Батыс елдері Ресейге Азов теңізіндегі жағдайға байланысты және Украинаға қарсы агрессиялық бағыт ұстанғаны үшін жаңа бірлескен санкцияларды енгізеді. Бұл туралы «Financial Times» хабарлады.
18 ақпанда ЕО Сыртқы істер министрлерінің кездесуі ұйымдастырылып, Ресейге қарсы енгізілетін қатаң шаралар талқыланады. Наурыздың соңына қарай санкцияларды тұжырымдайтын құжат заңды күшіне еніп, санкциялар екі ай ішінде енгізіледі. Қатаң қаулылар өткен жылдың қарашасында Керш бұғазындағы орын алған жағдайға қатысы бар адамдар мен компанияларға бағытталады.
25 қарашада Ресей Керш бұғазында Украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алып, оқ атқан. Украина президенті Петр Порошенко Ресейдің бұл әрекетін «басқыншылық» деп атап, олардан Азов теңізінде ұсталған Украина әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті. Ал Мәскеу украиндық кемелер Ресей шекарасын бұзды деп айыптады.
Осы жағдайдан кейін, 20 желтоқсанда АҚШ тарапы Ресейдің «агрессиялық саясатына» қарсы қарар қабылдаған болатын. Киев пен Мәскеу текетіресіне қатысты қабылданған АҚШ Сенатының резолюциясы халықаралық деңгейде танылған шекаралар бойынша екі жақты келісімдерге қолдау көрсетуге және Керш бұғазы мен Азов теңізі арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сенаторлар мұндай қадам «Ресейдің шамадан тыс аумақтық қақтығыстарына тойтарыс береді» деп санайды. Бұған қатысты Сенат комитетінің төрағасы Рон Джонсон: «АҚШ пен біздің одақтастарымыз Керш бұғазындағы Ресейдің әскери агрессиясына тез арада батыл қадам жасау арқылы жауап береді. Халықаралық теңіз операциясын жүргізу Қара теңізден Азовқа дейін қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс», – дейді.
«Украина – еркін әлемге қарсы Владимир Путин бастаған күрес майданының алдыңғы қатарында. Украина Америка немесе Еуропаға олардың орнына соғыс жүргізуді ешқашан сұраған емес. Украиндықтар біздің көмекке мұқтаж және оған әбден лайық», – деп мәлімдеді АҚШ Қарулы Күштер комитетінің басшысы, сенатор Инхоф. Керш бұғазындағы кемелерді басып алу, оның пікірінше, Ресей – Украина қақтығысының қауіпті эскалациясы.