«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры» АҚ-ның жаңа құрылымы бекітілді. Шешім бойынша компанияны басқарушы директорлар саны екі есеге қысқарған. Бұл туралы компанияның ресми сайтында хабарланды.
«Басқарма шешімі бойынша «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры» АҚ жаңа құрылымы бекітілді. Жаңа құрылымға сәйкес, басқарушы директорлар саны 10-нан 5-ке дейін, департаменттер мен құрылымдық бөлімшелер саны 37-ден 27-ге дейін қысқартылды және басқарма төрағасының орынбасары қызметіне бір штаттық бірлігі енгізілді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Компанияның мәліметінше, құрылымға өзгерістер енгізу - басқарудың оңтайлылығын (мобильділігін) және тиімділігін арттыру, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ трансформациясы процесіне терең үңілу, активтерді басқаруда сатылы құрылым енгізу және Қор құрамына кіретін ұлттық компаниялардың экономикалық тиімділігін арттыру міндеттемелері аясында қажет болды.
Бұған дейін аталған компанияның басқарма төрағасы қызметіне «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-ны басқарған Ахметжан Есімов тағайындалған.
Айта кетейік, Ахметжан Есімов «Астана ЭКСПО-2017» ҰК төрағасы болып тағайындалған жылы да көп уақыт өтпей жатып-ақ аталған компанияның басшылық құрамын қысқартып, сол кезде де басқарма төрағасының орынбасарлары мен басқарушы директорлардың санын шектеген еді.