Көптеген зейнеткерлер құрметті еңбек демалысына шығып, негізгі табыс көзін жоғалтқаннан кейін зейнетақысы шетелге шығып демалуды былай қойғанда, азық-түлік, дәрі-дәрмектер сатып алуға, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жетпей қала ма деп қорқады. Бұл әсіресе зейнетақы жүйесі дұрыс жолға қойылмаған елдердегі алаңдаушылық. Оған Қазақстанды да жатқызуға болады. Өйткені елдегі зейнетақы мөлшерінің аз болуы, зейнетақы қорындағы ақша жымқыру, зейнетақы активтерін проблемалы банктерге аудару сынды жағдайлар қазіргі емес, болашақта зейнетке шығатындарды алаңдатпай қоймасы анық. Осы тұрғыда "зейнеткерлері бейқам өмір сүретін қандай елдер?", деген сұрақ туындайды. Анықтап көрейік.
Жалпы әлемде зейнеткерлердің әл-ауқатын анықтайтын негізгі параметрлер бар. Олар мыналар:
- мемлекет тағайындаған бастапқы зейнетақы мөлшері;
- инфляцияны есепке ала отырып, зейнетақы төлемдерін кезең-кезеңімен индексациялау;
- зейнетақы төлемдерінің көлеміне қарамастан, зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастыру;
- елдегі халықтың өмір сүру ұзақтығы мен тұтыну себетін, өмір сүру деңгейін есепке ала отырып, зейнет жасын белгілеу;
Ал бұл параметрлер толық жүзеге асатын мемлекеттер зейнеткерлердің әл-ауқаты мен зейнетақы төлемдері ең жоғарғы елдер рейтингінде әрқашан бірінші болады. Ал олардың көпшілігі әдеттегідей Еуропа елдері.
Еуропадағы зейнетақы рейтингі
- Дания – зейнеткерлер үшін "Мекке" деуге болады. Еуропалықтардың көпшілігі зейнет жасына жақындаған кезде осы елде жұмыс істеп, зейнетке шыққылары келеді екен.
- Финляндиядағы зейнеткерлер ең жоғарғы зейнетақы қанша екенін білмейді. Себебі мұнда зейнетақының көлемі қанша жыл жұмыс істеп, қанша қаражат тапқанына байланысты. Ал егер зейнетақы төленуі тиіс ең төменгі қаражат көлемі жиналмаса, онда мемлекет қосымша төлейді.
- Норвегия - зейнетке шығу жасы ең жоғары мемлекет. Бірақ мұнда зейнетақыны басқару жүйесі басқа елдерге қарағанда әлдеқайда сенімді.
- Чехия. Мұнда зейнетке шығу жасы тым жоғары емес әрі олар тым кедейлікте де өмір сүрмейді. Зейнетақыларының 50 пайызы азық-түлік себетіндегі тауарларды сатып алуға және қызмет ақысын төлеуе жұмсалады.
- Германияда халықтың төрттен бір бөлігі зейнеткерлер. Сондықтан мемлекет ең төменгі зейнетақыны барлығына тіпті, эмигранттарға да төлейді. Барлық зейнеткерлерге коммуналдық қызмет төлемдерін төлеуге кепілдік беріледі.
- Ал Франция болса басқа еуропалық елдердегі принциптерді негізге алады. Жұмыс өтілі қаншалықты көп болса, алатын зейнетақы да соншалықты көп болады. Алайда мемлекет алдағы уақытта зейнет жасын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
ТМД елдеріндегі зейнетақы деңгейі қандай?
- Украина
Украинадағы зейнетақы жүйесі реформалау сатысында тұр. Қазіргі кезде қолданылатын жүйе бойынша зейнетақы қорына жалақының 34 пайызы аударылады және бұл әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіш. 2015 жылы Украинадағы орташа зейнетақы 52 доллар (1100 гривен) болған. Бұл көрсеткіш елдегі күрделі саяси жағдай мен ұлттық валютаның құлдырауына байланысты қалыптасты.
- Беларусь
Мұнда орташа жалақы 175 долларды немесе 349,65 беларусь рублін құрайды. Елдегі орташа жалақы мен зейнетақының арақатынасы - 38 пайыз.
- Қазақстан
2017 жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп бойынша орташа зейнетақы 66 051 теңгені құрады және ТМД елдеріндегі зейнетақы көрсеткішімен салыстырғанда екінші орында. Алайда инфляцияны есепке алсақ, онда зейнетақы деңгейі өзгеріссіз деуге болады.
- Ресей
Ресейде орташа зейнетақы біздегі көрсеткішпен деңгейлес. Жасы бойынша зейнетке шыққандар шамамен 13,7 мың рубль алады. Алайда бұл елдегі экономистердің сөзінше, ең төменгі зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейінің мөлшерімен сәйкес келмейді екен.
- Армения
Бұл елде әлі де зейнетақыны тарату жүйесі жұмыс істейді. Бірақ жинақтау жүйесін енгізу жоспарланған. 2015 жылы елде зейнетақының орташа көрсеткіші 100 доллардан аз болған.
Міне, бұл бұрынғы КСРО құрамында болған біраз елдер мен дамыған елдер арасындағы зейнетақы жүйесі. Аралары жермен көктей. Дамыған елдердегі зейнетақы мөлшерінің көлемі ТМД елдерімен салыстырғанда шамамен 20 есеге жоғары. Тиісінше зейнеткерлер арасында да айырмашылық жетерлік. Дания сынды елдердің зейнекерлері құрметті демалысына шыққан соң шетел аралауды жоспарласа, біздікілер алған зейнетақысымен кредит жабуды, азық-түлік сатып алуды, коммуналдық қызмет ақысын төлеуді жоспарлайды.