ЭКСПО-2017 көрмесін аралаушылар назарына басты нысан – жер шарын бейнелейтін «Нұр Әлем» сферасы ұсынылады. Оның әр деңгейі энергияның белгілі бір түріне арналған. Сфераның өзегінде қазақтың Ұлттық павильоны орналасқан. Онда қазақстандық ғалымдардың ең озық жобалары көрсетілген Қазақстанмен танысу аймағы және «Жасампаз энергия» аймағы бар. ЭКСПО көрмесіне мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 130-дан астам экспозициялары әкелінді. Екі тақырыптық павильонда энергетиканың эволюциясы, оның ХХІ ғасырдағы проблемалары және осы саладағы технологиялық өрлеу сәті көрсетіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесі аяқталған соң оның инфрақұрылымы одан әрі пайдаланылатыны туралы айтты.
– Бұл жерде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады. «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылады. ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады. Осылайша, еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін ЭКСПО-дағы «инновацияның тамыр соғысы» жалғасатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Көрме аясында Астана экономикалық форумы, Шетел инвесторларының кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті сияқты бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.