Ақпан айының 10-ы күні Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы бойынша Мадина Әбілқасымова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Ол «жұмыс істеуден шаршаған» министр Тамара Дүйсенованың орнын басты.
Өткен аптада БАҚ өкілдері президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға «Не болды енді саған Тамара? Әлде шаршадың ба сен мына жұмыстан?» - деген сөзін жарыса жазды. Бірі министр ханымды жақтады, бірі даттады. Осыдан кейін көп ұзамай ол қызметінен кетіп, оның орнына бұрын соңды халықтың назарына көп іліге бермеген Мадина Әбілқасымова келді. Журналистер іле-шала «су жаңа министр кім?» - деген сұраққа жауап іздей бастады. Ол сұрақтың жауабы көп ұзамай табылды. Жұрт қайдан келгенін білмей жүрген Мадина ханым 2005 жылы президент сайлауына қатысқан Ерасыл Әбілқасымовтың қызы болып шықты. «Алма алма ағаштан алысқа құламайды» деген қағиданы ескеретін болсақ, Мадина Әбілқасымованың министр болып тағайындалуы заңдылық деуге болатын шығар. Бірақ бұл жерде заңдылықтан бұрын, елбасының кемеңгерлігіне, кең жүректілігіне таң қаласың. Айтыңызшы, осыған дейін қай елдің президенті өзіне қарсы президент сайлауына қатысқан саясаткердің қызын министр етіп тағайындады? Ешбір елде бұндай жағдай болған жоқ. Бұл да тарихи сәт десек артық айтпаспыз. Бірақ өкінішке орай сағат сайын тарихи сәтке куә болатын министрлер кабинеті бұл жолы бұны халыққа өз деңгейінде түсіндіріп, насихаттап үлгерген жоқ.
Жалпы, Мадина Әбілқасымова осыған дейін 2013-2014 жылдары аралығында ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі, 2014 жылдан 2018 жылдың ақпан айына дейін Ұлттық экономика вице-министрі қызметтерін атқарған. Ол жерлерде су жаңа министрдің қаншалықты деңгейде жұмыс істегені бізге белгісіз. Бірақ соңғы бір аптадағы жұмыс қарқынына қарап Мадина ханымның бұған дейін де жаман қызмет істемегенін байқаймыз. Ол өзінің министр ретінде қатысқан алғашқы үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен өзге де әріптестері алдында баяндама жасады. Онда ол: «5 жыл бойы жұмыссыздар мәселесін шеше алмаған экс-министр Тамара Дүйсенованың қателігін қайталамаймын. Бізде шамамен 2-3 миллион өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген адам бар. Олар ешқандай салық төлемейді, зейнетақы қорына қаржы аудармайды. Міндетті сақтандыру қорына да қатыса алмайды. Біз осыны реттеу үшін жаңа заң әзірлеп жатырмыз» - деді. Бір сөзбен айтқанда Мадина Әбілқасымова жаңа қызметіне «білек сыбана» кіріскенін байқатты. Бірақ бұл заң жобасы әзірленбей жатып халық наразылығына тап болды. Халықтың бұндай қарсылық көрсетуіне негіз де жоқ емес. Себебі осыған дейін 3 миллион халықты «өзін өзі жұмыспен қамтығандар» тізіміне кіргізіп тастаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі енді сол халыққа салық төлетпек. Мадина Әбілқасымованың келе салып жасаған мәлімдемелеріне қарап, халықты су жаңа министрдің өзінен қорғайтын бөлек бір министрлік құру керек шығар? - деген ойға келесің.