Салық органдары тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров жетекшілік ететін «Абырой» қоғамдық бірлестігіне 583 мың теңге көлемінде айыппұл салып, ұйым жұмысын үш айға тоқтатты.

Ұйым басшысы Ахмедияров Facebook желісіндегі парақшасында мемлекеттік кірістер жөніндегі басқарманың шешімін 3 наурыз күні таңертең алғанын жазды. Құжатта ұйым басшыларының «Әкімшілік кодекстің 460-1, 2-бөлігін бұзғаны» жазылған. Бұл бапта «шетел қаржысы туралы жалған ақпарат бергені үшін» жауапкершілік қарастырылған. Қаулыда америкалық NED (National Endowment for Democracy, «Демократия жөніндегі ұлттық қор») қорының ақшасын алу үшін құжат тапсырған кезде «заңбұзушылық» болғаны жазылған.

– Әу баста-ақ қаражат алғаны жөнінде хабарламадан қателіктер кеткен, «Абырой» өкілдері оны түзегісі келген. Бірақ түзетулерді хабарламаға емес, декларацияға енгізуге болады. Осы дұрыс емес дерек заңбұзушылық ретінде танылып отыр, – деген облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары жөніндегі басқарма жетекшісі Айман Қуанова Азаттық тілшісіне.

Лұқпан Ахмедияровтың түсіндіруінше, іс бірлестік өкілдерінің қатысуынсыз қаралған. Ол бұл шешімді жақында Оралда өткен санкцияланған митингімен байланыстырады.

– Себебі бұл іс бұрын мемлекеттік кірістер басқармасында қаралған және қалалық басқарма жетекшісі істе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері жоқ екенін айтқан. Олар үнсіздік танытып, енді митингіден кейін маған айыппұл туралы хабарламама келіп тұр, – дейді Ахмедияров.

«Абырой» қоғамдық бірлестігі 2004 жылы құрылған. Ұйым былтыр жыл соңында сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушыларды дайындау үшін халықаралық қордан грант алған.

10 қаңтардағы сайлау қарсаңында және өткеннен кейін, күз-қыс мезгілдерінде Қазақстанның салық органдары сайлауды бақылау мен құқық қорғаумен айналысатын бірқатар үкіметтік емес ұйымның үстінен әкімшілік іс қозғаған. Олардың ең белсенділеріне ірі көлемде айыппұл кесіп, қызметін бірнеше айға тоқтатқан. Бұған азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар қарсылық танытып, қатты сынады. Қысым үдегеннен кейін көп ұзамай қабылданған шешімдер мен әкімшілік істер жабылды.

"The Qazaq Times"