Ресей Украинаға әскери шабуылын бастағаннан бері алғаш рет өткен екі ел СІМ басшыларының кездесуі тағы да нәтижесіз аяқталды. Кездесу кеше, 10 наурызда Анкараның ара ағайындығымен Түркияның Анталия қаласында өткен болатын.
Кездесу бір жарым сағатқа созылған. Келіссөзден кейінгі мәлімдемесінде Украина сыртқы істер министрі Кулеба ресейлік әріптесі Лавровпен 24 сағатқа атысты тоқтату бойынша диалог жүргізгенін, бірақ ешқандай нәтиже болмағанын айтты. Ол Лавровты келіссөз үстеліне «дәстүрлі риторикамен келді» деп айыптай келе: «Біз атысты тоқтатуды да талқыладық, бірақ бұл мәселеде ілгерілеушілік болған жоқ», – деді.
Кулеба баспасөз мәлімдемесі кезінде Украинаның қазір де, болашақта да берілмейтінін, күресті тоқтатпайтынын айтты.
Ал, Ресей СІМ жетекшісі Сергей Лавров сөзінде Мәскеудің келіссөздерді жалғастыруға дайын деп білдірді, әрі президент Путин Украина президенті Зеленскиймен «нақты мәселелерді талқылаудан» бас тартпайтынын жеткізді.
Анталиядағы кездесу өтуден бұрын да тараптардың нақты келісімдерге келуі бойынша үміт аз болды. Президент Зеленский болса әлі де ресейлік әріптесін бетпе-бет кездесуге шақырып келеді. Ол Түркиядағы келіссөзден бұрын жасаған мәлімдемесінде: «Біз бұл соғысты екі елдің президенттері тікелей сөйлескенде ғана аяқтай аламыз», – деген болатын.
Осы аптаның бас шенінде кездесу туралы мәлімдей отырып Түркия Сыртқы істер министрі Чавушоғлу оны «бұрылыс нүктесі, бейбітшілік пен тұрақтылыққа бағытталған маңызды қадам» болады деп үміттенетінін айтып еді. Сондай-ақ, бұл кездесуде «тұрақты атысты тоқтатудың есігін қағылады» деп күткенін де жеткізген. Енді келіссөз нәтижесіне қарай отырып, бұл үміттердің ақталмағаны көрінеді.