Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа сапары кезінде екі ел арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
– Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Біздің ірі серіктестеріміздің қатарында Шеврон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы екі жақты қатынастардың кең ауқымын қамтитын Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек президент Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімелеген.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының ерекше мәртебесін атап өтіп, оның жұмысының алдағы жоспарларына тоқталған. Президенттің сөзінше, «Астана» ХҚО қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық, валюталық, визалық және еңбек режімдері сияқты жеңілдіктер беріледі. Аталған орталықтың жоғары технологиялық биржасын құруға Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы тартылған.