Былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы "8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне" орай жасаған мәлімдемесінде "Қазақстандағы әйелдер жұмыс орнындарындағы бопсалау мен зорлықтың түрлі формаларынан әлі де қорғалмаған" деген болатын. Жалпы әйелдерді кемсітушілік әрекеті кез келген елде бар. Бұл әлі күнге оң шешім таппай келе жатыр. Тіпті олардың зорлыққа ұшырауы авторитарды елдерде жиі кездеседі. Ал біздің елдегі әйелдердің деңгейі қандай? Нәзік жандылардың "құқықы қорғалған" деп айта аламыз ба?
Amnesty International ұйымының 2017-2018 жылға арналған "Жаңа әлемдегі адам құқығы" аты баяндамасында жазылғандай, ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда 2017 жылдың бірінші жартысында отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларына байланысты 35 253 қорғау бұйрығы шығарылған. Алайда, қоғамдық ұйымдардың ақпаратына қарағанда, әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық туралы барлық жағдайлар толық айтылмайды және әйелдерді жыныстық бопсалау істерінің тек санаулысы ғана сотқа жететін көрінеді.
Сондай-ақ, Қазақстан 2002 жылдан бері БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетіне жүгінуіне мүмкіндік берген. Алайда Фридрих Эберт атындағы қордың Астанадағы жетекшісі Зәуреш Шутованың сөзінше, аталған комитетке сол жылдан бері тек бір ғана әйел арызданған.
"Реакция бар. Тек бізде мемлекеттің тез әрекет етуіне және әйелдердің құқығы бұзылған жағдайда оны қалпына келтіруге мүмкіндік беретін механизм жоқ", - дейді ол.
Бұдан бөлек, zakon.kz ақпарат агенттігі әйелдердің теңдігіне қатысты сауалнама жүргізген. Көпшілігінің пікіріне қарағанда, елімізде әйелдер мен балалар жиі зорлыққа ұшырайды. Алайда көбі ер адамдардан көретін зорлықты жасырып қалуға тырысатын көрінеді. Сауалнамаға қатысқандардың тек 2,8 пайызы ғана ерлер зорлығы бар екенін айтқан. Олардың сөзінше, ең көп таралғаны физикалық, психологиялық, жыныстық зорлықтар.
Қазақстандағы әйелдердің білімі жоғары болғанмен, жұмысқа араласуы төмен
Ranking сараптама агенттігінің мәліметіне қарағанда Қазақстанда жаз айында 8,54 млн адам еңбекпен қамтылған. Оның ішінде жұмыспен қамтылған ер адамдардың үлесі 0,9 пайызға өсіп, 52 пайызға жеткен. Ал әйелдердің үлесі 0,7 пайызға өскен.
Ал жоғары білімге келер болсақ, Қазақстанда еңбекпен қамтылған әйелдердің 43,8 пайызы жоғары білімді. Алайда жоғары білімі болуына қарамастан төмен жалақыға жұмыс істейтін әйелдердің саны басым. Жалпы алғанда жұмыспен қамтылғандардың арасында жоғары білімі барлардың үлесі 39 пайызды құрайды. Орта білімділер үлесі - 37,5 пайыз.
Тағы бір мән беретін нәрсе, Қазақстанда 2017 жылдың 4 тоқсанында 439,3 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Мұның ішінде жұмыссыз жүрген ер адамдардың саны 46,1 пайыз немесе 202,6 мың адам. Ал жұмыссыз әйелдер көрсеткіші 53,9 пайыз, яғни 236,7 мың адам. Сондай-ақ, 25-34 жас аралығындағы 173 мың адам, 35-44 жастағы 101 мың, 45-54 жастағы 85,5 мың, 55-64 жастағы 42,3 мың адам жұмыс іздеген. Осылардың ішінде 15-34 жас аралығындағы жұмыс іздеген ерлердің саны 85,8 мың, әйелдердікі - 124,5 мыңға жуық.
Байқағанымыздай, елімізде әйелдердің жұмыссыздығы жоғары әрі олардың зорлық көруі, ер адамдар тарапынан қысымға ұшырауы, әдет-ғұрып, салтқа қатысты кемсітілуі сынды әрекеттер әлі де бар. Ал нәзік жандылардың мұндай әрекетке тап болуын кейбір сарапшылар әйелдерің өздерін төмен бағалауымен түсіндіреді.