Құжаттарының құнын қысқа уақытта жоққа шығаруға әдеттенген салық органдары бұл жолы да бірден райынан қайтты. Батыс қазақстан облысының мемлекеттік кірістер департаменті «Абырой» қоғамдық ұйымына шығарған шешімнің күшін жойды. Бұл жайлы ұйым жетекшісі, тәуелсіз журналист әрі «Орал апталығы» басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедяров Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
«Жақсы жаңалығым бар. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кіріс департаменті Орал қаласындағы әріптестерінің «Абырой» қоғамдық бірлестігіне негізсіз кескен айыппұлы мен қызметін тоқтату қаулысын жарамсыз деп таныды. Әкімшілік іс те тоқтады. Қалалық басқарма қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады белсенді Ахмедияров.
Ол осыған дейін 3 наурыз күні өзі жетекшілік ететін «Абырой» ұйымына 583 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, ұйым жұмысы үш айға шектелгенін мәлімдеген.
«Тәуелсіз бақылаушылар орталығын құруға алған грантымыз салық органдарын қатты мазалап жүрген тәрізді» деген тәуелсіз журналистің сөзінше, қаулы ұйым басшысының не адвокаттың қатысуынсыз шығарылған. Сондай-ақ, қазір сот жөнсіз соқтыққан басқарма қызметкерлерінің әрекетіне байланысты түсірілген шағымды қарап жатыр.
«Абырой» қоғамдық бірлестігі 2004 жылы құрылған. Ұйым былтыр жыл соңында сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушыларды дайындау үшін халықаралық қордан грант алған.
10 қаңтардағы сайлау қарсаңында және өткеннен кейін, күз-қыс мезгілдерінде Қазақстанның салық органдары сайлауды бақылау мен құқық қорғаумен айналысатын бірқатар үкіметтік емес ұйымның үстінен әкімшілік іс қозғаған. Олардың ең белсенділеріне ірі көлемде айыппұл кесіп, қызметін бірнеше айға тоқтатқан. Бұған азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар қарсылық танытып, қатты сынады. Қысым үдегеннен кейін көп ұзамай қабылданған шешімдер мен әкімшілік істер жабылды.