Бір айға жуық уақытта Қырғызстан тасымалдаушылары Қазақстан Республикасы заңнамасын 360 рет бұзған, деп хабарлайды Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің Көлік комитеті өкілдерінің мәліметінше, биыл қазан айының 10-ы мен 30-ы аралығында Қырғыз Республикасының 3054 автокөлік құралы тексерілген.
"Тексерістердің нәтижесінде тасымалдаушыларға жалпы сомасы 11,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Ең жиі кездесетін заң бұзушылық тез бүлінетін жүктерді тасымалдау сертификатының болмауы. Мұндай заң бұзушылықтың үлесінде 151 дерек бар немесе 40%-ды құрайды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ, тауар-көлік жүк құжатының (CMR) болмағаны үшін тасымалдаушыларға 103 рет айыппұл салынды; салмақ және габарит параметрлерін сақтамағаны үшін 69 рет; жолаушыларды тұрақсыз тасымалдауға арналған қазақстандық рұқсат бланкілерінің болмағаны үшін 13 рет; каботажды тасымал жасағаны үшін –11 рет; жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 6 рет; қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 5 рет және тағы басқа даережелерді бұзғаны үшін айыппұлдар салынды.
Айта кетейік, соңғы айда қазақ-қырғыз арасында саяси -экономикалық жағдай шиеленісе түскен. Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың бірнеше рет Қазақстанға қарата айтқан мәлімдемелері қазақ билігін үнсіз қалдырған жоқ. Алайда бұл текетірестен билік емес, шағын бизнес өкілдері мен қарапайым халық зардап шегіп отыр.