Біздің елімізбен қатар, Кеңестер құрамынан шыққан өзге төрт ел (Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Әзірбайжан) тәуелсіздігін алған уақыттан бері әлемдік және аймақтық ахуалдың өте қатты өзгеріске ұшырағаны анық. Сонымен қатар, осы елдердің Батыстың қызығушылығын оятқаны да белгілі. Аймақта әсіресе "жұмсақ және нормативті күш" әдісі арқылы өзін танытып жатқан Еуропа Одағы (ЕО) да түрлі саяси бастамаларды іске қосты.

Мәселен, өткенге көз салсақ, әлемдік саясатта орын алған өзгерістер мен жаңаша түсінікке сай дайындалған Қауіпсіздік Кеңесі  мен Даму Бағдарламаларына сәйкес, Еуропа Одағы 2006 жылы Орта Азияға бағытталған жаңа стратегиясын анықтаған болатын. Стратегияның басты мақсаты "Үлкен ойын" еместігіне назар аудартқан Одақ, демократия мен бейбітшілік ішінде өмір сүретін және экономикалық тұрғыдан дами бастаған Орта Азия аймағының маңыздылығын атап өткеннен кейін, төмендегі жұмыстарды қолға алатынын айтқан еді:

·         Аймақ елдерімен тұрақты саяси диалог құру;

·         Еуропа Білім беру ісін қолға алу;

·         Еуропа Одағы Құқықтық үстемдік әдісін бастау;

·         Тұрақты түрде Адам құқықтары диалогын жүргізу;

Осы жұмыстардың нақты бір нәтиже бергені немесе осы аталған елдер үшін пайдалы болғаны туралы нақты шешімді түрде айту мүмкін емес. Тек ЕО 2007 жылы Орта Азияға қарсы бағытталған алғашқы стратегиясын қолға алғаны есімізде. Осы стратегиясы арқылы көптеген салада ынтымақтастыққа бағытталған жұмыстар атқарылды. Ал осыдан он жыл өткен соң, яғни былтыр, 2017 жылдың маусым айында Сыртқы қатынастар Кеңесі Орта Азия стратегиясын қайта қарады. Осы өзгерістің нәтижесінде, 2019 жылдың соңына дейін қолданылатын арнайы стратегияны байқай аламыз.

ЕО сыртқы факторлардан бөлек, Орта Азия елдеріндегі жұмыссыздық салдарынан туындаған көші-қон мәселесі, сондай-ақ адам құқықтарының аяқ асты етілуі сынды қиындықтардың осы елдердің ішкі динамикаларының стратегиялық дамуына қиындық туындатып жатқанына алаңдайды. ЕО өзін аймақта тепе-теңдікті сақтаушы күш әрі сенім артуға тұрарлық серіктес ретінде танытумен қатар, Орта Азиядағы геосаяси ойындарға араласпайтынын, ЕО үшін негізгі саясатының мүлдем басқа екенін көрсетуге тырысуда. Қазіргі кезде ЕО-ның осы аймақтағы әлеуметтік-саяси оқиғаларды назардан тыс қалдырмайтынын, аймақтың қауіпсіздігі мен саяси дамуына қатты мән беретінін байқауға болады.

Енді екінші мәселеге келсек, "экономикалық ынтымақтастық". ЕО-ның Орта Азия Инвестиция (Central Asia Invest) бағдарламасы арқылы аймақ экономикасына қаншалықты көңіл бөлетінін байқауға болады. ЕО-ның осы тұрғыдағы нақты қадамдарының тағы бірі — "стандарттау". Осы стандарттаудың негізгі бағыты — ортаазиялық басқару мен логистиканың стандарттануы. ЕО осының аясында Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (OECD) Еуразия Бағдарламасына да қолдау көрсетуде.

Ал үшінші негізгі мәселе "адам құқықтары". ЕО Орта Азия елдерінде құқықтың үстем болуы, ер мен әйелдің тепе-теңдігі сияқты негізгі қағидалардан бөлек, адам құқықтарының дұрыс әрі тұрақты түрде дамуын қолдайды. Осыған байланысты ЕО-ның аймақта нормативті күші басым. ЕО аймақта демократиялық даму әрекеттеріне қолдау көрсетуді де өз міндетіне алған.

Қысқасы, тәуелсіздіктерін алғаннан бері ЕО аймақ елдеріне, даму, экономикалық реформаларын жүзеге асыру мәселелерінде көп үлес қосты. Алайда соңғы стратегиясында Орта Азия мемлекеттерінің ойларын, демократиялану, адам құқықтарына құрметпен қарау мәселелерін түбегейлі өзгертуді жоспарласа да, ЕО-ның аз ғана уақыттың ішінде осы мақсатын жүзеге асыруы мүмкін еместей көрінеді.

“The Qazaq Times”