АҚШ президенті Трамп сейсенбі күні, БҰҰ Бас Ассамблеясының жиналысында Солтүстік Корея мен Иранды ядролық қаруды дамытып жатқан екі бірдей «қарғыс атқан режимдер» деп сынға алған болатын. БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті жиынынан кейін, көптеген елдердің ақпарат кеңістігінде, «аталған екі ел көптеген жылдар бойы зымыран және ядролық сынақтарын жалғастырып келді, соған орай екі елдің бұл салада астыртын жасаған келісімі бар ма?» деген сауалдар талқылана бастады.
Бұл аталған екі елде де ядролық және зымыран дамыту бағдарламалары бар. Алайда, Иран 2015 жылы әлемдік қауымдастықтың сол елге қаратқан санкцияларын босату үшін өзінің ядролық бағдарламасын тоқтатуға келісім берген еді. Иран жақ ядролық қызметті азаматтық мақсаттарда, электр энергиясы қатарлы салаларда қолданылатынын айтқан. Бірақ ол баллистикалық зымыран сынағын тоқтатпайтынын жеткізген.
Ал, Солтүстік Кореяға келер болсақ, аталған ел қыркүйек айының басында өзінің алтыншы реткі ядролық сынағын жүргізді және бұл сынақты әлемге ашық жариялады.
АҚШ Конгресінің зерттеу комитеті 2016 жылдың ақпан айындағы баяндамасында да дипломатиялық қарым-қатынастағы Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламаларына қатысты сауда немесе ынтымақтастық байланысы бар екені туралы ешқандай дәлел жоқ. Алайда, сол баяндамада екі елдің зымыран дамыту бағдарламасына қатысты маңызды келісімі бар деп көрсеткен. Соған байланысты «Солтүстік Корея Иранның 2015 жылғы келісімнен бас тартуына көмектескен болуы мүмкін бе?» деген сұрақ туады.
Осы жылдың наурыз айында, Уашингтондағы Демократияны қорғау қорының мүшесі Энтони Руггиэро өзінің бір мақаласында: «Солтүстік Кореяның ядролық технологиясын таратуы қиын, Ол ядролық технологияның құпиясын тек Сирия мен Ливияға ғана тарата алады» деген. Оның айтуынша, Солтүстік Корея мен Иран ядролық жобалар бойынша ынтымақтасса да, сыртқы елдердің оны білуі мүмкін емес екен.
Энтони Руггиэроның мақаласында: «Солтүстік Корея ядролық қаруды өндіру үшін толық ядролық қаруды немесе ядролық жарылысты қамтамасыз етерлік материалдарын сатпайды. Себебі бұл кореялық режимнің аман қалуымен байланысты. Бірақ Солтүстік Корея ядролық қару-жарақтың бөлшектерін сатуы мүмкін», - делінген.
Иранның келісімін сынағыш тағы бір адам, БҰҰ-ның бұрынғы өкілі Джон Болтон өткен аптада Твиттерде: «Егер Солтүстік Корея ядролық қаруды және баллистикалық зымырандарды сақтап қалса, онда бұл ел Иран мен террористік ұйымдарға материалдар мен технологияларды қуана-қуана сатып берер еді», - деп жазды.
Алайда, анығы Солтүстік Кореямен өзге қандай да бір елдің ядролық сату-сатып алу келісімдерінің ешбір дәлелі жоқ.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Юкия Амано осы аптада берген сұхбатында, екі ел арасында мұндай келісімнің жоқ екенін дәлелдеді. Айталық ол АЭЖХА Иранның 2015 жылғы келісімді сақтаған-сақтамағанын қадағалау міндеті бар екенін алға тартты. Ол: «Мұндай келісім туралы ойлаудың ешбір негізі жоқ дер едім. Мен ондай еш деректі тапсырып алып көрмедім. Әрі біздің агенттік қауесетке негізделіп әрекет етпейді», - деді.
Сонымен, АҚШ президенті түрлі сөздермен сыбаған Иран және Солтүстік Кореяда ядролық бағдарламаны дамыту туралы келісім бар ма, жоқ деп бас қатырған әлем ақпарат құралдары ортақ пікірге келе бастады. Олар қазіргі бар деректер мен ақпараттар «бұл екі елдің ядролық келісімі бар екенін дәлелдей алмайды» деп тоқталды.