Кеше ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова өзінің қанша жалақы алатыны туралы айтты. Білім ошағына жауапты лауазымды еш қоспасыз айына 600 мың теңге жалақы алатынын жасырмады. Әрине, білім саласында қызмет істеп жүрген жауапты тұлға болғандықтан осынша жалақы алуы да орынды шығар. Ал бұдан басқа салада лауазымды тұлға ретінде емес, қарапайым қызметкер түрінде жұмыс істеп жатқандардың жалақысы қанша? Айлығы шайлығына жете ме?
2017 жылдың соңғы тоқсанындағы есеп бойынша, жұмыс істеп жатқан әрбір қазақстандықтың орташа айлық жалақысы 163,7 мың теңгеге жетті және бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,9 пайызға артық. Дегенмен мұндағы қарама-қайшылық мынада: жалақы көбейгенмен инфляцияны есепке алғанда тұтыну қабілеті есепті кезеңде 1,4 пайызға төмендеп кеткен. Яғни 2016 жылдың 4 тоқсанында орташа есеппен 149 мың теңге алған қызметкер 2017 жылы 163 мың теңге алса да өзіне қажетті нәрсені толық қамтамасыз ете алмай отыр деген сөз.
Айлығы көбейіп, өткен жылға қарағанда біраз болса да жалақысы көтерілгендер Қостанай мен Ақтөбе облысының қызметкерлері. Бұл өңірде жалақы бір жыл ішінде 2,1 пайызға артып, сәйкесінше, 138,2 мың теңге және 130 мың теңгеге дейін көтерілген. Ал жалақының төмендеуі салдарынан тұтыну қабілеті де төмендеген облыс - Маңғыстау. Өңірде жалақы 8 пайызға немесе 269 мың теңгеге дейін азайған және бұл - атаулы жалақы азайған жалғыз аймақ.
Еnergyprom.kz сараптама агенттігінің мәліметінше, жалақыны көп алатындар - әдеттегідей қаржы және сақтандыру саласында жұмыс істейтіндер. Олардың орташа жалақысы 0,1 пайызға немесе 316,1 мың теңгеге дейін көтерілген. Дегенмен тұтыну қабілеті 5,3 пайызға төмендеген. Кәсіби, ғылыми және техникалық мамандықтағы қызметкерлердің орташа жалақысы - 303,3 мың теңге және -7,3 пайызға азайған. Тұтыну қабілеті 3,7 пайызға төмендеген. Ақпарат және байланыс саласында қызмет ететіндердің жалақысы - 249,3 мың теңге(+7,4 пайыз, тұтыну қабілеті сақталған).
Ал басқа салалармен салыстырғанда жалақы көлемі көп мөлшерде жоғарылаған сала - орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі (жылына + 17 пайыз немесе 162 мың теңгеге дейін көтерілген, инфляцияны есепке алғанда нақты өсім 9 пайыз болған) және құрылыс (жылына 15,7 пайыз өсім немесе 218,1 мың теңге, нақты өсім - 7,8 пайыз).
Дегенмен кейбір сарапшылар алдағы уақытта кейбір кәсіп түрлері жаңа технологиялар әсер ететіндіктен және жаңа тенденцияның қалыптасуына байланысты өзектілігін жоғалтпағанмен, нарықтан мүлдем жойылып кетуі мүмкін екенін айтады. Ал ІТ-технологиялар саласындағы сарапшылар, баламалы энергия көздері бойынша сарапшылар, Big Data үлгілерін әзірлеушілер, биотехнологтар, робототехника, урбанистика саласында жұмыс істейтін мамандарға керісінше, сұраныс арта түседі.
Осыған ұқсас пікірді Head Hunter компаниясы өкілдері айтып отыр. Компанияның маркетинг және PR директоры Динара Рахымжанованың сөзінше, алдағы жылдары Қазақстанда сауда саласында тиімді жұмыс істейтін мамандарға сұраныс арта түседі. Одан кейін қаржы және бухгалтерия, маркетинг, әкімшілік бағыттағы сарапшылар және әртүрлі санаттағы IT мамандарға сұраныс көбейе түседі. Өйткені сарапшылар жаһандық технология уақыт өткен сайын кез келген өнеркәсіп пен қызметке қажет болатынын, тіпті гуманитарлық бағыттардың өзі бағдарламалау және алгоритмсіз жұмыс істей алмайтындай күйге жететінін айтады.
Бұдан бөлек, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғандықов Қазақстанда ең танымал 10 мамандықтың атын атады. Олар мыналар: зерттеу және жөндеу жөніндегі менеджер, дүкен сатушылары, мал шаруашылығы саласындағы қызмет, күзету қызметі және мотоцикл/көлік құралын жөндеуші слесарлар, трактор жүргізушілері және т.б. Ал мұндай мамандықтардың танымал болуы жұмыс берушілерге жүргізілген сауалнамаға байланысты болған.
Не десек те, қазіргі заманғы роботтандыру халықты жұмыссыз қалдырып қана қоймай, жұмыс істеп жатқандардың өзінің жалақысына әсер ете бастады. Ал бұлай жалғаса берсе, онда адамзатқа "нан тауып жеудің" басқа амалын қарастыруына тура келері анық. Бұл кезде "жалақыны қалайда көбейтеміз, әлеуметтік жағдайды көтереміз" деп жүрген үкіметтің өзі қауқарсыз болып қалуы ғажап емес.