Осы аптада әлемдік БАҚ-та қызу талқы болған тақырып – Кремль АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трампқа қатысты компромат материал ұстап отыр деген ақпарат.
Бұл ақпарат Трамптың ресми таққа отыруымен бірге таралды. Бастапта дақпырт болып көрінгенімен, апта соңына қарай бұл туралы әлемдегі беделді баспасөздер шындап кірісті. "BBC", "CNN" арналары арнайы хабар дайындап таратса, "The New York Times" газетінде де бұл тақырып аптаның барлық күнінде сөз болып келді. Аталған БАҚ-тарға шолу жасай келе «компромат» тақырыбының сырына қанығуға болады.
Өткен аптада, бұрынғы барлау агентінің тексеру қортындылары Обама мен Трампқа мәлім етілді. Трамп алғаш рет ресейлік қитұрқылықтарға қарсы шара қолданатынын айтты. Ал Ресей жақ бұның бәрі ойдан құрастырған фантазиялық әңгіме десті. Кейін Уашингтон мен Креміл бір-бірін кезегімен «сұрқия», «өтірікші» деп айыптап жатты.
Жұртты қызықтыратыны,, АҚШ президентінің жеке құпиясы Кремль қолына қалай түсті деген сұрақ? Әрине, Бұл оның таққа отыруынан үш жыл бұрын болған. 2013 жылы Трамп Мәскеуде өткізілген Әлем Аруы (Miss Universe) байқауына барады. Сан-салалы кәсіпкерлікпен аты шыққан, болашақ АҚШ президенті, сол кездің қалталы шонжарының ондай жерде бой көрсетуі қалыпты. Алайда, Трампқа қатысты компромат осы кезде өзі тұрған «Ритц-Карлтон» қонақ үйінде Кремль қолына түскен деп мәлімдейді АҚШ Барлау қызметкерлері. Бұл мәліметті олар Британдық отставкадағы барлау агентінен алып отырғаны да көптеген БАҚ-та айтылып жүр. Олай болса, әңгімені Мәскеудегі «Ритц-Карлтон» отелінен бастап таратқан жөн болар.
«Ритц Карлтон» қонақ үйінің тарихы Кеңес одағындағы Сталин кезінен басталады. Ол кезде «Интурист отель» және туристік агенттігі аталған бұл қонақ үйдің жүк тасушылары, жүргізуші, аспаз, қонақ үй қызметкерінен тартып, тазалықшыларына дейін НКВД-ға қызмет етті. Бұл құпия полиция қызметін қысқаша КГБ деп атады. Бұл қызметкерлер арасында жезөкшелер де бар болып, шетелдік саяси тұлғалар мен ірі бизнес өкілдерін алдаусырату мен бопсалауға жұмсалған. Ресейдегі аталмыш «Интурист отель» кейін сатылымға шығарылды. Кремль маңындағы бұл ескірген ғимарат бір кездері флагмандық қоналқылар да болды. Ол қазіргі кезде Ритц-Карлтон (Ritz-Carlton) болып өзгертіліп, күрделі жөндеуден өтті. Жанға жайлы демалыс, жуыну бөлмелері мен арнайы қауіпсіздік нысандары қамтылған бес жұлдызды қонақ үй кешеніне айналды. Қаладағы маңызды демалыс және көңіл көтеру орталығы саналады.
Кеңес одағындағы барлық «Интурист» қонақ үйі КГБ-ға қызмет етті. Шетелдік қонақтарды қарсы алуға арналған отель, шын мәнісінде шетелдіктерді бақылау міндетін атқарды. Ол шетелдіктерді жасырын тыңдағыш және бейнекамералармен қарсы алды. Барлық қызметкерлері шетелдік қонақтың басқан-тұрғанын түгел бақылауға алып отырды. Әсіресе «Интуристтың» жезөкше қыздары шетелдік маңызды тұлғаларды шырғалау мен бопсалаудағы ұтымды құрал болды. Осы жезөкшелер арқылы саяси және ірі бизнес тұлғаларының жеңіл жүрістерін, өзге де сөлекет әрекеттерін бейнекамераларға түсіріп, кейін көптеген мақсаттарға пайдаланды. Осының нәтижесінде, еліне қайтқан шетелдік қонақтардың басым көбі Кеңес Одағы туралы тек жақсы пікір айтатын болды. Себебі, компрамат арқылы саяси маңызды тұлғалардың бәріне қысым түсіріп отырды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Эстония астанасы Таллинде «Интурист» қонақ үйі арқылы жиналған компромат материалдар көрмесін ұйымдастырып, сол кездегі КГБ-ның сұрқиялықтарын бүкіл әлемге ашып көрсетті. Алайда, Ресей Кеңес одағының бұл ісін бүгін де жалғастырып отыр. Федералдық Қауіпсіздік Қызметі мұрагерлік еткен құпия полиция органы Владимир Путин қадағалаған 16 жылда компромат жасауда «табысты» түрде дамыды. Тіпті Путин өзіне қарсы саяси кұштердің көбін осы компромат арқылы қирата жеңіп, Ельцинның сеніміне кіру арқылы, федерация преизденттігін қолға келтіргені де әлемдік БАҚ-тың назарында. Британдық барлау агентінің Уашингтон саяси-іскерлікті зерттеу орталығына дайындап берген материялдарына сүйенсек, Ритц-Карлтон әлі күнге дейін, Доналд Трампты қамтыған шетелдік қонақтардан компрамат жинап беруші орын делінеді. Бұл туралы қонақ үй баспасөз қызыметі жауап беруден бас тартты. Тек «бізбен байланыс орнатқан жеке тұлғалар мен ұжымдардың құпиялығын сақтау туралы біздің өз ережеміз бар» дегеннен аспады.
Компромат әдетте шынайы көрінгенімен оны қолға келтіру тәсілі мен мақсаты түрліше. Тіпті, қолдану мақсатына қарай фото, видеолар өзгертулерге ұшырайды. Бұл саяси белсенділердің жақтаушылары мен отбасындағылар арасына өшпес дақ сала алатындықтан, бір түрлі қауіпті қару саналады. Қазіргі күннің өзінде Путинге қарсы ресейлік оппозиция күштері үшін компромат мәселесі үлкен кедергі келтіріп отыр.
Прага Халықаралық қатынастарды зерттеу орталығының сарапшысы Марк Галеотти осы реткі компромат оқиғасы туралы былай дейді: «Ресей жақ бұны ашық таратпайды. Бопсалау үшін де пайдаланбайды. Олай істейтін болса бұл Трампқа қарсы ашық соғыс жариялағанмен бірдей. Путинның әуелгі ойы бұл емес» (www.nytimes.com). Бастапқы мақсаты қалай болса да, хакерлік шабуыл, компромат істерінің артында Путинның тұрғаны белгілі болды. Осыдан кейін кейбір елдердің президенттерінің не себепті Путинның қас-қабағына қарайтынын түсінуге болады.
“The Qazaq Times”