Соңғы кезде Қазақстанда да, басқа дамыған елдерде де криптовалюта, биткоин, блокчейн технологиясы деген сөздер көбейіп кетті. Тіпті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев маусым айында Астана экономикалық форумында тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де қызығушылық танытып отырған криптовалюта тақырыбын қозғады. Ол бұл жолы әлемдік валюта құру мәселесіне тоқталып, тіпті әріден бастады. "Әлемдік қаржы құрылымын өзгертетін уақыт жеткен сияқты. Халықаралық төлем бірлігін енгізу уақыты келді. Бұл әлемдіқ валюталар "соғысынан", спекуляциядан және сауда қатынастарындағы келіспеушіліктерден қорғайды. Валюта өзінің тұтынушыларына тән эмиссияның қарапайым механизмінен құрылу керек. Цифрландыру және технологиялардың дамуын есепке алсақ әлемдік валюта криптовалюта түрінде жасалу қажет", - деген еді. Ал Президент айтқан криптовалюта деген не? Оны енгізудің пайдасы қандай? Бұл термин қайдан шықты? Қаржыгерлер мен экономистер бұл жүйені қалай бағалайды? Міне, біз осы және өзге де сұрақтарға тоқталып көрейік.
Криптовалюта үкіметке немесе Ұлттық банкке тәуелді емес
Криптовалюта сөзін негізінен көптен бері қаржы, ақпараттық технология саласындағы сарапшылар жиі айтып жүр. Бұны қарапайым тілмен түсіндірсек, "ақша" сияқты жалпылама атауға ие, яғни ақшаның электронды түрі. Тек айырмашалығы - оны қолма-қол емес, электронды сандық жүйе ретінде пайдаланасыз. Мысалы ақша түрлері - теңге, доллар, рубль, еуро сынды түрлі атауларға ие. Ал криптовалютаның түрі көп болғанмен, әзірге ең танымалы - биткоин немесе лайткоин. Бір қызығы біз басқа елге барсақ сол жердің валютасын қолдануға мәжбүрміз, өз елімізде валюталар курсын "аңдып" жүреміз. Ал интернет қолданушылары үшін криптовалютаны қай елде қалай қолданса да еркіндік бар. Қазіргі уақытта бүкіл әлем интернетті белсенді пайдаланатындықтан, критовалютаны да пайдалану қиындық етпейді.
Сондай-ақ, криптовалютаның тағы бір ерекшелігі - кез-келген үкіметтің немесе Ұлттық банктің (кейбір елдерде Орталық банк) бақылауында болмайды.
Ал жалпы "криптовалюта" термині 2011 жылы Forbes журналында жарияланған биткоин жүйесі туралы «Crypto currency» (Криптография валютасы) атты мақаладан кейін пайда болды. Бұл атау кейін пайда болғанмен биткоин криптовалютасының өзі 2009 жылы шыққан. Оның негізгі авторы немесе авторлары Сатости Накамото деген лақап атпен танылған. Биткоин термині мен оның ерекшелігін (Биткоин алгоритмін) енгізген де осы адам немесе бағдарламашылар. Бірақ олардың кім екені, қайдан екені белгісіз. Биткоин (BTC) блокчейн технологиясы негізінде шығарылатын криптовалюта.
Жалпы қазіргі кезде криптовалюта түрлері көбейген. Мысалы coincap.io биржасында олардың 584 түрі көрсетілген. Ал оның ішінде бірінші тұрғаны биткоин және оның АҚШ валютасына шаққандағы құны 5673,70 долларды құрап отыр (2017 жылдың 13 қазанындағы көрсеткіш).
Бір қызығы криптовалютаға қызығушылық артса ол қымбаттайды. Ал қызығушылық төмен болса тиісінше арзандап кетеді.
Қазақстанда бұл жүйеге көзқарас қандай?
Қазақстанда криптовалюта биыл өте көп айтыла бастады. Себебі жоғарыда айтқанымыздай Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі осы жүйені енгізуді құп көреді. Тіпті жаңадан құрылған "Астана" халықарылқ қаржы орталығы (АХҚО) мен "Делойт", Waves, Juscutum және "Кесарев Консалтинг" сынды ұйымдар Қазақстанда криптовалюта транзакцияларын реттейтін заң жобасын әзірлеп жатқаны белгілі болды.
Дегенмен, қаржыгер Расул Рысмамбетов криптовалютаны қолданушы аноним болатынын, ал "Астана" халықаралық қаржы орталығы иесі аноним тұлға болатын валютаны жүзеге асырғысы келмеуі мүмкін екенін айтады.
"Бұл мемлекеттің қаржы айналымын бақылап отыру әрекетіне қарсы келеді. Оның үстіне қазір криптовалюта мәселесі өзекті. Осыған байланысты "бұл жоба қаншалықты шындыққа жанасады және АХҚО тарапы криптовалютадан бөлек қандай жобаларды ұсынады?" деген сұрақ туындайды. Себебі бізде қарапайым қор нарығының өзі "қоршауда" қалған", - дейді ол.
Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, криптвалютаны қазір қазақстандық қаржыгерлердің өзі аса түсініп отырған жоқ. Мұны экономист немесе қаржыгерден гөрі IT мамандары жақсы түсінеді екен.
Бұдан бөлек ол қазіргі кезде осы жүйені көлеңкелі табысқа айналдырғандар бар екенін айтады.
"Осы жүйенің шығуын қаржы пирамидасына айналдырғандар да бар. Олар халықты алдап отыр. Мысалы "сен криптовалютаға кел, ақша сал. Депозит сияқты ашылады. Кейін мөлшерін 70-тен 100 пайызға дейін көбейтіп аласың" деп айтатындар көбейген. Сондықтан осы бойынша тезірек ескерту жасалу керек", - дейді Мақсат Халық.
Ал мұндай қаржы алаяқтарына алданып қалмас үшін экономист оларға "сізде криптовалютаны тауып беретін майнинг ферма бар ма?" деп сұрау керек дейді. Мұндай сұраққа алдап жүргендер жауап беруге қиналады екен.
Сондай-ақ, экономистің сөзінше, аталған жүйеге банктер қарсы шығуы мүмкін.
"Мысалы біз бір жерден екінші бір жерге ақша аударатын болсақ банктердің көмегіне жүгінеміз. Ал биткоинда блокчейн технологиясы пайдаланылады. Яғни сіздің ұялы телефоныңызда электронды әмияныңыз болады. Сола арқылы кез келген жерге валютаны аудара бересіз. Яғни банктердің көмегінсіз транзакциялар жасауға болады. Ал бұл тиісінше банктердің табысынан айырылуына әкеледі", - дейді ол.
Қорыта келгенде, аталған электронды ақша түрінің Қазақстан үшін пайдасы жоқ емес. Бастысы мамандар айтқандай бұл валюта инфляцияға ұшырамайды. Халықтың қаржы сауаттылығы жақсы болса жүйенің тез қалыптасуына мүмкіндік бар. Тек мұның өзіне біраз уақыт керек. Алпауыт елдердің өзі бұл жүйені енгізу, енгізбеуді талқылап жатқанда Қазақстанның бұған бірден өтіп кетуі екіталай...