Қазір шетелде 5 миллион қазақ бар дейміз. Шын мәнінде олардың саны қанша, өсіп жатыр ма, кемуде ме, оны нақты қадағалап, зерттеп жүрген ешкім жоқ. Бәлкім, бұл мәселені жаңа басшы тағайындалған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы алдағы уақытта қолға алатын шығар. Ол өз алдына бөлек әңгіме...
Жаңағы 5 миллион қазақтың көбі өзінің байырғы атамекенінде, қазаққа қарасты жерлерде отыр. Бұны тәптіштеп айтып жатуымыздың өз себебі бар. Өйткені, жаңа қаулап өсіп келе жатқан жас ұрпақты былай қойғанда, кейбір ел мен жердің тарихынан, ұлттың өткенінен хабары бар-ау дейтін азаматтардың өзі жаңылысып қалады. Ондағы қазақтың бәрін «нәубет жылдары ауып барған, қуғын-сүргінде қашып, босып кеткен қазақ»-қа жатқыза салады. Шын мәнінде олай емес.
Бұндай қате көзқарас жастарың ұлт тарихы, қазақтың бүтіндігі, бір тұтастығы жөніндегі көзқарасына кері әскер етуі ғажап емес. Рас, 1916 жылғы көтеріліс, 1928-1933 жылдар аралығындағы кәмпескелеу мен аштық кездерінде қызыл үкіметтің қысымына шыдамай, арғы бет ауып кеткендер көп болған. Бірақ, қытайға ауған көп ел 1960 жылдары шекара ашылғанда қайта бері өтіп алғаны тарихтан белгілі. Ал, бұрыннан өз жерінде отырған қазақтар қозғалмай қала берді.
Енді осы жерде «арғы бет» сөзі туралы сәл аялдай кетейік. «Арғы бет, бергі бет» деп қазақ шекараның ар жақ, бер жағындағы жерлерді атаған. Мәселен, қытай жағында тұрған қазақтар Қазақстан жерін «арғы бет» десе, бұл жақтағы қандастар қытай жағындағы қазақтар қонысын «арғы бет» деген. Неге? Қарапайым логикамен түсіндірсек, бұл жерлердің бәрі атамзаманнан қазақтың жері еді. Шекара түсіп, орыс пен қытай қазақ жерін иемденсе де, қазақ оны «қытай жері, орыс жері» деп атамаған, атағысы да келмеген. Тек бертінде, шекара әбден бекіп, екі елдің қазағы бір-біріне паспортпен қатынағанда ғана елдерді мемлекет атымен айтты. Ал, одан бұрын жалпы қазақ жерін жалпақ тілмен «арғы бет, бергі бет» деп атап жүре берді.
Осы арғы беттегі қазақтар бұл жақтан түрлі жағдаймен ауып барған қандастарына да көп қорған болды. Арысын айтсақ, ақ патшаның ұлығын өлтіріп, Семейден қашқан ақсақ Қиян, Табылды дейтін екі азаматтың ары асып, сол кездегі қытай меншіктене бастаған қазақ жеріне өтуі. Артынан үлкен ұлықтардың қысымымен екі «қашқынды» аға сұлтан Құнанбайдың өзі іздеп барады. Алайда, аға сұлтан салауатымен келген Құнекеңді сол жердегі қазақ жұрты хан көтеріп қарсы алады. Арнайы үй тігіп, алқалы жиын өткізеді. Алайда, өздеріне келіп паналаған екі жігітті ұстап бермейді. Олардың бірі қайтыс болған екен де, енді бірі сол елден қыз алып, сіңіп кетіпті. Ондағы ел «бұтаға қорғалаған торғай да аман қалады деген, керек болса құнын төлейік» деп азаматтарды жасырып қалады.
Ал, бергі тарихты айтсақ, ауа көшкен елден сырт, арғы бетті паналаған зиялы азаматтардың да қатары көп. Солардың ішінде Зият Шәкерімұлы да бар. Ол бір топ адаммен бірге Тарбағатайға өтіп, кейін Алтай бетін, оның ішінде Мәми бейсі ауылын паналаған. Сол жердегі Абақия мектебінде ағартушылықпен шұғылданды...
Мәми бейсінің ауылын паналаған кісілер туралы мына бір тарихи деректі де айта кетуге болады. Бұл туралы белгілі жазушы Шәміс Құмарұлы «Мәми би» атты кітабында келтірген. Ол бойныша: Сібірдегі сүргіннен қашып, Алтайдағы Мәми бидің елін паналаған Түсіп балуанды би ауылы жатырқамайды. Кейін бергі беттегі әйелі мен Рәбиға, Рәпия атты қыздарын да алдырып алады. Түсіп Алпақ атты ұл сүйіп, сол ауылда жаңа өмір бастайды. Ол найманның Өтей деген кіші руынан тарайды екен. Кейін Түсекеңе қара тартып, біраз жақындары келеді. Оларға жайлау, қыстау жер беріледі. «... Түсіптің арқасында Алтай бетінде Өтей ұрпақтары үсіп, молайып басқа рулар қатарында тіршілік етіп келді» дейді Ш.Құмардың кітабында.
Бұл жерде Мәми бейсі ауылы төңірегіндегі жағдай ғана айтылып отыр. Ал, бұл секілді мысалдар Алтай ғана емес, Тарбағатай, Іле секілді қазақтар тығыз қоныстанған өңірлерде мыңдап саналады. Басына күн туып, арғы бет асқан қазақтарды ондағы ел шет тепкен жоқ, басынан сипап, барымен бөлісті...
Бұл жайлар тарихи, көркем әдебиеттерде де қамтылған. Бір ғана мысал, жазушы Батырқан Құсбегиннің «Пана» деп аталатын романында әйгілі Шәріпқан дутың, (Алтай аймағының уәлиі) Зәтелбай көпестердің аштықта ауып барған елге күн сайын тайқазаннан ас таратып, өзек жалғап, өз-өздеріне келуіне үлкен көмек жасағаны айтылады. Бұндай мысалдар үлкен, іргелі ауылдардың көбінде болған. Олар ауып, босып барған ағайындарынан ас-ауқатын аямаған. Көбі сол жерге сіңіп, жер алып, елмен кірігіп, араласып кеткен. Алтай, Тарбағатай, Іле деп аталатын үлкен аумақта, ата жұртында қоныстанған қазақ аз емес. Демек, оларға паналап барған ел де, оларға қамқорлық жасап, қорған болған оқиғалар да көп. Оның бәрін тізбелеп айту міндет емес болар. Егер қажет болып жатса, ол үлкен зерттеуге арқау болатын дүние.
Соған орай, мен өзім мекен еткен жерімдегі бірер мысалды айтсам да, арғы бет асқан қазақтардың тағдыры туралы көп нәрсені аңдатуға болады.
Мен туған жер – қазір қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Алтай аймағы Буыршын ауданы, Дулайты деген ауыл. Бұл өңірде Өміртай би аталған жалпақ елге мәлім биі болды. Жергілікті ру шежіресіне қарап отырып, өз ауылымызда бірге өскен біраз адамдардың кезінде бергі беттен өтіп барған кісілер екенін байқадық. Одан бұрын білмейтінбіз. Себебі, «сен арғы беттен келгенсің, басқа елден көшіп өткенсің, бәленбайсың, түгенбайсың» деген сырт тебу болмаған еді. Сондықтан, ол кісілер де, ұрпақтары да тарихтан сол жерде туып-өскен адамдардай бірге жүріп, біре қайнасып кеткен.
Сонда барған елдің шежіреде жазылған біразын мысалға келтірейік. Руы ақ найман Сиқымбай деген кісі Тарбағатайдың Жайыр деген жеріне көшпек болып, жол түспей, Алтайға өтеді. Буыршынның Дулайты жеріндегі Өміртай бидің ауылына қоныстанады. Сексен жасында көрген баласына Сексенбай деп ат қояды. Қазір осы кісінің ұрпақтары бір қауым ел болып, сонда өмір сүріп жатыр.
Ал, осы ақ найманның Жәдігер ата ұрпақтары да Қазақстан жеріндегі Күршім ауданының Сарыөлең деген қонысынан ауа көшіп, Дулайтыдағы Байғара елінің Киікбай ауылдарына ірге теуіп, кереге жаяды.
Сарыөлеңнен көшіп барған тағы бір ауыл – Ғайнолла Жақыпұлы деген кісінің ауылы. Ол кісі жергілікті Байғара елінің Раздан имамымен бірігіп, егін салып, қосымша сауда істейді. Ауқаттана келе арғы бетке (Совет жері) өтіп, шөп машинасы, шөп тарақ, бұлық секілді ауыл шаруашылық техникаларын апарады.
Дулайты өңіріне қоныстанған тағы бір ауыл – найманның Бура руынан Байтері ауылы. Байтері 4 мың тұяқ қойы, 500-ден астам жылқысы бар бай кісі екен. Кәмпескеден қорқып көшіпті. Байтеріге Өміртай би Бестеректен қыстау, Көкжотаның Ашамайлы деген жерінен жайлау, Шібелеңнің басы мен Бесқайыңнан күзеулік, Көксіннен қыстау беріпті...
Руы найман ішінде Сарыжомарт болып келетін Нұрғазы Жанпейісұлы деген кісі де Күршім ауданының Жылытау деген жерінен көшіп, Дулайтыдағы Байғана еліне келіп қоныстанады. Нұрғазы аты шыққан үлкен ұста екен. Оны Байғара елі атын атамай «Дарқан» деп кеткен екен. 1947 жылы Дәлелхан генерал Нұрғазы, Әпенай қатарлы төрт ұстаны Буыршынға алдырып, 400 атқа таға соқтырады. Соңында он шене аттың тағасына темір жетпей, Нұрғазы қаңылтырды пісіріп, қалған тағаны содан соқтырыпты дейді...
Ал, Зайсан ауданы өңірінің Түйетас қайығы (Сексен дарасы) дейтін жерінде алғашқы кәмпеске басталғанда, Ыбырай би, Тұқби Жайлаубайұлы қатарлы 40 үй Алтай бетіне өтеді. Солардың ішінен Тұқби ауылын Байғараның Қылыш тәйжісі (тәйжі мәнсап аты) өз еліне, Дулайтыға көшіріп алады. Ақыл серік ағайыны етіп, қасында ұстайды.
Дулайты өңіріне, Байғара дейтін елдің ішіне келіп қоныстанған тағы бір ерекше ауыл – Ораз Мұхамед қажы ауылы. Ораз Мұхамед арғынның алтай руы ішіндегі Сармантай, Сармантайдан тарайтын Үкі дейтін кісінің ұрпағы екен. Ол кісі шар патшаның құрығына ілігіп, итжеккенге айдалады. Содан қашып, әйтеуір ес кетіп жан шыққанда Алтай бетіне өтіп, Мәми ауылына келелі. Мәми ауылынан оны Өміртай би өз жанына алады. 1905 жылдары бірге қажыға апарады. Арттағы бала-шағасын да мықты жігіттерін жіберіп, ұрлап көшіріп алады. Ораз Мұхамед те қажы атанып, Байғара елінің сыйлы адамына айналады.
Жоғарыда аталған кісілердің барлығының ұрпағы қазір Дулайты өңірінде, Алтай бетінде өсіп-өніп жатыр. Қазақстанға қоныс аударып, кезіндегі өз атажұрттарына оралғандары да бар. Бірақ, дені сол жақта. Бұл кісілерді ру, ел атымен атап жатқан себебіміз – шежіре негізінде жазылған деректің жібін үзбеу болса, екіншіден олардың көшкен жерінің атауын, тарихи фактіні сақтау деп біліңіздер.
Біз шағын жазбамызда арғы бет асқан қазақтар туралы бір ауыл төңірегінде болған жайды ғана тілге тиек еттік, баста айтқанмыздай екі миллионнан астам қазақ қаулап өсіп отырған Алтай, Тарбағатай, Іл аймақтарындағы елді пана тұтқан, сонда өсіп-өніп, кереге жайған, тамыр тартқан қазақтар туралы дерек пен мысал ұшан-теңіз. Олар жайлы том-том зерттеу жазуға болады. Біз тек өз шарқымызға қарай қысқаша мақаламен шектелдік.
Ал, бұл арқылы айтпағымыз – қазақ қашанда бір-бірін пана тұтқанда қамқор, қорған болған. Ағайынынан барын аямаған, іргесінен қоныс сайлап, жер беріп, өріс әперген. Ең бастысы, қара орман қазағы дегенде ықылас-ниеті түзу болған. Сонымен қатар, шеттегі қазақтың бәрі ауып барған қазақ емес, олар атамзаманнан өз жерінде отырған қазақ. Өйткені, кейінгі ауып барған қазақ далаға барған жоқ, сондағы тарихтан отырған өз қазағына қара тартып, пана тұтып барды. Тек бүтін қазақтың кейін орыс-қытай елдері шекара бөлгенде екі жақта қалып қойған жайы бар. Сөз соңында айтарымыз, «арғы бет» аталатын жер бөтен жер емес, ол қазақтың өз мекені. Арғы бет асқан қазақтың тарихы да бүтін қазақ тарихының бір бөлігі. Ал, арғы бетте бұрыннан отырған қазақтың тарихын білмей тұрып, асығыс сөз айту қандай азаматқа да үлкен сын болмақ. Сондықтан, «арғы бет» дегенді әлдеқайдағы бір дүниенің ар жағы деп емес, шекараның арғы бетіндегі өз ауылымыз деп санайық. Ендеше, өз ауылымыздың кешегісін де, сондай-ақ, бүгінгі жайын да біліп, көңіл аударып отырсақ адаспаймыз.
Мұрат Алмасбекұлы