Ресей мемлекеттік думасы да, Сенат та Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкестендіру туралы заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады. Бұл бастаманы Владимир Путинннің өзі былтыр қаңтарда ұсынып, «қазақстандық модельді» таңдаған. Енді 1999 жылдан бері биліктегі негізгі фигурант – Путин 2036 жылға дейін сол орында қала алады.
Әлқисса, наурызда Федерация кеңесі Путинге 2024 жылы өтетін сайлауға президенттікке кандидат ретінде қатысуға жол ашатын конституциялық өзгерісті қолдады. Президенттік мерзімді шектеуді жою туралы ұсынысты парламентке тарихтағы бірінші әйел ғарышкер, «Единая Россия» партиясынан сайланған депутат Валентина Терешкова енгізген.
Жаңа өзгерістер бойынша, жасы 35-тен асқан, Ресей аумағында кемі 25 жыл тұрақты тұратын, шетел азаматтығы жоқ және ешқашан болмаған, өзге елде ықтиярхатпен де тұрмаған адам Ресей президенті болып сайлана алады. Дегенмен мемлекет не оның бөлігі Ресей құрамына кейін қосылса, онда тұратын адамның азаматтығына қатысты бұл талаптар қолданылмайды.
Ресми мәліметтерде халықтың 77,92%-ы Путиннің басқаруына қолдау білдірген. Ал Ресей билігі шетел агенті тізіміндегі коммерциялық емес ұйым қатарына қосқан «Левада-центр» орталығы ұсынған мәліметте ресейліктердің 41%-ы Путиннің 2024 жылдан кейін президент болғанына қарсы екені айтылған. Оның билікте тапжылмай отырғанын сынға алған Кремль сыншылары Путин зейнетке кетуі тиіс деп санайды.
Посткеңестік елдердегі басқарудың бір-бірінен айырмашылығы көп емес. Путин билігінің транзиті басталған сәт Қазақстандағы саяси ахуалды еске салады: 2018 жылы мамырда Қазақстан Парламенті «ҚР Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңды мақұлдап, шілдеде экс-президент Назарбаев бекітті.
Құжатта «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі» екені жазылған. Оған президент, мәжіліс және сенат төрағалары, премьер-министр, мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігі жетекшісі, қауіпсіздік кеңесі хатшысы, бас прокурор, ҰҚК төрағасы, сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі және ішкі істер министрі мүше бола алады. Қауіпсіздік кеңесінің құрамын президент және кеңес төрағасы ақылдаса отырып жасақтайды.
Қауіпсіздік кеңесі 1991 жылы Қазақ ССР президенті болып тұрған Назарбаевтың жарлығымен ел тағдырына байланысты маңызды мәселелер шешілетін консультативті-кеңесші орган болып құрылған. Ол 1993 жылы Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі болып қайта құрылған.
Ал 2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін жариялады. Дегенмен, ол әлі күнге дейін мемлекеттік аппаратқа ықпалын сақтап қалған. Яғни Путин де мемлекеттік кеңеске шексіз құзырет иеленіп, қазақстандық жүйені үлгі еткен.
«Патшаның оралуына» реакция
Батыс сарапшыларының Ресейдегі ауыс-түйіс жайында пікірлері Қазақстанды айналып өткен жоқ. Де-юре тұрғысында Путин билігінің жартысы Думаға өткенмен, де-фактода ол барлық институттарға ықпал етуші күш атанады. Яғни бұл ойында Путин «қазақстандық нұсқаны» таңдаған: Қазақстанда президенттік жүйе болғанмен, экс-президент Назарбаевтың барлық саладағы ықпалы қос билік феноменін туғызып отыр. Демек, Путин бұл саяси ойында көрші мемлекеттің ізін жалғап, авторитаризмнің жарқын мысалын көрсетіп отыр дейді сарапшылар.
Франциялық Le Monde басылымы: «Басты дүние – 67 жаста болса да билікті басқарып отырған Путиннің саяси жүйесі. Мемлекеттік Кеңес, басқа да органдардың күшеюі әлі күнге дейін күмәнді. Бұл жайт 2019 жылы президент қызметінен кеткен, бірақ Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы ретінде саяси сахнада басты рөлін сақтап келе жатқан Қазақстанның бұрынғы басшысы Н.Назарбаевтың жоспарын еске салады», – деп жазған.
«Путин мырза өз билігінің кем дегенде бір бөлігін Дума құзырына өткізгенмен, мұрагер туралы жақ ашпайды. Медведевтен басқа, бұл рөлге кандидаттар ретінде Мәскеу мэрі Сергей Собянин, Қорғаныс министрлігінің басшысы Сергей Шойгу, вице-премьера Дмитрий Козак, бұрынғы оққағар Алексей Дюмин және Путин Мария мен Екатеринаны қосқанда ондаған адамды атауға болады», – деп жазды Financial Times.
Tvnet порталы:
«Бұл дауыс беруге баратындар лотереяға қатысып, көлік немесе пәтер ұтып ала алады. Мәскеу электоратты жандандыру үшін бәрін жасайды. Ресейдегі саяси оппозицияның Солтүстік Кореядағы немесе Қытайдағы оппозиция сияқты мүмкіндігі аз болғандықтан, өзгерісті күтудің қажеті жоқ».
Sandra Veinberga:
«Бұл ақымақтықтың бәрі Путиннің билікте мәңгі қалуы үшін ғана ойлап табылған. Тағы қандай тармақтар мен абзацтар болатыны маңызды емес, өйткені олардың басты маөқсаты белгілі. Билік Путинге өзге балама жоқ және адамдар оның билігіне қолдау білдіреді деп жалған мәлімет таратып отыр. Олардың халыққа тікелей сұрақ қоюға батылы жетпейді. Себебі биліктегілер қоорқады».
Politiken басылымы: «Билік халық алдында осалдығын көрсетті. Ұятқа қалды. Азаматтардың қалауын ескерместен Конституцияға өзгерістер енгізді. Биліктің алғашқы жиырма жылында Путин – ішінара президент, ішінара премьер-министр ретінде демократияны өлтіруге тырысқаны белгілі. Біз оның агрессивті саясатты жақтайтынын да жақсы білеміз. Бұған Қырым түбегін аннексиялауы, Украинаның шығысындағы соғыс, Сириядағы әскери қылмыстар және Еуроодақты тұрақсыздандырып, Батыс демократиясына қайшы әрекеттері мысал бола алады».
ERR:
«Мұның барлығы әлемге жалған бейне көрсетуге арналған: «жоқ, мен диктатор емеспін, халық мені билікте қалуымды өтінді» деген сарындағы әңгімелер. Шын мәнінде, референдум президенттің өткен мерзімдерін емес, елдің болашағын жояды. 1 шілдеден кейін Путин Ресейдің мәңгілік, ажырамас бөлігіне айналды».