Мұнай экспорттаушылар АҚШ, Қазақстан, Әзербайжан және басқа да елдердің шикізат өндірісін арттыруына байланысты әлемдік нарықты теңгестіре алмай отыр. Мұндай мәлімдемені Ресейдің Орталық банкі қыркүйек айына арналған макроэкономикалық есебінде жариялады. Олардың сөзінше, аталған елдер ОПЕК пен оған мүше емес елдердің мұнай өндіруді шектеу туралы келісімін бұзып отыр.
Айта кетейік, мұнай экспорттаушы елдер арасындағы шикізат өндірісінің көлемін қысқарту туралы келісім 2018 жылдың наурыз айына дейін жарайды. Келісім бойынша ОПЕК-ке мүше елдер өндіріс көлемін тәулігіне 1,2 млн баррельге қысқартуы тиіс. Ал картельге мүше емес елдер шикізат көлемін тәулігіне 558 мың баррельге қысқартуға міндеттелген еді.
Ал Қазақстан болса шикізатты тәулігіне 20 мың баррельге аз өндіруге келіскен. Алайда тараған ақпарат бойынша Қазақстан өндірісті азайтудың орнына керісінше көбейткен болуы мүмкін.
"Әзірбайжан, Қазақстан, Мексика және Оманның шикізат көлемін азайту туралы келісім квотасына қатысу деңгейі 70% ғана", - делінген Ресейдің Орталық банкінің бюлетенінде.
Айта кетейік, бұдан бұрын да ОПЕК ұйымы "Қазақстан мұнай көлемін шектеуге қатысты бұрынғы келісімді орындамаған болуы мүмкін" деген ақпарат таратқан. Олар "алдандық" дегендей кейіп танытып, "Қазақстан квота бойынша келісім аясында өндірісті қысқартпаған" деген еді.
Мұнай - Қазақстан экономикасын тұрақтандырып отырған басты нарық. Ал оның көлемін қысқарта салу билікке оңай тимесі анық. Сондықтан басқалардың "Қазақстан келісімді орындамады" деуі орынды сөз болуы ықтимал.