Филлипиннің Президенті Родриго Дутерте өзінің 42 жастағы ұлы Паоло Дутертеге тағылған "есірткі саудасына қатысы бар" деген айыптар расталса, ұлын өлтірген полиция қызметкерін жазаға тартпайтынын хабарлады. Бұл - мемлекет басшысының соңғы бір жылда есірткімен байланысы бар деген күдіктілерге қарсы жариялаған жаппай жазалау шарасына наразылық білдіргендерге берген жауабы. Бұл туралы APF және BBC ақпараттық агенттіктері жазды.
Полицияның ресми деректеріне сүйенсек, өткен жылдың ортасында басталған нашаға қарсы операциялардың нәтижесінде 3 мың 800 адам қаза тапқан. Қауіпсіздік қызметкерлерінің түсіндіруінше, олардың барлығы - қолға түсіру барысында қарсылық білдіргендер. Родриго Дутерте өз сөзінде полицияның заң бұзушылықтарға жол беруіне қарсы екенін, дегенмен оларға өздерін қорғау барысында операция кезінде қару қолданған не басқа әрекет арқылы күш көрсеткен азаматтарды сотсыз оқиға орнында өлтіруге рұқсат беретінін жиі айтып келеді. APF ақпараттық агенттігі ресми деректен бөлек, аталған операциялардың атын жамылып, мыңдаған адамдар түсініксіз жағдайларда өлім құшқанын жазды.
Родриго Дутерте: "Егер менің балаларымның бірі нашамен байланысса, халық мені өз баласына келгенде жанашырлық танытты деген ойға қалмауы үшін, оны бірден өлтірер едім. Мен Паолоға "Есірткімен ұсталсаң, сені өлтіремін әрі сенің өміріңді қиған полиция қызметкерін соттан қорғап қаламын", - деп ескерттім".
Осы айдың басында Паоло Дутерте Сенаттың алдында өзінің Қытайдан Филлипинге теңіз жолы арқылы есірткі тасымалдағаны жөніндегі айыптың негізсіз екенін айтып, Оппозиция өкілі таққан кінәні мойнына алудан бас тартқан болатын.