тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы обылысында 16 мамырдан бері наразылық дүмпулері басылмай келеді. Жергілікті ақпарат құралдары наразылық шарасы әуелде жергілікті оппозиция лидерлерінің қамалуынан болғанын жазған еді.
16 мамырда Таулы Бадахшан облысының орталығы Хорогта наразы топ ереуілге шықты. Нарызылықты басу үшін тәжіктің күштік құрылымдары арнайы техникалар мен құралдарды пайдаланғаны хабарланған, нәтижесінде 6 адам жарақат алған. Тәжікстан Ішкі істер министрлігі болса, Хорогтағы наразылықты Мамодбакир есімді жергілікті қылмыстық топ жетекшісінің желіктіруімен болды деп мәлімдеді. Ресми тарап ереуілде наразылардың жарақат алуына да аталған тұлғаны айыптайды, мәлімдемеде митинг кезінде қол гранатасын жарып, билік пен наразы топ арасына іріткі салмақ болды деген айыптар да кездеседі.
Бұның алдында Таулы Бадахшан соты жергілікті белсенді Амириддин Аловатшоевқа адамдарды барымтаға алды, еркінен ажыратты деген айыппен 18 жылға, блогер Чоршанбы Чоршанбаевичті сегіз жарым жылға бас бостандығынан айырған болатын. Чоршанбаевич Ресейден депортцияланып келгеннен кейін қамауға алынған. Оған ұлтаралық, дінаралық араздық тудырды, билікті құлатуға талпынды деген айыптар тағылды. Екеуінің сот үкімінен кейін облыс орталығында наразылық митингі өтіп, жағдай бірден ушыққан.
Хорогта ағдай ушыққан кезде Тәжікстан ІІМ күштері мен әскери күштер бірдей тартылып, сауытты әскери техникалар да орналастырған. Күні кешеге дейін облыс орталығына кіретін барлық жолдардың жабық екені хабарланған.
Таул Бадахшан Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде дербестікті талап еткен аймақтардың бірі. Тәжікстандық және отандық сарапшылардың пікірінше, наразылықтың түпкі себебі бір ғана оппозиция лидерлеріне қатысты сот үкімінде емес, өңірдегі әлеуметтік теңсіздік пен жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың нашарлығына байланысты өңір халқының Душанбе билігіне деген наразылығы ұзақ жылдан бері сақталып келген. Қырғызстандық эксперттер Таулы Бадахшандағы жағдайдың діни, саяси және қылмыстық себептерден ушыға түскеніне баса назар аударады.