Бүгін, 9 мамыр күні Мәскеудегі Қызыл алаңда жылдағыдай әскери парад өтті. Алаңда ұзақ баяндама жасаған Путин сөзінің көбін Украинадағы соғысқа арнады. Дегенмен, жұрт болжағандай Украинаға «ресми соғыс жариялау» болған жоқ.
Сондағы президент Путиннің айтқан сөзі
Қызыл алаңдағы сөзін президент Путин Ресей тарихындағы жеңістер туралы әңгімеден бастады. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы туралы сөзден кейін ол: «Қазір де сіздер біздің Донбасстағы жарандар үшін, отанымыз – Ресейдің қауіпсіздігі үшін күресіп жатсыздар», – деді. Ол сондай-ақ, фашизмді талқандаған «жеңімпаздардың қаһарман буыны» «бізге сақ болуды өсиеттеген» дегендей геп қылыпты. Бұдан тыс былтыр желтоқсанда АҚШ пен НАТО-ға қауіпсіздік кепілдіктері туралы ұсыныс тастағанын атай отырып: «... Оның бәрі текке кетті, НАТО елдері бізді тыңдағысы келмейді», – деген пікірін де ортаға салған.
Путиннің айтуынша олар (Украин және оны қолдаған Батыс. QT) «Донбасста кезекті жазалау операциясына дайындалып жатыпты», бұған қоса Киев ядролық қаруға қол жеткізудің ықтималдығына ие екен. Осылайша Ресейді алаңдататын қауіпті әрекеттері кезегімен болып, Донбасстағы соғысқа итермелепті.
Ресей президенті сөзінде ресейлік қарулы күштердің Украинадағы әрекеті «агрессияны тоқтатуға жасалған пәрменді соққы» ретінде аталды, сондай-ақ, Украинадағы әскери әрекет бірден бір дұрыс шешім болғанын қайталаған. «Донбасс қосындары Ресей әскерлерімен бірге өз жерінде соғысып жатқанын» айтқан Путин: «Сіздер ұлы отан соғысының жеңісін ешкім ұмытып қалмас үшін, өз отандарыңыз бен оның жарқын болашағы үшін күресіп жатсыздар», – депті.
Путиннің бүгін ғана әскери парад қарсаңындағы сөзін әлемнің көптеген ақпарат құралдары талдап жатыр. Оның Украинадағы өз әрекеттерін ақтаған сөздері қалай да қазіргі Мәскеу билігінің ұстанымын тағы бір рет айқындады және мәскеулік саясаттың жақын арада соғыс тоқтатуға, бейбітшілік келіссөздеріне келу ниетінің жоқтығына сыртқы әлемнің көзін тағы бір мәрте жеткізгендей болды.
Алтынай Мұрат