Тәжікстанның Мәдениет министрлігі жаңа жоба дайындап, елдегі әйелдерге киіну мәдениетін үйретпек. Бұл туралы Asia-Plus ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сарапшылардың пікірінше, тәжік үкіметі ислам дініне тән деп саналған киімдерге тыйым салуға тырысып келеді. Алайда үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан, халықтың діни көзқарасымен ислам дініне тән киімдерді кию дағдысы өзгермеген.
Аталған елдің Мәдениет министрлігі «Ұсыныстар кітабын» құрастырып шығарды. Онда әртүрлі жастағы әйелдердің киім үлгілері көрсетілген. Бұл арқылы Тәжікстан үкіметі елдегі әйелдерге қара түсті көйлектер мен хиджаб кимеуді дәріптеді.
Мәдениет министрлігінің ұсынысында Батыс мәдениетіне тән киімдер де шектелген. Айталық қысқа белдемше, ашық-шашық киімдерді киюге де шектеу қойылған. Министрліктің ұсынысында тәжіктің ұлттық бояуы басым үлгідегі киім-кешек көбірек дәріптеліпті.
Аталған «Ұсыныстар кітабында»: «Денені ашық көрсетіп тұратын киімдер, денеге жабысқан шалбар-көйлектерді және денсаулыққа зиянды синтетика киімдерді киіп, әлеуметтік орталарға барудан бас тартуға шақырамыз», – деп жазылған.
Министрліктің бұл ұсынысы Тәжікстандағы әлеуметтік желілерде күшті талқының тақырыбына айналды. Әлеуметтік пікірлердің басым көбі ұлттық үлгідегі киімдерді жақтағанымен, бұл киімдердің бағасы қымбат, көпшілікке бірдей қолжетімді емес екенін алға тартты. Соның арасында "Министрлік тегін киім тарата ма екен?!" деген мысқылдар да жүрді.
Тәжікстанда жұмыссыздық мәселесі ұзақ уақыттан бері шешім таппаған мәселенің бірі. Миграциялық ағым, кедейшілік те көптен бері ел билігінің бас ауруы болып келеді. Сондықтан да биліктің бұл ұсынысын сынға алған пікірлер басым түсті. Олар үкіметтің әуелі әлеуметтік қиыншылықтарды шешпей жатып, қисынсыз реформаларды жасағалы отырғанын айыптауда.