Сенат депутаты Дариға Назарбеева Қарағанды облысындағы кеншілердің жағдайына қатысты пікір білдірді.
"Мемлекет басшысы елде не болып жатқанын біледі. Қарағанды облысындағы жағдайды бақылап отырғанына сенімдімін... "АрселорМиттал Теміртау" әкімшілігі шиеленісті осындай жағдайға дейін жеткізгені өкінішті. Шахтерлердің жалақы мәселесі жаңа дүние емес, олардың талабы үнемі болды", - деп жауап берді Назарбаева Сенат отырысынан кейін журналистердің сұрағына.
"Шахтерлердің қандай талап қойғаны бізге белгілі, олар жалақыларының 100 пайызға көтерілгенін қалайды. Бірақ біз білмейтін комбинатта экономикалық жағдай қандай екенін есепке алуымыз керек. АрселорМиттал Теміртау да жалақыны 100 пайызға дейін көтеруге экономикалық мүмкіндігі бар ма, жоқ па, ондай ақпаратты ашып көрсетіп отырған жоқ. Қандай жағдай болмасын тараптардың ымыраға келуін тілеймін", -деді ол.
Назарбаеваның сөзінше, бұл мәселе назардан тыс қалмайды. Бірақ компанияның сотқа шағым түсіруіне құқығы бар, одан ешкім бас тарта алмайды.
Айта кетейік, Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" шахталарындағы 600-ден аса кенші жалақыларын көтеруді талап етіп, үш күннен бері жер бетіне шығудан бас тартып отыр. Ал АТМ компаниясы өкілдері "шахтерлер жер бетіне шыққан жағдайда ғана келіссөз жүргіземіз" дегенмен, қазіргі уақытта оларға қатысты сотқа шағым түсірген.