Шарқи Түркістан- شارقي تۇركىستان
Чин Түркістан- چين تۇركىستان
Шың Шысайдың Шыңжаңды он бір жыл билеп-төстеу кезеңі, Шығыс Түркістандағы советтік мәдени, саяси, экономикалық құбылысты өте қоюлатып жіберді. Яң Зың Шин мен Жин Шу Рінге қарағанда, Шың дубан советтік билікке саяси "есігін" ашып, ішкі қытаймен арасын алыстатты. Сонымен бірге, ішкі қытайдан келетін қаптаған қалың қытай мигранттарды кері қайтарды. Онымен қоймай орталық үкімет нұсқауына бойұсынбай, орталық биліктің наразылығына қарамай жеке аумақтық Конституция жасады, жеке байрақ, жеке әнұран, жеке валюта шығарды.
Диxуада (Үрімжіде) орыс және қытай тілінде сабақ беретін саяси, әскери институттар, мектептер пайда болды. Керек десеңіз, орыс тілі екінші тілге айналды. Шың дубан ішкі қытайға ұшып баруын біржолата тоқтатып, Мәскеуге жиі барғыштап кетті және Мәскеу үкіметі астыртын қаржыландырған, Гоминдаң үкіметінің көзіне сүйел болған әлсіз де аз санды қытай көменестерімен де жақсы байланыс жасап, олардың бетке ұстар адамдарын арнайы Диxуаға (Үрімжіге) алдыртты. Мәскеу билігіне наразы болып, Шығыс Түркістанға қоныстанған антисоветшіл, антикөменесшіл саясаткерлерді Шың дубан ұсағанын ұстап, атқанын атып, атпағанын топыраққа тірідей көміп көзін жойды. Мәскеу көмекке жіберген тұлғаларға биік мәртебе беріп, саяси қолғанаты қылды. Мәскеу Шығыс Түркістанның күншығыс қақпасы Құмыл уәлаятының аумағына әскери әуе базасын құрды, соның ыпқалында Ішкі қытайдан ешкім рұқсатсыз аттап кіре алмады.
Бұл фактор Шығыс Түркістандағы советшіл "Шарқи Түркістанның" пайда болуы мен саяси күшке айлалып кетуіне апарып соқты. Шың дубанның советшіл саясатынан үрейленген Орталық Гоминдаң үкіметі Шығыс Түркістаннан айырылып қалмас үшін, шетелге кеткен немесе Шың дубанмен теке-тіресіп ішкі қытайға қоныс аударған Шығыс Түркістандық тұлғаларды өзіне тартып, олармен санаса бастады, оларды арт-артынан орталық үкіметке шақырып, биік мәнсап беріп, солар арқылы Шығыс Түркістанға астыртын үгіт жасағысы келді. Нанжиң сияқты орталық Гоминданның астанасында газет-журнал шығарып, Шығыс Түркістандықтардың "Мәскеуге, Шың дубанға, көменестерге сенбеуін" нәсихаттады. Орталық Гоминдаң үкіметі бір мезгіл "Чин Түркістан" қадамына баруы осы кезеңде басталды. Онысы, саяси шарасыздықтан немесе Шыңжаңды советшіл, мәскеушіл Түркістандықтардан гөрі, демократиялы орталық қытайшыл Түркістанға бетбұрғызу, алдаусырату керек болды.
Кейін Шың дубан мен Мәскеудің ара қатынасы араздыққа ұласты. Шың дубан Шығыс Түркістандағы советтік тұлғалар мен әртүрлі советтік күштерді бір күнде-ақ шекарадан шығарып, олармен саяси, мәдени байланыста болған Шығыс Түркістандықтарды абақтыға тоғытты. Орталық Гоминдаң үкіметіне қайта жалт беріп, Шыңжаңдағы советшіл күштерді қидай сыпырды. Мәскеу де құр жатпай, Шың дубан үкіметіне қарата оқ атқан Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыстарды астыртын қолдап, солар арқылы Шың дубанмен "есеп айырыспақ" болды. Бұның соңғы нәтижесі советтік негіз бен қолпаштаудағы "Шарқи Түркістан үкіметін" дүниеге әкелді. Бұл құбылыс орталық Гоминдаңның ұйқысын қашырды. Өйткені, Шыңжаңдағы орталық үкіметке қайта қараған Шың дубан кезіндегі қалдық әскери күштер, саяси құрлымдар қауқары жоқ, соққыға шыдамайтын еді. Алда-жалда шарқилар Манас өзеінен өтіп, Диxуаға(Үрімжіге) басып кірсе, іс тіптен насырға шабады, сорлағанның көкесі сонда дей келе, шарасыздықтан саяси сауда жасап, әккілікке салынып, саяси әдіс-айламен шешуді қолға ала бастады. Ең әуелі, шарқидың артқы тірегі Мәскеумен құпия ымыраға келді. Сол арқылы, Шарқи әскерін Манас бойында ілгерлетпей торуылдатып қойды. Сондай-ақ, Шарқи әскерінің жартысын, көп азаматтарды ауылына қайтартып жасақ күшін сейілтті.
Ішкі жақтан Нанжиңде сонау жылдары жинап алған шығыс түркістандықтарға дереу Диxуада (Үрімжіде) үлкен мәнсап беріп, жеті уәлаяттағы xалықтың үш уалаяттағы советтік Шарқиға үн қосып бірігіп кетуінің алдын тосты. Бір мезгіл "Шарқи Түркістан"-ға қарсы "Чин Түркістан" яғни, Қытай-Түркістан үгіт-нәсиқатын жасады. Құжаттар, құрылтай керме тулары, саяси сабақтар, бәрінде уақытша "Чин Түркістан" ұранын көтерді. Чин-Түркістанды- советтен де "демократиялы, адам құқын қорғайды, әр xалықтың ұлттық құндылығын заңды қорғауға алады, жергілікті xалыққа саяси, әкімшілік мәнсап көптеп беріледі, жалаң қытай ұлтшылдығы жасалмайды, кемсіту болмайды, теңсіздіккке жол жоқ" т.б үгіт-нәсиқат желше гуледі. Ішкі қытайда 8 жыл жүрген Жолбарыс та, түрлі себептермен орталық үкімет құрамына орныққан Айсабек, Имн Бұғра, Мәсіғұдтар да осы кезеңде Нанжиңдегі үкіметтен Диxуаға (Үрімжіге) жөткеледі. Олар маңызды мәнсапқа тағайындалады.
Манас өзеніндегі әскери күшін қайта реттеп алған Шарқи Түркістан уақытша үкіметі бұл кезде Әлиқан төрені тұтқиылдан "жоғалтып" алып, сәл дағдарып тұрған кезі еді. Үрімжідегі түрмеден шыға салып, ұшақпен Құлжаға ұшып бара салып, екі-үш айдан соң Шарқи Түркістанның басына төраға болып отыра салған Ақметжан Қасмиды, әрине түсінбей қалған болуы да мүмкін. Бұл кезең "Шарқи Түркістан уақытша үкіметі" атауын және "азат шарқи түркістан" атауымен шыққан газет-журналдарды біржолата өзгертіп жатқан күрделі өзгерістер кезі еді. Қысқа мезгілде өте үлкен күшке айналған "Шарқидың" енді желі шыққан доп құсап бырысып бара жатқан тұсы. Советшіл шарқилар "азаттықты емес, жоғары автономияны алсақ деп,қолымызға лажысыздан қару алдық" дегенге сендіріп, орталық Гоминдаң үкіметінің Диxуаға (Үрімжіге) енді орнығып жатқан саяси күштерімен екіжақты келсім жасасу ойын ашық айтқан "қызықты дәуір" еді.
Сонымен не керек, көп өтпей "Біріккен Үкімет" құрылды. Үш уәлаят өз өкілеттерін, Жеті уалаят өз өкілеттерін ұсынады. Бұл кез- "Шарқи Түркістаншылдар" мен "Чин Түркістаншылдар" тартысының ең қызған кезі еді. Бір-бірлеріне арыз беру, домалақ қағаз жазу, астыртын соққыға жығу, соғып кету, ереуіл жасап наразы болу жилеген кез. Бір-бірінің өкілетті тұлғаларын мойындамай ақыр аяғы "Біріккен Үкімет" тарап кетті. Бұндай оқиға Нанжиң мен Мәскеу үкіметіне "бала бақшадағы балалардың төбелесі" сияқты қызықты "ойын" болды. Екі ірі елдің саяси "керегіне" айналған "Түркістан" ұраны осылай ырду-дырдудан, жік-жікке бөлінуден көз ашпауға әкеп соқты. Нанжиңдегі Гоминдаң үкіметі "Шыңжаң Мәселесі" үшін қатты алаңдаулы еді, өзі құжат қабылдап үгіттеген "Чин Түркістан" ұранының әлсіз де болса "жеміс" бергеніне саяси қуанышы мол еді. Десе де, терістікте күшейіп келе жатқан Мао үкіметінің мәселесін шешу тіптен алаңдататын. Өйткені, Мәскеу "Шарқи Түркістан" арқылы есеп айырыспаса да "Мао үкіметі" арқылы есеп айырысатыны ап-анық еді.
Орда ЕЛДЕС
"The Qazaq Times"