Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қарамағына қарайтын 8 шахтаның қызметкерлері жалақыны көтеріп, еңбек жағдайы мен қауіпсіздігін жақсартуды талап етті. Бұл жөнінде ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады.
«Қарағандылық кеншілер АрселорМиттал Теміртау компаиясының, кәсіподақ өкілдері және мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен кездесуде басшылыққа бірқатар талаптар қойды. Олардың қатарында жалақыны арттыру, шахталарды заманауи жабдықтармен жарақтандыру, сондай-ақ кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талабы айтылды. Абай шахтасындағы қайғылы оқиғадан кейін сегіз шахтаның ұжымы қордаланған мәселелерді күн тәртібіне шығарды», – деп жазды ҚазТАГ.
Жұма күні Сенаттағы Үкімет сағаты кезінде төтенше жағдай министрі Юрий Ильин апат болған Абай шахтасы бүгін үйіндіден толығымен тазартылатынын хабарлады. Осыдан кейін үкіметтік комиссия оқиғаның себебін анықтауға кіріспек. Министр Ильин компанияның өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын, жүйелі мәселелер барын бірнеше рет анықтап, шара қолданғанын, десе де соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек әкімшілік жаза ретінде айыппұлмен шектелгенін мәлімдеді.
«Министрлік инспекторлары тау-кен жұмыстарымен байланысты қауіпсіздік ережелерінің жүйелі түрде бұзылатынын, көмір қабатын алдын ала газдан тазарту, кейбір бөлікте метан концентрациясын автоматты түрде анықтау жүйесінің жоқтығы сияқты жайттарды тұрақты түрде анықтап келеді. Тексеруден кейін сот органдарына көмір шахталарының қауіпті аймақтарында жұмысты тоқтату бойынша шағым жіберілді. Алайда іс жүзінде сот қауіпті аймақтарда жұмысты тоқтату туралы өтінішті мақұлдамайды, тек әкімшілік айыппұл салады» деді Юрий Ильин бүгінгі Сенат жиынында.
Өткен жексенбіде, қарашаның 7-сі Қарағанды облысындағы Абай шахтасында апат болды, салдарынан алты адам қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды. 56 адам шахтадан өз бетінше шығып, бас сауғалап үлгерген. Төтенше жағдай министрлігі бұл оқиғаны «метан газының жарылуымен» түсіндірді.
Апта басында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдегі барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарын еңбек қауіпсіздігі тұрғысынан тексеруді тапсырды. Ал полиция Қылмыстық кодекстің 277-бабы, яғни «Тау-кен және құрылыс жұмыстарының ережелерін бұзу бойынша» сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастады.
Қарағанды шахталарының бір бөлігіне иелік ететін «АрселорМиттал Теміртау» танымал олигарх Лакшми Митталға тиесілі компания. Компания қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін көп сыналады, жұмысшылары нормаға келіңкіремейтін еңбек жағдайының нашарлығына жиі наразылық білдіреді.
Қазақстан шахталарында кейінгі ширек ғасырда оннан аса ірі апат болып, 150-ден аса кенші қаза тапқан. Соның бірі, 2008 жылы дәл осы шахтада метан газы жарылып, 30 адам опат болып, тағы 14-і түрлі дәрежеде жараланған еді.