Кавказ соғысы - 18-19 ғасырлардағы ұзаққа созылған, сансыз адамның өлімімен сандаған ұлттардың жойылып кетуіне себеп болған. Ресей империясының жер шегарасын кеңейту үшін жүргізген бұл соғыс, әсіресе Ресей-Түркия әскерлерінің араласуымен әлемге әйгілі. Ғасырлық ұлы жобаларының бірі, қазақ даласын түгелімен бағындырып болған соң, ресей империясының ендігі көздеген мақсаты – өз ішінен тайпалық соғысты басынан кешіріп жатқан кавказ халықтарын бағындыру болатын. Бұл мақсатынада жетті. Бірақ ұрпағымен түбегейлі құрып кеткен ұлттардың көз жасы әлі Ресей елінің мойынында. Сол қиямет қайымды шақтардың құрбаны болып жер бетінен өшіп кеткен ұлттардың бірі Ұбықтар.

Абхазиялық жазушы Баграт Шинкубаның «Ұбықтан қалған бір жалғыз» романы, «екі түйе соғылысса, ортасында шыбын өледі» дейтін қазақ мақалын еске салады. Ұбықтардың тағдыры бір жағынан алып қарасаң, ресей мен түркияның бірлесіп жүргізген саясатының құрбаны болыпта көрінеді. Өздерін ер жүрек санайтын ұбық ұлты қанды майдан соғыста жеңіліп, құрып кеткен жоқ. Қатал өкім мен құрығы ұзын қулықтың құрдымына кеткен ұлт. Ұбықтар әуелден өздеріне қоныс етіп, Батыс Кавказ тауларын мекендеген, солтүстігі мен оңтүстігі Хоста өзендерімен шектесіп жатады. Кіндік қаны тамған туған жерінен оларды Ресей империясының шарты аудырған. Өздері мұсылман және соғыс өнеріне жеттік ұбықтардың оңайшылққа берілмесін білген патша, оларға шарт қояды. Бірақ, бұл екі түрлі шарттың екеуіде ұбық ұлтының маңдайын күнге шалдырмас шарт болатын. Оларға Ресей патшалығы: таудан түсіп Солтүстік Кавказдың жазықтық даласына, немесе Түркияға қоныс аударуға, осы екі жолдың бірін таңдауға еріксіз түрде күштеп ұсыныс тастайды. Екі шартта қалай болмасын бауыр басқан ұйық жұртынан айырғалы тұр. Шындап келгенде бұл бір ұлт емес, бір адам үшін де қиын талдау. Ұбықтардың көсемі өзара кеңесе келе, жерді сақтап қала алмасада ұлтты сақтап қалу үшін, мұсылман ел Түркияға қоныс аударуды жөн санаған. Осылайша 1864 жылы ұбықтар күңірене отырып, туған жерінен алыстайды. (сол кезде ұбықтармен бірге талай ұлттар мен ұлыстар Түркияға үдіре көшкен. Роман тек ұбықтар туралы болғандықтан менде басқа ұлттардың тағдырын кейінге қалдырдым. Мүмкін ұбықтар сияқты құрып кеткен ұлттар көпте шығар) ондағы себебі өздерінің ата діндерінен айырылмаса, түбінде ұрпақтары туған жерлерін қайта табар деген үмітте болған шығар. Өйткені қазақ даласын бағындырған орыстар сол кездің өзінде қазақ жерлеріне шіркеу сала бастаған. Бұл ата дін - ислам дінен бездіру деген сөз. Бұл жағдайдың бәрінен хабардар ұбықтар діні бір Түркияны сол үшін талдаған. Бірақ, ұбықтардың алдынан ауызы арандай ашылған ажал күтіп тұр еді. Ұбықтарға Түркияға қоныс аударудан бұрын келіп жеткен хабарлардың бәрі жалған болып шығады. Ендігі жерде, жастары басқа ұлттың тілін үйренеді, басқа ұлттың салт-дәстүрін қабылдайды. Арада бір ғасыр өткенде ұбықтар өздерінің бай мәдениетін, ер жүрек қаһармандығынан айырылады. Түркияға қоныс аударып келген соң қатал саясат, аштық, аштықтың себебінен күн-көріс үшін тауып жеген тамақтың салдарынан жұқпалы індет жұқтырады. Сонымен қатар дүние жүзілік екі реткі соғыс ұбық халқының жер бетінен жоғалуына әкеп саяды. Кейбір ұбықтардың тарихын зерттеушілер дінді желеу етіп, ұбықтарды жер бетінен жою үшін, Англия, патшалық ресей және Түркия елдерінің бірігіп жүргізген саясаты деп жазады. Қалай болмасын үш елдің «шахымат ойыны» дегендеріне жетіп тынады. 88 жасында қайтыс болған Тевфик карияның құлыптасына «Бұл жерде ұбық тілінде сөйлеген ең соңғы адам жатыр» деп ойылып жазылған. Содан бері,  1992 жылдан бастап жер бетінде ұбықша сөйлейтін жан баласы жоқ. Тағдырдың ащылығы мен тарихтың қаталдығының көрінісі осыдан-ақ көрініп тұр. Кейде осы ұбықтар тағдырын ойласам есіме бір жалғызым ноғайлар оралады.

Жақында «Qazaq Times - ақпараттық, қоғамдық-саяси порталы» «Ноғай қызының жан тебірентер әні» деген ноғай қызның орындауындағы әнді жариялады. Ән ноғайым деген қаршадай қыздың ғана емес, тыңдаған әрбір қазақтың да көңілін бір толқытары хақ. Мәселе ән де меес, соңына қалдырған әр түрлі пікірлерде жатыр. Азаматтық пікірін айтуға құқығы бар демократиалы елде өмір сүріп жатқан әркімнің өз ойын айтуы дұрыс. Дегенмен «екі туып бір қалған» ноғайды сырт көретіндері қынжылтады. Қатігез саясаты асқынып кеткен Шайбан шақтан қазақ руларын бөліп, өз алдына дербес ел болуды көксеген Керей мен Жәнібектің сәлемі, ноғайлармен төсекте басы, өрісте малы қосылып жатқан қазақтарға жеткенде, атақты жырау Қазтуғанның ұйық жүрті Еділді:

Қайран менің

Еділім,

Мен салмадым,

сен салдың,

Қайырлы болсын

сіздерге

Менен қалған

мынау Еділ жұрт,- деп зарлана отырып, Еділін осы ноғайларға тастап кетті емес пе. Онда да, сен осында құрдымға бат, қырылып өл деп емес, қайырлы болсын сіздерге деп ықыласымен қалдырып кеткен. Сол Ноғайдың қызы бізге қалай жат болсын. Әннің сөзінде де қазақ тілінен алшақ жатқан түгі көрінбейді. Осы жерден ноғай-қазақ қашан бөлінді деген сұрақ туады. Ноғай мен қазақтың тарихын жақсы білетін орыстар қалайда ноғай-қазақ хандығының бірлесіп кетуінен алаңдаған. Сол үшін де орыстар торғауыт-қалмақтарға көмек бере отырып, 1620-1630 жылдардан бастап екі ұлыстың ара қатынасын үзген. Содан бастап бір енені тел емген қазақ-ноғай қатынасы үзіліп, ендігі жерде өз қотырларын өздері қаситын екі елге айналып кетті.

Менің ұбықтармен бірге ноғайды есіме алатын себебім, орыс әскері ұбықтарды Кавказ тауынан көшіргенде, ноғай халқы да Түркияға қоныс аударған. Жақынғы жылдағы санақта Түркияда бір миллионнан астам, тіпті екі миллионға жуық ноғайлар тұрып жатыр. Қалған ноғайлардың көп сандысы әлі күнге орыстардың уысында тұр. 1957 жылы кеңес одағы ноғайлар үшін тағы да жан мұздатар заң қабылдап, ноғайды төрт аймаққа бөліп жіберді. Кейін, нақтылап айтқанда кеңес одағының топшасы босап, есігі шалқасынан түскенде, төрт аймаққа бөлінген ноғай, төрт елдің табалдырығын аттады. Бүгінгі күндері, құдайға шүкір, автономия бұйырмасада екі елде ноғай аудандары тұрады. Бірақ, адамды бір алаңдатар жайт, жаһандану дауірінде өз алдына мемлекеті бар ұлттар тілін сақтап қалу үшін жанталасып жатқанда, мемлекеті жоқ, тек ноғай тілі арнаулы сабақ ретінде ғана өтілетін ноғайлар тілі жойылып кетеме деген қорқыныш бар. Тілі жоғалған ұлттың не болары баршамызға белгілі.   Өйткені ноғай құрамында, бүгінгі күні Қазақстанда жоқ кейбір қазақтың байырғы рулары, өздерін ноғаймыз деп айтады екен. Ал ноғай тілі жойылып, ноғайлар құрыса, құрамындағы қазақ рулары бірге кеттері анық. Сондықтанда мен ноғай қызының әнін өз қызымыздың әніндей сезінемін.

Қуанәлі Алмасбекұлы

“The Qazaq Times”