Бір тәуліктің ішінде ұлттық валюта бірден 5 теңгеге құлдыраған.
Қазақстан қор биржасында (KASE) есептесуі T+0 теңгемен АҚШ долларының орташа сараланған бағамы бір долларға 325,77 (+4,05 теңге) теңгені, ал сауда-саттық көлемі – 160 800 мың USD (+73 000 мың USD) құрады.
Теңге бағамының бұл көрсеткіші осы жыл басталғалы бергі ең төменгі нәтижелердің бірі болып отыр. Жыл басында 310-312 шамасында болған теңгенің күн сайын төмен түсуі неге байланысты болуы мүмкін?
Мамандардың пікірінше, желтоқсаны айының соңына қарай және жыл басында теңгенің нығаюын мынадай фактормен түсіндіруге болады. Ай сайын, тоқсан сайын және жыл соңында компаниялар мен фирмалар мемлекеттік салық органына есеп береді, жұмысшыларына жалақы төлей бастайды. Жалақы да, салық та теңгемен төленетіні белгілі. Ал жыл соңында кейбір компаниялар мен фирмалардың сыйақы үлестіретіні тағы бар. Мұндайда теңгеге деген сұраныс артады да, доллар әлсірейді. Әрине, бұл және Ұлттық банктің әдейі теңге тапшылығын тудыратын өтпелі кезең.
Артынша теңге бағамы тікелей әсер ететін факторларға тәуелді болады да өзінің шынайы қалпына оралады. Олай болса, «Теңгенің долларға шаққандағы шынайы бағамын қалай есептеу керек?» деген сұраққа жауап беру маңызды. Бұл сұрақтың жауабын көрші Ресей валютасы рубльдің динамикасын басшылыққа алған дұрыс. Мұның бірнеше себебі бар: Қазақстан экономикасының жалпы сипаты Ресейге ұқсас. Екі елдің де бюджеті мұнай мен газдың бағасына тәуелді. Оның үстіне Қазақстан өзінің сыртқа сататын мұнайы мен газының басым бөлігін Еуропа елдеріне Ресей арқылы тасымалдайды. Яғни, Ресейдің сыртқа сататын шикізат бағасының өзгерісі Қазақстанның мұнайы мен газының белгілі бір уақыт аралығынада қаншаға саудаланып жатқанын дәл көрсететін индикатар. Олай болса, рубльдің өзгеріс динамикасы теңгеге сәйкес келеді деген сөз.