«Найзағай жарқ етті. Көп ұзамай аспан айырылғандай күңірене күн күркіреді. Қара түнекті ақ сәуле таспадай тіліп өтті...» Бұл менің қолымдағы 2003 жылы Алматыдағы «Қазақпарат» баспасынан шыққан Талаптан Ахметжанның «Мұң» атты хикаяттары мен әңгімелер жинағындағы «Нобель сыйлығы» деген хикаяттың басталуы. Кітапты «біссмілла» деп ашқаннан, Шәкерім атамыздың «Жалғанның бір пайдасын көргенде арланбай арыңды да сатасың...» деген сөзімен басталған осы хикаят мені өзіне тарта берді. Жеті қат аспанның арғы жағындағы аппақ періште Алланың әмірімен жер бетіне түсерін білгенімде, мен адамдар үшін ұялдым.

Ар-ұят періштесі адамзаттың ар-ұятын оятамын деп келіп, жер бетінен ең алғаш көргені ақ қоңыздай домаланған жедел жәрдем машинасы. Ол «Жын қаққандай құйын-перен зымырап келеді». Осыдан бастап періште адам өміріндегі келеңсіздіктің төбе құйқаңды шымырлатар шындығын көреді. Автордың періште қиялы көз алдыңда көлбеңдеп ұшады да қояды. Бүгінгі нарықтың қыл бұрауында қысылып тұрған заман шындығы шырылдап, шын сырын жайып салады. Азғынданған адамдардың арасындағы дүниеқоңыздары, маскүнемдері, жезөкшелері, ғұламаның ұлы сияқты адамнан адам жасаймын деп асқандары, тіпті, мешіттегі имамның да имансыздығы, періштенің көзінен таса қалмайды. Жер бетіне соғыс өртін жайып, бір-бірін қырып жатқан, қырық пышақ Адам ата мен Хауа ананың балаларын көргенде Періште адамдарға маза беруді қояды. Ол әр пенденің құлағынан ар-ұят намысы болып, жегідей жеген үнге айналады, қыз болып көздеріне келеді.

Осы бір мазасыздықтан құтылу үшін жер шарының адамдары бірлесіп ем іздеуді ұйғарды. Жай ғана ұйғарып қана қоймай, ем тапқан білгірге Нобель сыйлығын тағайындамақшы болады. Жер бетінің адамдары бұл құбылыстың сыры мен шынына үңілместен, періштені қалай жою жәйін ақылдасады. Олар жақсылық үшін күреспей, жамандық үшін, ізгілікті құрту үшін тер төгеді. Сыйлықтың атын естігенде атаққұмар пенделер жатпай-тұрмай ойланады. Сол қаланың ең атақты білгір ғұламасы тауып шыққан амалын естігеніңізде ұяттан кірерге тесік таппай өртенесіз. Оны адамдар ұйықтағанда басына жастанып, оянғанда қалтасына салып жүретін болды. Оны көрген періште ұялғаннан теріс айналып кетті. Пенделердің ар-ұяттан безгені соншалық, олар періштенің өзін ұялтады. Оларға ар-ұят ұрығын себуге келген періште адамдардың арасына енді жақындай алмайды. Алла-тағаланың тапсырмасын орындай алмаған періште «Қайтадан жерге қона алмай, аспанда әлі ұшып жүр...» Ол Иранбаққа да қайта алмайды, өйткені, оның міндеті орындалмаған.

Шығарманың тілі қарапайым, әрі түсінікті, оқуға жеңіл. Шым-шытырық, қат-қабат оқиғалар желісі бір-бірімен періштенің ойы арқылы ұштасып жатады. Бір уақытта әлемнің әр қырынан көрініс тауып, шыр-пыр болып, мұхиттың арғы бетінен бергі бетіне ұшып жүрген періште арқылы сабақтасады. Шығарманың ауқымы кең, жаһандық проблемаларды көтереді. Оқиғаның айтар ойы ар-ұят, имандылық. Періште мен Әзәзілдің күресі нені ұқтырады? Адамдардың өзі сол Әзәзілге айналып кеткен жоқ па? Адамдар періштеге, ар-ұятқа оқ атты.

«Екі оқ та қыздың арғы жағында тұрған генералға тиді. Қыз сап-сау, генерал сылқ етіп құлап түсті. Бір топ офицер өз көздеріне-өздері сенбей сілейіп тұрып қалыпты. Періште жоқ болып кетті.» Бұған жұрт таңырқағанымен ол туралы ойлана алмайды. Өйткені, олардың жүрегі адамның жүрегі емес. Әзәзілдің жүрегі. Солар жаратқанның адам игілігі үшін силаған жер ананы сау тамтығын қалдырмай, ол жерін бір, бұл жерін бір жаруға кірісті. Періште: «Тоқтатыңдар бассыздықты. Жердің күлін көкке ұшыратын сендер кімсіңдер, жерді сендер жаратып па едіңдер?» - десе де, оған тоқтамайды. Себебі, адамдар жердің жаратушысы бар екенін ұмытқан. Оларға кінәсіз сәбилерді танкының табанымен таптап өте шығу түк емес. Адам терісін жамылған осынау пенделердің шайтан торына шырмалғаны сонша, олардың ар-намысы әбден құрықталған. Олар оянудан қалды ма деген үрей санаңды билеп, сан ойдың жетегінде кетесің.

Дегенмен, автор содан шығар жолды да сілтеп тұрған сияқты. Ол – Алланың ақ жолы. Имандылық. Періште қоқыстың арасынан алып шыққан екі маскүнемді жуындыртып, ауыздарына сөз салады. « Ей, Алла, бізді тура жолыңа бастай гөр!» – деп екеуі жарыса қайталай бастады. Сонда түр-түсі қашқан Әзәзіл құйынға айналып, шыр көбелек үйіріле алыстап кетті». Автор біздегі жалғыз жол осы ғана екендігін, періште жетегіндегі ғұмыр нұрлы, шырайлы, үйлесімді өмірге бастайтындығымен, әзәзіл жетегіндегі ғұмыр жиркенішті, оның аяғы құрдымға апаратындығымен түсіндіреді. Негізгі ой осындай алуан оқиғалар желісімен бір жерге шоғырланып шешімін табады да, оқырманға ой тастайды. «Нобель сыйлығы» бүгінгінің көкейтесті мәселесін адамзаттық аренаға көтерген шығарма. Автордың айтары ауқымды, періште әлемнің ол шетінен бұл шетіне бір ел, бір қала емес, жалпы адамзатқа ар-ұят ұрығын себу үшін жанталасады. Басты кейіпкер періште болса да, оқиға шындыққа жақын. Періштенің көргендерінің бәрі шынайы өмірден алынған. Банктың алдындағы зейнетақысын алуға тұрған қарттардың ұзын-сонар кезегі мен банктың ішіндегі жемқор бастықтардың қымқырған ақшасын санауға үлгере алмай отырған салыстырмалы көрінісі, жер мен көктей айырмашылықтары бүгінгі біздің қайнаған ортамыздан алынған.

Жалпы, шығарманың өн бойында мұң жатады. Періштенің не адамдардың ортасына қона алмай, не Иранбаққа қайта алмай, әуеде қалықтап қалуының өзі үлкен қасірет. Осы арқылы автор адамдардың әзәзілдің жетегінде кетіп бара жатқанын толық аңғартады. Шығармадан көрінетін автордың басты ерекшеліктерінің тағы бірі – жазушы адам жан дүниесімен ғарышты байланыстыруға тырысады. Пенделік пиғыл мен имани көзқарастарды сабақтастырып, болмыстың мәнін ашып, ақиқатты тануға құлшынады. Жер бетіндегі адам баласының билігі ғарышпенен байланысып жататын, адамдардың өмірі жаратушыға тәуелді екенін аңғартады. Заманымызда осындай шығарманың жазылуы автордың көрегендігі, әрі біздегі бостықты толтырар ауадай қажет толғаныс. Бүгінгі қоғамның жұтаңдығын жүрегімен сезген жазушы қазіргі қазақ прозасында қалам тартып жүрген өз қатарластарынан осы ойлармен өзгешеленеді. Адамзаттың еуроцентритік көзқарас аясындағы дінсізденіп бара жатқан бағытының барар жері құрдым. Сол құрдымнан құтқарар – Талаптан Ахметжан сияқты тура жолды нұсқай алар жазушылардың ар-ұят ұрығын себуге талпынған періште қиялдары. Тозып бара жатқан топырағымызды қорғау үшін, алдымен әр пенде өз бойындағы Әзәзілмен күресуі тиіс.

Нұрбәтима Байтұрсын

«The Qazaq Times»