменияға бұрынғыдай ықпал ете бермек» , - деген болжамдар да жоқ емес.  Мұндай болжамдардың себебіне үңіліп көрсек, Саргсянның қызметінен кетуімен уақытша премьер-министр лауазымына сайланған Карен Карапетян — Ресейлік алпауыт компания «Газпромда» қызмет атқарған, Кремльдің мүддесін жақтаушы саясаткер. Яғни, әлгіндей болжамдарға сүйенсек, Саргсянның отставкаға кетуі Армения үшін бетбұрыс кезең бола алмайды.

Жалпы, Арменияда орын алған оқиға туралы пікірлер тартысты. Мысалы, «Армениядағы жағдай төңкеріс пе, әлде басқа құбылыс па?» , - деп, пікір таластырушылар да бар. Расымен да, оның нақты қандай деңгейдегі оқиға екені әлі ешкімге белгісіз. Бір анығы, бүкіл елдің мемлекеттік жүйесін 10 жылдың ішінде өзінше ұйымдастырған басшы, сол билігін бұқаралық қозғалыстың қысымымен 10 күн ішінде тастап кетті. Кейбір сарапшылар бұны халықаралық саясатта аса түсініксіз әрі назар аудартарлық жайт деп бағалайды.

Арменияда барлық саяси күштердің наразылық шараларына қатысты ешқандай шара қолданбағанын, тек «Елк» оппозициялық парламенттік фракциясының жетекшісі Никол Пашинянның ғана белсенділік көрсеткенін айтқан саясаткерлер, Армения Батыс пен Ресей арасындағы күрес алаңы ретінде (Украина сияқты болмаса да) жалғаса бермек деген пікірде. Саргсянның билік басынан кетуі армян халқына қандай өзеріс әкелмек, оны уақыт көрсетеді.

“The Qazaq Times”