Қырғызстанның Шекара қызметі қырғыз-тәжік шекарасында құрал қолданған жанжал болғанын мәлімдеді. Қазірше тараптардан зардап шеккендер туралы анық мәлімет жоқ. Ал жанжал бойынша диалог жүріп жатыр.
Кезекті шекаралық жанжал бүгін түстен бұрын сағат 10:50 шамасында, Баткен облысының Тескей деп аталатын әлі де бекітілмеген шекаралық аймақта болған.
Қырғызстан ақпарат құралдарының мәліметіне сенсек, тәжікстандық шекарашылар бекітілмеген шекара аумағында осыған дейін қолданылып келе жатқан жүру бағытын өзгертіп, қырғыз шекарашыларынан сол аумақтан шығып кетуді талап еткен, жанжалға осы себеп болған.
Артынша тәжік шекарашыларына қосымша күш келіп қосылып, сан жағынан басымдыққа ие болған тәжік шекарашылары жаңа шектеу сызығына кіруге тырысқан. Қырғыз тарап олардың бұл әрекетіне жол бермеуге тырысқан. Нәтижесінде тараптар 10 минут бойы оқ атысқан.
Қырғызстан Шекара қызметі таратқан ресми мәліметте оқ атысудан зардап шеккен қырғызстандықтардың жоқ екені айтылды.
Атыстан кейін екі ел шекара қызметінің лауазымдылары телефон арқылы сөйлесіп, атыс болған аумақтан шекарашыларды кері қайтару және қосымша күш тартпау туралы келіскен.
Түске қарай екі ел шекара қызметінің өкілдері кездесу өткізген.
Қырғызстан Ұлттық Қауіпсіздік Мемлекеттік Комитетінің мәліметінше, Тескей жері мемлекет аралық шекараның бекітілмеген аумағы саналады, қазір аумақты қырғызстандықтар пайдаланып келеді.
Жанжалдан кейін Баткен облысындағы қырғыз шекара қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.