Тұтқын күйінде өлім құшқан Қытайлық жазушы, Нобель сыйлығының иегері Лью Шияубоның жерлеу рәсімінен кейін із-түссіз жоғалып кеткен әйелі Лю Ся Youtube желісіне 1 минуттық бейнежазба жариялады. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Бейнежазбада Лю Ся жағдайы жақсы екенін, ауыр қазадан кейін күйзеліске түскендіктен, жалғыз қалғысы келетінін жеткізген. Өзін іздеп жатқан достары мен жақындарына қазір ем қабылдап жатқанын, қалыпты өмірге қайта оралған соң, үйіне қайтатынын айтқан. Бейнежазбаның геолокациясы мен авторы көрсетілмеген.
15 шілде күні күйеуінің жерлеу рәсімінен кейін Лю Ся жоғалып кетіп еді. Оның қорғаушысы Джаред Сенсер БҰҰ-ға жолдаған хатында, оның жоғалып кетуіне Қытай Үкіметін айыптап, биліктен Лю Сяның тірі не өлі екендігі туралы ашық ақпарат таратуын және қолды болған азаматшаны денсаулығына зардап келтірілмеген күйде, жанұясы мен қорғаушысына қайтаруын талап еткен еді.
Лю Сяның өмірлік жары Лью Шияубо Қытайда көппартиялық жүйе орнағанын қолдайтын еркін ойлары үшін 2009 жылы 11 жылға түрмеге жабылған белгілі публицист, құқық қорғау қызметкері. 2011 жылы Нобель сыйлығының комитеті оны "Қытайдағы адам құқықтары үшін жалғыз күрескер" деп тауып, оған бейбітшілік орнату жолындағы еңбегі үшін берілетін жүлдені сырттай табыстады. Өйткені бұл әрекеті үшін Нобель сыйлығының комитетін қатаң сынға алған Қытай Үкіметі жолданған ресми хаттар мен өтініштерге қарамастан, оны марапаттау рәсіміне жіберген жоқ. Сол уақыттан бері оның әйелі Лю Ся да, ешқандай айып тағылмастан, үй қамағына алынған болатын.
Лю Сяның отбасылық досы Хью Цзя бұл бейнежазбаны жариялауға мемлекет мәжбүрлеген деп есептейді. Ол сонша жыл жазықсыз, ешқандай кінә тағылмастан және жазасы сотта кесілместен үй қамағында отырған, мемлекеттің қатаң бақылауындағы азаматшаның Қытайда тыйым салынған Youtube желісіне бейнежазба жариялағанынан билік хабарсыз дегенге сенбейтінін жеткізді.
Белгілі жазушының қатерлік ісікке шалдығып, шетелге емделуге бару туралы өтініш қанағаттандырмаған Қытай Үкіметі әлемдік қауымдастық тарапынан үлкен наразылыққа тап болып еді. Сол дертінен осы жылдың 13 шілдесінде көз жұмған Лью Шияубо мен оның әйеліне қатысты барлық деректер әлем жұртшылығының жіті назарында болып келді.
Қоғам қайраткерлері жоғалып кеткен Лю Сяның өзін іздемеуді өтініп жолдаған бейнежазбасын Үкіметтің өзіне әлем тарапынан көрсетілген қысымға қарсы жасаған әрекеті және айыпты өздерінен алып тастауға деген талпынысы деп бағалады.