Қазақстан үкіметі Ресейге салынған санкцияға қатысты болатын жаңа толқуларға дайын. Бұл туралы Үкімет отырысының кулуарында Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, көрші елге қарсы қабылданған шектеу шаралары республикаға тікелей әсер етпейді, бірақ үкімет қандай жағдай болса да дайын.
"Бәріне дайын болу керек, бірақ асыра сілтеудің қажеті жоқ. Министрлік аясында Ұлттық банктегі және Қаржы министрлігіндегі әріпсестермен бірге кез келген жағдайға дайынбыз. Дегенмен мұны біз төтенше жағдай деп есептемейміз. Санкция әсері мұнай, метал бағасының көтерілуі немесе түсуі, тіпті басқа көрші елдердегі экономиканың әлсіреуі кезіндегі жағдай сияқты болады деп есептейміз. Алайда бірден теріс әсер ете қоймайды", - деді ведомство басшысы.
Алайда ол "санкция ұзақ мерзімге созылатын болса бұл Ресей экономикасына да, Қазақстан экономикасына да айтарлықтай әсер етеді" дегенді айтады.
"Біздің мұнайымызды теңізбен әсіресе Новороссийскпен байланыстырып отырған мұнай құбырларына қатысты мәселе көтерілді. Санкцияда оған қол қойылмаған. Себебі америкалық Chevron команиясының өзі Каспий құбыр желісі консорциумының инвесторы. Сондықтан олар өздерінің конгресі арқылы мұндай транзиттік мұнай құбырларын санкция тізімінен шығаруға қол жеткізді. Яғни бұл бөлік бойынша жергілікті нарыққа мұнай шикізатын жеткізуде қиындық болмайды", - деді ҰЭМ басшысы.
Десек те Қазақстанның экономикасы көрші елдің экономикасына байлаулы екенін ескеру қажет. Себебі экономикаға әсер ететін тек мұнай нарығы ғана емес. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты, сауда қатынасы да ел экономикасын қалыптастыратын негізгі фактор.