Анда-санда ат тұмсығының арқан бойы алдынан пыр-пыр бөдене ұшады. Басқа дүние тып-тыныш. Орталанып қалған момақан ай Сеңгірдің тақымындағы шашақты найзаның көкаяз жүзінде діріл қағады. Сау желген құр аттардың құйрық ұшы жентек-жентек топырақ, жосылған із.
Көделі жердің көбесін сөге дүбірлеткеннің бірі – Байшағыр. Мойнында сала құлаш садақ, арқасында жылан тілді жебе толы қорамсақ. Сеңгірден бір елі қалмай қатар келеді.
Ел шетіне жау тиген хабарды қиыс отырған бұлар кеш естіді. Асығыс шапқан жаушылар ұтық-ұтығымен қонған ордалы ауылдарға ғана сүрен салып үлгерген. Жедел жиналған шағын жасақ дұшпан қолын дендетпеу үшін суыт шеру тартты. Арттан келер ауыр қосынды күтуге жасанған жау мұрсат берер емес.
Сеңгір мен Байшағыр жеткенде шоғыры мол шүршіт жасағы шығыс жақты сұрала шаңмен бүркеп, төніп қалған екен. Даңғырлаған дауылпаз үні мен ышқынған керней дауысынан Көкпектінің сай-саласы селкілдеп тұр. Арбақ-сарбақ жазуы бар жалауларын желпілдеткен жау қолы бар айбатын сыртына салған. Қарсысындағы топаны аз қазақ қосынын көргенде тіпті дүрдиіп кеткендей. Шептің алдындағы өңкей баран атты, көк сауытты топтың сұсы да тым бөлек. Олардың артында кісі бойы қалқандарын найзаларының сабымен соққылаған қара нөпір жаяу шеріктің озаны да ойға үрей, бойға қорқыныш ұялатады.
Бұрын мұндай басынан бақайшығына дейін қаруланған жау көрмеген жас Байшағыр тіксініп қалды. Оның үстіне бұлар үйреніскен жоңғар емес. Шығысқа қанат жая бастаған қазақ руларын қанға батырып, орысқа қарай айдап салуға шыққан қытай жасағы. Садағын сығымдай қысқан жас сарбаз өздерінің аз ғана қосынын, манжудың абжыландай алып қолы оба салатындай сезінді. Қапелімде жон арқасынан суық тер «шып» еткен ол, қобалжуын жасыра алмай Сеңгірге жалт бұрылған. Бірақ, жанталасқан небір шаңды жорықта, тайталасқан талай дұшпанына қанды көбік жұтқызған жырынды жауынгер жылт білдірер емес. Найзасының шашағын желге ойнатып, жайбарақат тұр.
Кенет ол: «Жәнібек батыр, Жәнекем» деді алғы жақты меңзеп. Байшағыр ер үстінен көтеріле, ілгері көз тікті. Қазақ қолы жатаған белді жиектей шеп құрған болатын. Сеңгірлер жасақтың ортаңғы жағынан келіп қосылған. Олар тұрған тұстағы ақ шағылды домалақ төбешікке қарай қосынның алдынан суырыла шығып, тайлақ түйедей тор қасқа ат мінген батыр аяңдап барады екен. Шойыннан құйғандай сом денесіне шынжырлы ақ сауыт қона кеткен. Бір қолында желкілдеген ақ ту. Ол биікке шықты да, шапшаң артқа бұрылды. Байшағырдың Жәнібек батырды тұңғыш көруі. Жығасы үстіңгі ерінге жетеқабыл дулығаның астынан аялы қос жанары шоқтай жайнаған қолбасының жүзінен қаңтардың аязындай қату жөңкіледі. Көкбөрінің жалындай қайратты мұрттары тал-тал болып шаншылып, жау біткенге жасын болып қадалардай елестеді Байшағырға.
Батыр алдындағы аламандарына барлай қарады. Сосын қынабы ат жамбасын соққан алдаспанын суырып, тік көтерді.
«Біз жау іздеген ел емеспіз, - ол қыран құстай «саңқ» еткенде қиқулап тұрған қытай қолының үні құмығып қалды, - мынау дала, - деді Ер Жәнібек алдаспанымен шығысты нұсқап, - атамыздың ежелден ошақ қазып, анамыздың бағзыдан от жаққан мекені. Осы жерде бабамыздың сүйегі, данамыздың киесі бар. Біз сүйегімізді қорлатып, киемізді таптатпаймыз. Отымызды өшіріп, күлімізді шашпақ болған, айдарлымызды құл, тұлымдымызды күң еткісі келген жоңғарға да тіземізді бүгіп, басымызды иген емеспіз. Сайланып келген шүршіт, жайланып жатқан қазақ жоқ екенін білісін. Ел басына күн туды, еңсеңді көтер ерлерім! Тәңір қолдап, аруақ жар болсын! Аянбай айқасыңдар! Жаттың жеріне келген жаудың ішкі үрейі бар. Даңғаза, айқай-сүрен салып жатқаны да сол қорқынышын жасырып, сыртқа жүнін қампайтқан құқайы ғана. Табанымыз өз жерімізді басып тұрады екен, бір сүйем артқа шегінбей атой саламыз. Қытайдың шерігі көп болғанымен жігері жасық, қайраты кем. Бөрідей тиіп, шылдай тоздырамыз шүршітті. Аруақ! Аруақ! Абақ! Абақ! Абылай! Абылай» деп, көкті күркірете ұран салды Ер Жәнібек.
Батырдың қан тасытар сөзіне қабыландай ширығып, қаршығадай түйіліп тұрған қазақ қолы қосыла ұрандады. Осы сәтте айғайға бүйірі қызған тор қасқа ауыздығымен алыса тік шапшыды. Батырдың қолындағы толқынданған ақ ту да дүр сілкініп, алаулаған ақ шоғыр ұшы тауларды қақыратып, жауларды қалтыратқан ұранмен бірге көк аспанды кернеп кеткендей болды, Байшағырға. Жаңа ғана абжыландай көрінген қытай қолы енді алаулаған ақ тудың аржағында шөкімдей тобырға айналды. Найзасын білеп, шоқпарын үйірген, қылышын сермеп, садағын кезеген қазақ батырлары үйірлі көкжал, дауылпаз, кернейін ызыңдатқан шүршіт жасағы солардан қорқып, есі шыға маңырап тұрған бір қора қойдай сезілді, оған.
Бірақ, бәрі Байшағырдың ойлағанындай бола қойған жоқ. Сәлден кейін шүршіттердің алдыңғы тобынан қызыл шашақты дулыға киген сардар атын жұлқындыра ортаға шықты. Шықты да ұзын сапты жалпақ қанжарын жалақтатып, гүж-гүж ете қалды. Жекпе-жекке шақырғаны. Жаужүрек манжу батырлары да осал емес. Ат үсті сайыста құйындай ұйытқып, сағымдай құбылатын өнерлері бар. Бұны жақсы білетін Жәнібек батыр шүршіт сардарына қатар ұмтылған бес-алты жас ноянын дереу тоқтатты. Алғашқы жекпе-жектегі жеңіс дұшпанның мысын басып, қосынның аруағын көтермек. Жорықта шыңдалып, айқаста ысылмаған албырт баһадүрлердің біреуі барып, кәнігі жаудың қолынан жазым болса, жасақтың сағын сындырып алары анық. «Шү» дегенде тауы шағылып, тауаны қайтқан қолдың ары қарай жауға алапат айбатпен ақыра тисуі қиын. Қорқақтай шауып, қорғана соғысады да, бүкіл қолдың берекесі қашады. Оның ақыры - жеңіліс.
Қасындағы сақа сардарлармен қысқа ақыл құраған Жәнібек, жекпе-жекке жас болса да жауына дес беріп көрмеген қапсағай денелі Қуандық батырды шығарды. Екі ноян бір-біріне оқтай атылды. Шүршіт шауып келе жатқан бойы садағын толғай тартқан. Ауаны жара суылдай ұшқан жебені қалқанымен қағып үлгерген Қуандық, жұлдыздай ағып жеткен күйі қытай сардарын қорғануға үлгертпей, тура өндіршектен көк сүңгімен түйреп өтті. Кеңірдегі жыртылардай айқайлап, қалқандарын сабалаған қытай қолының үні өше қалды. Керісінше, қазақ жасағы дүр көтерілді. Қуандық жаудың екінші батырын да көп айландырған жоқ. Оның үйіре қадаған найзасынан ат бауырына түсе бұлт етіп, дарытпай өте берді де, өз найзасын қытай сардарының бүйірінен қадап, атынан тымақтай ұшырды. Қазақ сарбаздарының даланы жаңғыртқан ұраны жау қолын жерге жастап жібергендей еді. Демде екі батыры өлім құшқан дұшпанның сүлкіні түсіп-ақ кетті.
Осы кезде шүршіттер жақтан есік пен төрдей қара атқа өңкие мінген біреу шықты. Сыртқы пішіні дәл бір ат үстіне үйе салған балшық тәрізді екен. Қара қожыр бетіндегі жыланның тісіндей түктері тікірейіп, қара қошқыл қан толған көздері қараңғы көрдей үңірейеді. Ортаға жете тоқтаған ол өзіне қарай ұмтыла берген Қуандыққа қолын көтеріп, «тоқта» дегендей ишарат білдірді.
Бүктетілген екі тізесі қара аттың мойнын соққан құжбанның, құдасының ауылына келгендей биязы қылығы Байшағырға қызық көрінді.
- Мынау шүршіттің бас батыры болса керек, өзі қорқып, бітімге шақырып тұрғаннан сау ма? – деді Сеңгірге аңтарыла қарап.
Ол үндеген жоқ. Миығынан жымия «мырс» етті де, үзеңгісіне шірене отырды.
Алайда бұл жолғы істің ауаны да Байшағыр күткендей болмады. Қара атты шүршіт тура Жәнібек батырды нұсқап ақыра айқайлады. Өзін алымсынбай, батырға айбарланып тұрған дәудің астам кеудесін енді аңғарған Қуандық оған қайта ұмтылған еді, арт жақтан дауылпаз ұрылып, оны кері шақырды.
- Батыр, жекпе-жекке мені жіберіңіз, - деді өңі түтігіп, қанжығасында екі бас салаң-салаң ете қайта шауып жеткен Қуандық.
- Оның ат-түйедей қалап, тіке нұсқап шақырғаны мен екенмін, өзім бармасам, қорқып шықпай қойды деп ойлар.
Жәнібек батыр тор қасқаның тізгінін қағып қалды да, үкілі қара тамақ найзасын тік ұстап, қара атты дәуге қасқая тартты. Өзіне беталған қазақ батырын көргенде шүршіт нояны құтырынып сала берді. Жалпақтығы тулақтай қос айбалтасын бір-біріне жанып-жанып жібергенде отаудай-отаудай от ұшқындап, шақырлаған дыбыстан тау шайқалып кеткендей болды.
Арындап келіп, алғашқы екпінмен найза салмақ болған Жәнібек жартастай денесі ат белін жаншып, қауғадай қаба сақалы кеудесін жапқан қарсыласының алып күш пен алымды айланы тең қолданатын қатерлі дұшпан екенін аңдады. Айбалталарын оңды-солды ұршықша үйіріп, серпе қаққанда, сілтеген найзасының сабын сындырып, қолын сырқыратып жіберді. Қара ат та айқасқа әбден төселген сыралғы жылқы ұқсайды. Тізгіннің бос жатқанына қарамай, иесінің ауанына төңкеріліп, ыңғайына қарай шыр көбелек айналады. Жазықты шаңға бөктіріп, жерді солқылдата сайысқан батырлардың шайқасы шай қайнатымға созылды. Қытай шерігінің ереуілдей шаптыққан айқайы мен қазақ қолының өр ұрандары андағайлай ереуілдеп, айқас майданының төбесінде шақ-шақ сүзісіп тұрды.
Бір мезетте шүршіт сардарының оң қолымен екпіндете ұрған айбалтасы Жәнібек батырдың төрт қабат сірі қалқанын жарып өтіп, қадалып қалды. Алмас жүзді алдаспанымен екінші балтаны тосып үлгерген батыр, қалқанды көтере тартқанда, балтаны жауының қолынан жұлып алды. Осы сәт құлағына көкжалдың ұлыған үні жетіп, көкбөрісі ойнап шыға келген Ер Жәнібек кеудесі шаңырақтай тор қасқаны тебініп қалды да, балталы қалқанмен қаба сақалдың басынан құлаштай соқты. «Гүрс» еткен соққы мен бірге, «бұрқ» еткен шаңның астында алпамсадай шүршіт ат-матымен омақаса құлады. Басынан дулығасы сыпырылып, ораулы айдары додыраған дұшпан тұруға ұмсынып еді, шамасы жетпеді. Мәлжіреген күйі отырып қалды. Қайта айланған Жәнібек көп кідірген жоқ, алдаспаны күнге шағылыса «жарқ» еткенде, сапсиған сақалы қанға боялған шүршіттің басы «дүңк» етіп жерге домалады.
Сол-ақ екен, қазақ сарбаздары таудан төңкерілген селдей жау шебіне «дүрк» берді. Қытай қолының көптігін шамалаған Жәнібек батыр оларға қарсы басқаша соғыс тәсілін қолдануды ұсынған. Саны көп жаумен салыса соғысып, бетпе-бет айқасу зор шығын әкеледі. Сардарлармен шұғыл кеңескен Ер Жәнібек шүршіт жасағының бір шетінен тиіп, алдымен атты жауды ойсыратуды жөн көрген.
Бетке ұстар батырлары жер құшып, құты қашқан шүршіт қолы ту-талақай болды. Ақ туы дүрілдеген қазақ қосыны Жәнібек батыр бастап, жаудың бір шетін жапырып өте шықты. Оларға тап берген қытайдың атты жасағы жаяу шеріктерінен алыстап, ауашада қырғидай тиген қазақ батырлары оларды қасқыр тамақтаған қойдай қырды. Бесін ауа шүршіт қолы қотарыла шегінді. Қара қорым жаумен аяусыз қидаласқан қазақ жасағы да қалжырап, қатарынан талай сарбаз қаза тапқан. Жаудың беті қайтқан соң батырлармен бас қосқан Жәнібек, шегінген дұшпанды қумауға әмір берді. Шейіт болған боздақтардың бетін жасырып, осында тынығуға бұйрық алған қосын, жау соңынан шолғыншы аттандырды.
* * * * * * * * * * * * *
Ауылдары осы маңға жақын, жер сырын білетін сайлауыт шолғыншыларды Сеңгір бастады. Қасына Байшағыр мен тағы екі сарбаз ертті. Алғашқы үлкен айқаста қалай аман қалғанына Байшағыр аң-таң. Жеті атасынан бері әулеттерінен мерген үзілмеген ол көбіне қусырма жақ садағына сүйенген болатын. Қайтпас майдангер Сеңгірдің қатарынан қалмай соғысқандықтан, ұрыстағы көп қатерден сол құтқарды. Енді міне соқпағы күдір, сынағы ауыр шолғынға кетіп барады.
Таң енді сызып келе жатқанда аттанған олар сәске түске дейін көп жер шолды. Шүршіт әскері тоқтаусыз жүрген ұқсайды. Тынығып қазан асқан, от жаққан белгілері байқалмайды. Аспан шайдай ашық. Тамылжыған күн нұрына сауырын сипатқан байсал дала балбырап жатыр. Ақселеу мен боз көде, қара өлең мен ши, қияғы томырылып, сүт бетіндегі қаймақтай тұнған түңкелі жер, таңдайға ұйыған тәтті ауа көрген көзді қуантып, көңілді мас қылардай. Көкжиекке иек артқан Көкпектінің сай-сала, бел-белесі құндыздай құлпырып, қырдың қызылындай қылаң ұрады. Байшағыр бұл өңірге Сеңгірмен бірге аң қарап неше рет келген. Бұл жерлер қазір бос. Жыл сайын ірге кеңейтіп, өз атамекендеіне кереге жая бастаған қазақ ауылдары, осы маңды иемденіп жүрген ұраңқай, дөрбіт, қалқа, көкмоншақ және тағы басқа жоңғар тайпалары мен руларын ығыстыра бастаған. Бірақ жолбарыстың тырнағынан босаған жерге енді қытай патшасы сұғын қадағаны мынау.
Тұрғы-тұрғыдан баспалай барлап, ілгері жылжыған сайын сақтанып келе жатқан сайлауыттар енді қайтуға бет алғанда, қапталдағы ирек жылғадан дүркірей далақтап, бір топ шүршіт шерігі шыға келді. Бұрын көріп, аңдып жатқан секілді. Өңмеңдеген алдыңғы екі-үшеуін Байшағырдың жылан тіл жебелері мұрттай ұшырғанымен, саны көп жау тайсалар емес. Сеңгір мен екі сарбаз да садақ тартты. Бірақ, қытай шолғыншылары шашырай қоршап, оларды құтқармауға айналды. Тірідей ұстауға ниеттенгені байқалады.
«Қоршауды бұзып шығамыз, қатарларыңды жазбай, тауға қарай тартыңдар» деп, қысқа тіл қатқан Сеңгір қарсы келіп қалған бір шүршітті найзаның ұшына іліп, ат сауырына түсіріп кетті. Алайда ұзақты күн жортуылдан аттары қарлыққан оларды жау жасағы ұзатқан жоқ. Тауға сұғына кірген тар сайда аласата арпалысқан төртеу өліспей беріспей кескілесті. Сүт пісірім уақыттан соң көп шүршіт Байшағыр мен екі сайлауытты тұс-тұстан жабыла найзалап, аттан құлатты. Қара тұяқтарынан хал кеткенше қарсыласқан олар қолға тірі түсіп, жауының алдында ынжықтық танытқан жоқ. Ал, астындағы «Сұр көжек» деп аталатын кесік құлақ қара сұр тұлпардың күшіне сүйенген Сеңгір ноян жаралы күйі сытыла қашты. Таудың бұлың-пұшпағына қанық ол, қатары сиреген қытай шеріктерін адастырып, жаңағы тар сайға қайта оралды. Біреуі әлденеше жауын жастық еткен үш оғлан қызыл қанға малынып, үш жерде қалыпты. Байшағырдың қасына жете бере аттан құлаған Сеңгір, қанды көйлек серігінің басын құшып үнсіз егілді. Көзіне қан аралас жас толып, кеудесін кектің уы мен күйіктің шоғы қарып бара жатты.
Шүршіт қарауылдарының қайта соғуынан қауіптенген ол күйзеліп отыратын кез емес екенін түсініп, орнынан ширақ түрегелді. Үш шейіттің денесін сол маңға жақын, төбесі ақ орқаш жартаспен көмкерілген бүргенді таудың төскейіндегі өзі ғана білетін, аң аулағанда бірер мәрте келіп түнеген үңгірге апарып жасырды. Іші қоралы қой сыятындай үңгірдің, көлемі киіз үйдің есігіндей аузын балапан қайыңдармен айқастыра жауып, сыртын жалпақ тастармен бастырды. «Шүршітті бір жола қуған соң, қайта келіп жерлеп, бастарына қорған жинаймын» деп, ойлады. Күн де еңкейіп, кеш батты. Сұр көжекпен суыт жүрген ол бір жықпылдан Байшағырдың қоңыр төбелі мен екі серігінің аттарын тауып алды. «Жылқы кісінескенше деген рас-ау, жануарладың аз уақыт бірге жүргенге үйірсек тартып, бір-бірінен бөлінбеуін қарашы. Амал бар ма! Сендер иелеріңнен, мен бауырларымнан айырылдым, ой жалған дүние-ай!» деп, күңірене күрсінген Сеңгір үш атты жетектей, жеті қарақшыны бетке ала тартып кетті.
Қара көк аспан баяғысындай тұп-тұнық. Жұлдыздар да жердегі тіршілікпен сағына көріскендей «жымың» қағады. Тек түн қараңғылығында орқаш тасты ақ басы бозалаң тартқан бүргенді тау ғана қайғының уын тілсіз жұтып, уақсыз шашы ағарған шер-шемен анадай, мезгілсіз қыршынынан қиылған үш бейбақты қасіреттене бауырына қысып қала берді...
* * * * * * * * *
Сеңгір қосын жайғасқан жерге келесі таң бозында оралды. Үзеңгісін қайыра байлап, тізгінін басына түрген ертоқымды үш атты бос жетелеген шолғыншыны, Бармақ батыр бастаған қарауылдар тосып алды. Бармақ сардар оны бірден Жәнібек батырдың қосына бастаған. Олар жеткенде күн шапағы енді жайылып келе жатты. Қолбасы уықтарын алшайта тіккен қосының жанында, қылыштасып жатқан жас баһадүрлер Тауасар мен Барлыбайға қарап тұр екен. Басына үшбұрыштап ақ шыт тартқан батыр, өңірі жартылай ашық ақ жейдесінің сыртынан жеңіл ғана елтірі күрмесін кие салыпты. Кеудесін таңғы самалға төсеп, ақсұңқардай түлеген Ер Жәнібек алқызыл күн шұғыласы астында бір бөлекше айбаттың болмысын танытады.
Сеңгірдің жадаған түрін, жаралы қалпын көрген батыр оны қосына бастады. Шолғыншылардың кешіккенінен өзі де алаңдай бастаған. Бірақ, жауынгердің жайынан жағдайдың аужайын айтқызбай түйген сезімтал батыр әуелі оған ас беруге әмір етті. Бақыршы жігіт қайың астауға құнан қойдың қыртысты семіз қабырғасын жапырақтай турады. Тоңазыған еттен қарбыта асап, буырқана алдыға келген бесті қымыздан екі тостағанды басына көтерген Сеңгір шабыты келген қырандай шамырқанып шыға келді.
- Сөйле нояным, шолғынның жайы не болды, шүршіттің беталысы қалай?
- Күнәм ауыр батыр. Алды-артымды әбден барлап алмай, аңғалдықпен барып орға жолықтым. Үш серігім келмеске кетіп, жау тосқауылынан мерт болды. Шүршіт қолының жүрісі жедел, баталысы Тарбағатай, Үш биік пен Сызғантас жағы.
Ұртын «сақ» еткізіп қыршыған Сеңгір үнсіз қалды. Қолбасының шаралы көзі «жарқ» етті. Қабылан терісінің үстінде қырандай қомданған батыр қысқа қайырды.
- Қап! Белге соққан жыландай бұратыла қашқанымен, уытын ішіне жинап кеткен екен. Заһарлы басын аяусыз жаншып тасамаса, айыр тілін жалаңдатып, қайта шабады олар.
Сөз осы, бекім шорт, бұйрық оқтай болды. Шапшаң жиналған жасақ, арттан негізгі қол келеді деп, созылып жатқан жоқ. Тек көмекке жақыннан жеткен үш қосынды қосып алып, мұз бауыр бұлттай түйдектеле тартты. Ұзап барып ес жиған қытай жасағының расында бір жола шегіну ниеті жоқ екен. Артында бас бағып жатқан шүршіт патшасы уәзірінің ұлы бар болып шықты. Бегзадаға арқаланған әпербақан сардарлар қолды қайта төңкерді. Бірақ, таңын тартқан тайдай тәлтіректеткен шүршіт қолы қазақ батырларына енді қорқынышты емес еді. Басында-ақ, ойсырата жеңіп, ойпыл-тойпылын шығарған шүйебөрі кейіптес шерікті, көкбөрі текті дүр нояндар азуға қайта басарына күмәнданған жоқ.
Ақсауыты жаудың көзін арбап, алдаспанының жарқылы дұшпанды ақылынан адастырған аруақты батыр Ер Жәнібектің де ұрыс айласы жылдам жасалды. «Қаша соғысамыз, қайта қайырылып қасқая қарсы тосамыз. Екі бүйірден буындыра кіріп, қақпанша қысамыз. Сосын, жекелей бөліп желкесін қиямыз да, болар жерінде басын жаншимыз».
Әмірге сай әбжілдік танытқан сардарлар қолды тез арада төртке жіктеді. Қуа келген жауды қақ маңдайдан ұруға Жәнібек батырдың өзі қалды да, қаша шырғалауға Жобалай батырдың жасағы жөнелді. Оң қапталдан қадалуға Қуандық қосыны, сол бүйірден тисуге Қотырақ батырдың сарбаздары сайланды. Көп өткен жоқ. Жекпе-жекте жас бөрі Барлыбай жаудың бір сардарын сұлатқан соң, көптігіне сүйенген шүршіт қолы өшіге лап қойды. Шын соғыста тобырдың топалаңы емес, алымдының әдіс-амалы үстем болатынын кеудемсоқ қытай бегзадасы байыптай алмады. Сарбаздарын әдейі андыздата қашқан Жобалай қолының артынан шеріктерін шұбатып салды да жіберді. Екі бел асқан соң есерлене қуып, жініге шауып келе жатқан жаудың көзі дүр сілкініп тұрған ақ туға, ақ тудың астында сағағына қан қатқан найзаларын үзеңгілеріне жанып тұрған батырларға түсті. Бірақ, бәрі кеш еді. Бұл кезде қос бүйірден құйғыта кірген қазақ қолы, шулап-шұрқырай, шаң қаба шұбырған жаяу шерікті түйе тарпығандай түтіп жатқан.
«Жәнібек! Жәнібек!». Жас баһадүр Тауасардың жаңғырта ұран салғаны сол еді, самаладай самсап тұрған қазақ сарбаздары қарсы келе жатқан атты шүршіттерге сақпанның тасындай атылды. Әрі-беріден соң баран атты жау жасағын, қазан атты қазақ батырлары баудай орды. Ет асым уақыттан кейін есі шыққан дұшпан телім-телім болып, тентірей қашты. Осы ұрыста Байшағырдың қаусырма жақ садағын қарына іліп, қорамсағын жанға бйлаған Сеңгір ноян, үш боздақтың кегіне суарған жебелерді құр жіберген жоқ. Кірісті керген ақборан жебелер сан шеріктің көкірегін тесіп, көзін құртты.
Екпінінен дауыл ескен өңкей оғлан тоз-тоз болған жауды тірсектей қуып, ат тұяғына таптады. Бір жерде күміспен аптаған күймесі аударылып, аяғы сынған шүршіт бегзадасы қолға тірі түсті. Майданға шықпай-ақ майып болған міскін Жәнібек батырдың етігін сүйіп еңіреп, жанын қалдыруды өтінген. Бірақ, өлімнен қорыққан езді ер азаматтың қоры санайтын батырды оның қылығы қатты жиіркендірді. Иегімен ишарат еткені сол, терісіне сыймай тұрған Сеңгірдің қара теңбіл қанжары бұралқы неменің басын қағып түсірді...
* * * * * * * * * *
Майда шуағы бойды манауратқан мамыражай күз. Жаңа жиналған тас зираттар, боздақтардан қалған соңғы белгідей селеулі төбенің белін қайыстырып тұр. Ауылдас жігіттерін аттандырып жіберген Сеңгір марқұмдарға арнап тағы аят оқыды. Сосын, қолындағы қаусырма жақ садақ пен үш тал жебені Байшағырдың зиратының басына қойды.
Жат табаны таптай алмаған кербез дала көсіліп жатыр. Құшағындағы шейіттердің қыршын кеткеніне қиналатын да секілді. Бірақ, анау қоңыр белдерден бері құлдилаған қоңыраулы көштің бейбіт қалпы көңілін елжіретеді. Көш қатарында құлдыраңдай ойнақтаған жетім құлынның титімдей тұяқтары төсін қытықтап, кеудесін иітетіндей...
Әудем жер барған Сеңгір ноян артына бұрылды. Бүргенді тауды жастанған үш бейіт биіктей түсіпті...
Мұрат Алмасбек