Жергілікті тұрғындар тартылып бара жатқан Жайық өзенінің бүгінгі хәлі жөніндегі видео таратып, өңір экологтары аса ірі трансшекаралық судың таяздануы орны толмас зиянға алып келетінін айтып дабыл қаққаннан кейін экология министрі Серікқали Брекешев пікір білдірді.
«Жағдай шынымен күрделі. Одан хабардармыз. Мәселені бақылап отырмыз. Бірақ бәрі оңай шешіле салмайды. Су мөлшерінің азаюына көп фактор әсер етеді. Қазір мамандарымыз ресейлік мамандармен бірігіп, белгілі бір жұмыстар атқарып отыр. Жақын арада ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын» деді министр Азаттық радиосының тілшісіне.
Брекешовтің айтуынша, Жайық өзенінің тартылуы ғылыми тұрғыда жіті зерттелуі керек. Зерттеу қорытындысы мен бағалауына байланысты қаржы бөлу мәселесі талқыланбақ. «Себебі ғылыми зерттеусіз жұмысты жоспарлау күрделі. Мәселені ғылыми тұрғыдан қарастыру керек» дейді бас эколог. Ведомствоның апта басындағы мәліметіне сәйкес, Жайық бассейнін қалпына келтіру үшін Ресей тарапымен өзеннің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.
Экологтар өзен осы қарқынмен тартыла берер болса, балық жаппай қырылып, су тапшылығы туады, салдарынан мал да қырылады деп ескертеді. Түптеп келгенде, табиғат ресурсының сарқылуы, әсіресе, аймақ жұртын әлеуметтік-экономикалық жүйелі мәселеге ұшыратады. Мамандардың жанайқайы қаншалықты таяу екенін өзен орнында пайда болған шағын аралдардан көруге болады.
Белсенділер мен сарапшылар бұған табиғи фактордан бөлек Ресей-Қазақстан билігінің мемлекетаралық келісімді тиісінше іске асырмай отыруы себеп деп есептейді. Дегенмен министр Серікқали Брекешев Ресей тарапынан әлдебір кедергінің барын жоққа шығарады.
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Марат Машекеновтың ақпарат құралына берген пікіріне қарағанда, Ресей Қазақстанның Ириклин су қоймасынан секундына 60 текше метр су жіберуін сұраған өтінішінен бас тартып, тамыз айынан бері бұл меже небәрі 15 текше метр көлемінде жүзеге асырылып келеді.
Ашық деректердегі ақпарат бойынша, қазір батыс өңіріндегі су қоймалары 22%-ға ғана толтырылған. Қыста балық пен мал жаппай қырылуы және Атырау облысында бес бірдей аудан ауыз сызсыз қалуы мүмкін деген қауіп бар.