Қытай басшысы шексіз билік құруға талпыныс жасап келе жатыр. Бірнеше он жылдан бері Қытай басшылары бес жылдан екі кезек ел билеп, Конституциядағы билік теңдігін сақтап келген. Бұл рет енді дағды бұзылуы мүмкін. Бейжіңде бүгін бастап ашылған Халық құрылтайында (Ұлттық Халық Конгресі) ҚХР төрағасының өкілетті мерзімін ұзарту жобасы қабылданады деп күтілуде. Дегенмен, бұл ұсыныс шынайы дауысқа салынатын болса, 3 мыңнан астам делегат толықтай қолдау көрсетуі де екі талай. Себебі, ҚХР құрылған алғашқы жылдарда шекісіз мерзімде билік жүргізген Мау Зыдоң (Мао Цзедон/Mao Zedong) дәуіріндегі қорқыныш Қытай қоғамынан әлі сейілмеді.
Ши Жинпиң өткен ғасырдың 80-ші жылдары Дың Шяупиң (Дэн Сяопин/Deng Xiaoping) құрған ұжымдық басшылық жүйесін біртіндеп ыдыратты. 1982 жылы Қытай реформаторы Дың Шяупиң ҚХР төрағасының өкілеттілігін екі кезектен асырмау туралы ережені енгізіп, үкімет пен партия арасындағы функцияларды нақты ажыратқан. Бұл реформалары Мау Зыдоң дәуіріндегі биліктің бір жерге шоғырлануынан туған қателліктерді болдырмау үшін жасалған еді.
2012 жылы Ши Жинпиң ҚХР Орталық комитетінің бас хатшысы болып тағайындалғаннан кейін жаңа экономикалық саясатты жариялады және экономикалық саясатты өз қолына алды. Бұл дәстүр бойынша ҚХР премьер-министрінің міндеті болған. Бұған қоса бұрынғылармен салыстырғанда ең ұзақ уақытқа созылған күресті жүргізді. Оған пара алушы, пара беруші шенеуніктерден тартып, қабілетсіз деп табылған шенеуніктер де ілінді.
Ши Жинпиңнің ұзақ мерзім ел билеу ниетінің бар екені былтыр қазан айында болған ҚКП-ның құрылтайында белгілі болған. Сол кезде ол дәстүр бойынша мұрагерлер тізімін көрсетуі керек еді. Бірақ, Ши Жинпиң мұрагерін таныстырмады.
Америкалық WSJ басылымының хабарлауынша, Калифорниядағы Claremont McKenna College колледжінің профессоры Пей Миншин (Pei Minxin) бұл туралы: «ҚХР төрағасының өкілетті мерзіміне шектеуді алып тастау, жалпы Дың Шяупиң құрған саяси жүйенің үрдісін тоқтатумен бірдей», – деген пікірін білдірген.
Кезекті өтіп жатқан Қытай Халықтық Конгресінің негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың лауазымдыларын тағайындау турасында шешім шығару және Ши Жинпиңның саяси одақтастарын лауазымға тағайындауды бекіту. Бұған қоса тағы бір құзырлы орын құрылып, оның атын «Жемқорлыққа қарсы агенттік» деп атамақ. Бұл агенттік барлық дәрежедегі үкімет қызметкерлерін бақылауға қаблетті. Оның мүшелері қалайда Ши Жинпиңнің сенімді адамдарынан құралатыны анық.
Кейбір шетелдік саясаттанушылардың пікіріне қарағанда, Ши Жинпиң біртұтас жүйені нығайту үшін конституциялық өзгеріс енгізіп, өзінің заңдық үстемдігін нығайта алады. Сол арқылы ол жемқор шенеуніктерді және басқа қылмыскерлерді жазалау үшін өзінің жақсы жасаған имиджін күшейте түседі. Yale Law School институтындағы Қытайдың құқықтық жүйесін зерттейтін доцент Тай Су Жан: «Ши Жинпиң жөнінен алып айтқанда, Конституция оның заңдық негізін нығайтушы құрал», – деп қарайды.
Шенеуніктерге бұрынғыдай емес саяси көзқарастарын ортаға салуға, ҰҚК-ның қызметіне сын айтуға ерік берілгенімен, алдағы уақытта Ши Жинпиңнің командасына сын айтуға батылдық ете алмайды. Себебі, Конституциялық құқығына қоса, «Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі» деп аталатын құзіретті органы бар.
Болжам бойынша, Конституцияға өзгеріс енгізуге Бейжіңге жиналған делегаттардың үштен екі бөлігі келісім береді делінеді. Қытайдың осыдан бұрынғы конституциялық өзгерісі 2004 жылы болды. Сол кезде құрылтай өкілдерінен 2890 адам мақұлдық беріп, тек 10 адам қарсы дауыс берді және 17 адам қалыс қалды. Қытай тарихында Ұлттық конгресс өкілдері ҚКП-ның ұсынысын қабылдамай тастаған кезі жоқ. Осының өзі Қытай басшысы дегеніне жетеді дегенді білдіреді.