Батыс елдері мен Ресей арасындағы қарым-қатынас бұрынғы жаңа «қырғи қабақ соғысына» айналғанын әлем ақпарат кеңістігі тынбай қайталап жатыр. Дегенмен, кейбір сарапшылар онымен де келіспейді. Олар мұндай баға беру Ресейді Кеңес одағы деп қараумен бірдей немесе екі дәуірдегі айырмашылықты ескермеу деп қарайды. Алайда, мәселенің салмағы оның не деп аталуында емес, қайта екі тараптың ашық қарсылыққа қарай бет алуы.

Шынында да, қырғи қабақ соғысының ең басты ерекшелігі Кеңес одағы мен Құрама Штаттың идеология үшін күресуі. Бүгінгі тіресу коммунизм мен капитализм арасында болып отырған жоқ. Ресей мен Қытайдың либералды демократияны қабылдамайтыны, қаламайтыны шын. Бірақ, бұл елдер бұрынғы Кеңес одағы секілді өз идеологиясын әлем үстемдігіне алып шығуға тырысып отырған жоқ. Жақында ғана Қытай басшысының аузынан: «Батыстың демократиясы дағдарысқа ұшырады, енді социализмді көшбасшы етеміз» деген мағынадағы сөз айтылды. Бірақ, Қытайдың өз идеологиясын дәріптеуі бұрынғы Кеңес одағының ықпалына тең емес. Алайда, Батыс әлемі Қытайдың бұл мақсатқа жету үшін әрекет етіп келе жатқанын айтып дабыл да қаққаны бар.

Қазіргі шиеленіс екі тараптарының өз идеология үстемдігі үшін күрес болмаса, бұл қайдан пайда болды? Оның жауабы анық, бүгінгі Ресей-Батыс қайшылығы – екі тараптағы лидерлердің сыртқы саясаттағы стратегиясы, қауіп-қатерлерге қарсы жасаған шараларының нәтижесі.

CNA корпорациясының сарапшысы Майкл Кофман бұл туралы пікірінде: «Ресей үшін бұл соғыс халықаралық держава атағын және Ресей империясының қалдықтарын сақтап қалу үшін жанталас», – дейді. «Ресейлік лидерлер алдағы уақытта Батыстың ықпалынан федерацияның ыдырауынан алаңдап, әрі бұдан сақтанып отыр. Ал, олар бұл үшін сөз жоқ «буферлік мемлекет» керек деп қарайды. Оған қоса өзінің шекарасының қауіпсіздігі үшін көршілеріне килігіп отыр», – деген ойын айтады.

Барлық саяси шиеленістердің түбі соғыс қауіпіне апарып соғатыны анық. Қырғи қабақ соғысы шын мәнісінде қарусыз соғыстың бір түрі. Ядролық соғыс қауіпінен алаңдаған екі держава бетпе-бет соғысуға батылдары жетпеді. Бірақ, соғыс Куба мен Ангола аралығында, Таяу-Шығыста болды. Ал, бүгінгі жағдайға қарайтын болсақ қақтығыс аймақтары Ресейге жақындай түскенін байқаймыз.

Дегенмен, мәселені біржақты қарастыруға болмайды. Әлемдік БАҚ-та әртүрлі пікірлер арасында «Бұл шиеленісте Батыстың да үлкен жауапкершілігі бар» деген пікірлер де кездеседі. Сондай пікірдің бірін АҚШ-Әскери-теңіз колледжінің профессоры Лайл Голдштейн BBC-ге берген сұхбатында ортаға салған. Ол сөзінде: «Қырғи-қабақ соғысынан кейін батыстық көп сандағы елдер «дұшпансыз қалу синдромына» түсіп қалды. Қауіпсіздік саласында салғырттық пайда болды. Бұл өзіне тең келесі бір қарсы күштің пайда болуына мұрындық болды», – деген. Ол және Ресей Батыс елдерінен технология, саясат пен экономика салаларында артта қалып бара жатқанымен, сыртқы саясатта Мәскеу тарабы өзінің белсенді ықпалын көрсетіп отыр деп қарайды.

Шетелдік сарапшылардың басым көбі Ресейдің әскери қуаты АҚШ пен НАТО күштерімен қарайлас болуы мүмкін деп қарайды. Соңғы 15 жыл ішінде Ресей әскери қуатына артықшылық беретін салаларға қаржыны аямай салды. Мысал ретінде «Ескендір» (Искандер) баллистикалық зымыранын айтуға болады. Қазір НАТО елдерінде бұл зымыранға қарсы тұратын техника болмай отыр.  Бұдан тыс артиллерия мен радиожлектрондық күресте Ресейдің қуаты басымырақ.

Дегенмен бұл суық қарулардан көрі Батыс елдері Ресейдің ақпараттық соғысынан көбірек зардап шегіп келеді. Әлемдік БАҚ пен саяси саладағы сарапшылар қазір «Қауіпті соғыс» деп аталатын жаңа ұғым туралы терең талқылай бастады. Бұған ақпараттық соғыста кіреді. Ресейдің көршілес елдеріндегі әскери әрекеттерінен көрі олардың кибершабуылдары мен ақпараттық соғыстары жоғары нәтиже көрсеткені анық болды.

Бір сөзбен айтқанда Батыс пен Ресей бір-бірінің қажет еткенін анық түсініп жете алмай отыр. Екі тараптың да бір-бірін мұқату мақсатында бөлген қаржылары тектен текке кетіп жатқандай. Мәскеу Батыс елдерінің тамырына тиетін нүктелерге тікелей соққы жасаса, Батыс елдері Мәскеуді қысымға алудан басқа шара қолдануға құлықсыздық танытып отыр. Украина, Сүрия тағы басқа Ресей-Батыс арасындағы қайшылықтардың бәрінде екі тарап тікелей дипломатиялық байланысқа шықпады. Осының өзі бүгінгі Ресей-Батыс арасындағы «дипломатиялық соғыс», «Жаңа қырғи қабақ соғысын» тудырды. Бұның шешу жолын тағы да екі тарап екі түрлі қарастырып отыр.

“The Qazaq Times”