Гарвардтың нейробиологі Лиа Сомервиль (Leah H. Somerville) мидың қалай дамитынын анықтау үшін көптеген тәжірибелер жасады. Оның айтуынша, «Ми – субъект. Оның қалай дамитынын білсең, көптеген заңды құбылыстардың да шешімін табуың мүмкін». Бұл туралы nytstyle.com жазады.
Самервил (Dr. Somerville) дәрігердің зерттеу нысаны: мидың даму жолын немесе кезеңін анықтау, мидың дамуы адамның жасына қаншалықты әсер етеді. Көп жағдайда, зерттеуші «Қашан ми қызметі тоқтайды? Қашанға дейін дамиды?» деген сұрақтарға тап болатынын айтады. Осы кезде Самервил ханым «мен олардың сұрағын қанағаттандырмайтын жауап қайтарамын» дейді.
Ғалым соңғы жылдары көптеген мәселелерді анықтаған. Алайда, ол өте күрделі картинаға тап болған.
Жалпы, адам баласының миы, ересек адамдардың миының көлеміндей болып 10 жасында қалыптасады. Бірақ, осы қалыптасу процесін жүзеге асыратын нейрондар, миды жыл сайын өзгертіп отырады. Көршілес нейрондармен байланыс үзіледі де, мидың басқа бөлігімен байланыса бастайды. Соңына келгенде, яғни ми жетіле бастағанда, бұл өзгерістер бәсеңдейді. Яғни, мидың қалыптасуы ерте дегенде 20 жаста, кейбірінде 30, не одан асқан жасында толық аяқталады. Демек осы кезде нейрондардың жұмысы бәсеңдейді. Кейбір балалардың ойлауы ересек адамдардың ойлауындай болады. Бірақ, олар – бәрібір – бала. Біз солай ойлайтын едік. Олай емес екен. Әр адамның жеке индивид екенін ескерсек, олардың миының дамуы да әртүрлі болатынына көз жеткіздік.
Невропатологтар болжағандай, нейрондардың алыс орналасуы ересек адамдардың миының жақсы жұмыс істеуіне оң әсер етеді және көп ақпарат қабылдай алады. Ми қыртыстарының өзгеру анатомиясы сияқты, оның белсенділігі де өзгереді. Адам миы туралы ақпараттарды сараптау барысында Е. Ақниязовтың қызықты материалын көзіміз шалды. Онда былай деп жазылған:
Корей дәрігерлерінің дәлелдеуінше, ота жасаудың (операция) көмегімен ақымақтың өзін данышпан етіп шығаруға болатын көрінеді. Өйткені, Сеул ұлттық университетінің бір топ ғалымдары мидың артқы бөлігінде ақылдылыққа «жауап беретін» нүктенің бар екенін анықтаған. Ол үшін Ли Кун Хо бастаған ғалымдар 16-18 жас аралығындағы 25 талантты баланың және 25 қарапайым баланың миын магниттік-резонанстық томографтың көмегімен бақылауға алған. Оларға түрлі есептер шығартып, ой еңбегін талап ететін тапсырмалар береді. Сонда анықталғаны – ақылды балалардың шүйде тұсындағы ми бөлігі белсенді түрде жұмыс істеген, ал қарапайым балалардың миының бұл бөлігі ұйықтап жатқан. Осыны зерттей келе ғалымдар «мидың қатты жұмыс істеуінің себебі ондағы нейрондардың көп болуы», – дейді. Демек, кез келген адамды данышпан етіп шығару үшін оның ми бөлігінің осы тұсындағы нейрондардың белсенділігін арттыру қажет. Ғалымдар осы сәулелендіру жолымен немесе нейрондардың импульсін арттыра түсетіндей етіп операция жасау арқылы жүзеге асыруға болатынын айтады. Корей ғалымдарының пікірінше, «мұндай операцияны адам миының қалыптасу процесі толық аяқталатын кез – 25 жасқа дейін жасаған жөн».
Сонымен қатар, Plos ONE журналына сілтеме жасай отырып, The Independent газеті былай деп жазады: «Өшпенділік пайда болғанында адам миының қай бөлігі іске қосылса, романтикалық махаббат, құштарлық, жақсы көру кезінде де мидың дәл сол бөлігі іске қосылады».
Рас. Біздің санамыз бен миымыздың арасындағы қатынастар бір қарағанда осындай. Оның бізге беймәлім ақтаңдақтары тіпті көп. «Түсінемін», «ойлаймын», «есіме түсірдім» дейтіндей сөздердің арғы жағында қандай физикалық-химиялық процестер жүріп жатыр, ол – әлі бізге жұмбақ.
Мидың біз білмейтін құпиясы әлі көп. Ғалымдар әлі күнге дейін жете зерттеп болған жоқ. Құпия ашылған сайын, беймәлім тұстары көбейе түсуде. Сондықтан бүгінгі таңда адам миын зерттеу жұмыстары әлі де жалғасын таппақ. Ізденімпаз, өте ақылды ғалымдардың миының тек қана 3-4 пайызы жұмыс істейтінін ескерсек, кемінде 30-40 пайызы жұмыс істесе қалай болатын еді деп деген ой келеді. Сіздер қалай ойлайсыздар?
“The Qazaq Times”