Ресей президенті Владимир Путин бір күн бұрын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен кезде Украинамен бейбітшілік келісім бойынша өзінің талаптарын айтқан. Путин-Ердоған арасындағы телефон диалогы бір жарым сағатқа созылған.

Байқап отырғанымыздай Түркия соңғы уақыттарда ара ағайын ел болуға барынша күш салып жатыр. Бұл арада Түркияны белсенділікке итермелеген өз мүддесінен бөлек Батыс ықпалы да бар. Украинаға қолдау көрсетіп келе жатқанымен НАТО немесе АҚШ Украина мен Ресей ортасында жарастырушы бола алмайды. Үйткені Ресей Украинаға дәл сол НАТО мен АҚШ мүдделеріне тосқауыл қою үшін де ылаң салып отыр.

Түркия президентінің кеңесшісі Ибрагим Калин BBC-ге берген жауабында Ресейдің талаптарын «ауыр талаптар» және «жеңіл талаптар» деп екігі бөліп бағалаған. Ресей президентінің Украинаның бейтараптық ұстанымды қабылдауы және НАТО-ға кірмеуі қатарлылар шарттары Украина үшін оңай қабылдауға болады деп санайды Калин.

Дегенмен, Ресейге қауіп төндіргені үшін Украинаның құралсыздануы, денацификациялау және орыс тілінің қорғалуы сынды талаптары Зеленский басқарып тұрған қазіргі Украина үшін ауыр соғады.

Украина мен Ресей президенттері бір-бірімен бетпе-бет кездесіп сөйлесуге дайын екенін айтып келеді. Бірақ, екеуі жүзбе-жүзі кездескен күннің өзінде де бір де екілі кездесумен тұтас қайшылық шешіліп кетуі екіталай. Екі тарап үшін де Донецк пен Лугансктың және Қырымның статусы бойынша келісімге келу тіптен ауыр. Ресейдің ауыр талаптары арасында 2014 жылы заңсыз аннекциялап алған Қырымды Украина тарабы Ресейдің территориясы ретінде ресми мойындауы керек.

Ресейдің талаптарына келіскен жағдайда не болады?

Украинада ғана емес, әлем елдерінде де бұл келісім Путиннің жеңісі қатары бағалануы әбден мүмкін. Ресейдің өз ішінде мемлекеттік арналардың жетілген саяси пропагандасы бірер апта ішінде ресейліктерді жеңістің буына ұрындырары сөзсіз. Бұндай жағдай Украина үшін, оның қазіргі үкіметі үшін тым ауыр, Уркиана мемлекеттік тұтастығы мен ұлттық бірлігі тағы бір үлкен сын қатерде қалады.

Ең жаманы, келісім Мәскеу талаптарына негізделе отырып және жан-жақты жасалғна жағдайда болашақта Украинаға әскери операциялар жасаудың жүздеген сылтауы дайындалып қойылады.

Кейбір түйткілді мәселелер де бар.

Ресейдің талаптары бір қарағанда осыншама соғыс жүргізіп, мыңдаған адамның өмірін қиюға тати ма деген сұрақтың туары заңды. Мәселе Путиннің ұзақ мерзімдік ұлттық мүдде тұрғысынан АҚШ-қа қарсы әрекетінде болып отыр. Былайша айтқанда, Мәскеу бауырлас әрі көрші Украинада соғыс зардабының ауырлығына қарамастан қалайда АҚШ-тың мысық табандап алға басқан қадамдарына тосқауыл қоюды мақсат еткендігінде.

Қалай болмасын соғыстан ең ауыр зардап шегетін тағы да Украина мен оның қарапайым халқы болмақ. Бір ғана бомба күйреткен тұрғын үйді қалпына келтірудің өзі бірер айды қажет етеді, ал Украинада соғыс қиратқан ауылдар мен қалаларды қалпына келтіру үшін қаншама жыл мен қаншалаған ұрпақтың өмірі зая кетеді.

The Qazaq Times