Қазақстанның депозиттерге кепілдік қорымен (ҚДКҚ) бекітілген теңгеде салынған депозиттердің ең жоғарғы тиімді сыйақы мөлшерлемесі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді. ҚДКҚ бекіткен жоғарғы мөлшерлеме - 14%. 

Ақышевтың сөзінше, депозит бойынша мөлшерлеме Қазақстандағы инфляция деңгейіне, банктердегі өтімділікке, макроэкономикалық жағдайға және банктердің тәуекелдері мен шығындарына байланысты реттеледі.

"Біз депозиттер бойынша мөлшерлемелердің төмендеп жатқанын бақылап отырмыз және бұл процесті қолдаймыз. Банк секторындағы өтімділік деңгейінің жақсы болуына және инфляциялық процесстердің төмендеуіне байланысты депозит мөлшерлемесі төмендеуі мүмкін. ҚДКҚ жоғарғы "шекті" қойды, біз одан асып кете алмаймыз, төмен түсуге "ниетіміз" бар", - деді ол.

Сондай-ақ, оның сөзінше, қазіргі уақытта Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен қайтарылмайтын депозит мәселелерін талқылап жатыр. Яғни салымшыларға да, банктерге де тиімді болатындай депозитті уақытынан бұрын шешіп алмау шарты қарастырылады. Депозиттің бұл түрінің ерекшелігі сол– жылдық мөлшерлемесі көп болады, дегенмен уақытынан бұрын шешіп алу мүмкіндігі қарастырылмайды.

«Бұл үшін заңның біраз нормаларын өзгерту керек. Салымшы қандай депозит таңдайтынын өзі біледі. Бұл басқа депозит түрлеріне әсер етпейді. Қайтарылмайтын депозиттер бойынша мөлшерлеме жоғары әрі сома кепілдендіріледі. Бұл бойынша сұрақтар талқыланады", - деді банкир.

“The Qazaq Times”