Ресей Қырғызстанға С-300 зениттік-зымыран кешендері мен дрондарын жеткізбек. Бұл туралы Қырғыз мемлекеті басшысының баспасөз хатшысы Галина Бәйтерек хабарлады.
24-25 ақпанда Ресейде өткен кездесу барысында Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Садыр Жапаров осындай уағдаластыққа қол қойған.
Ресми мәлімдемеде: «Тараптардың әскери-қорғаныс ынтымақтастығын жалғастыру бойынша келісімі маңызды. Атап айтқанда, жақын арада С-300 зениттік зымыран жүйелерін және ұшқышсыз ұшу апарттарын жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім Ресейдің, Қырғыз Республикасының, ЕАЭО мен ҰҚШҰ сыртқы шекараларының да қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам», – делінген.
Сегіз жыл бұрын Қырғызстан мен Ресей арасында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған. Келісім аясында Ресей Қырғызстанға 1 миллиард долларға заманауи қару-жарақ пен әскери техника берді.
Екі мемлекет те Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше. Қырғызстан аумағында Ресейдің біріккен әскери базасы орналасқан. Орталыққа Кант қаласындағы (Шу облысы) Ресей Федерациясының әуе базасы кіреді.
2016 жылы Ресей Қазақстанға 5 дана С-300 зениттік зымыран кешенін берген. 2015 жылдан бастап әскери-техникалық ынтымақтастық туралы қазақстандық-ресейлік шарт қолданысқа енгізілді. Аталған шарт аясында Қазақстанға бірнеше қару-жарақтар жеткізілуі тиіс. Бұл – Су-30СМ жойғыштары, Ми-171Ш пен Ми-35 әскери-көліктік және жауынгерлік тікұшақтары, радиотехникалық барлау және мониторингілеу құралдары, сондай-ақ, өзге де қару-жарақтар. Дегенмен, 2016 жылы Ресей «тегін берген» С-300 зымыран кешендерін жөндеуден өткізу керек болған.
ТМД елдерінің біріккен әуе қорғанысы жүйесін құру келісіміне қарамастан, Ресей Қазақстанмен екіжақты негізде біртұтас әуе қорғанысы жүйесін құруға ұмтылып келеді. Ресей батысында Беларусьпен, оңтүстік-шығысында Қазақстанмен осындай жүйе құрды. Ал 2016 жылы қазанда Ресей үкіметі оңтүстік-батыс бағытында, яғни Кавказ аймағында әуе қорғанысы жүйесін құру жөніндегі Армениямен келісімді мақұлдады. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей енді Қырғызстан және Тәжікстанмен әуе қорғанысының біріккен жүйесін құруды жоспарлайды.